Сараптама

"Ақылтай" Құрылтайға қандай "ақыл" айтады?

"Ақылтай" Құрылтайға қандай "ақыл" айтады?

"Ақылтай" Құрылтай

Құдайдың бергені ғой, Құрылтайда "Ақылтай" деген "бала" өмірге келді. Өмірге келгенде, тоғыз ай толғатып, пұшпағы қанаған адам жоқ. Бейнелеп айтсақ, "Ақылтайдың" түп атасы – терминатор. Яғни жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін робот-көмекші. Айырмашылығы, терминаторда күш мол болса, "Ақылтайда" ақыл көп. Арғы "атасына тартпай қалған" тағы бір тұсы – біздің робот саңқылдап сөйлегені болмаса, әзірге "барып кел, шауып келге" жарамайтын сияқты.

Өткен аптадағы ең ірі жаңалық осы болды деп шамалаймыз. Аспаннан "доллар жауардан" бір күн бұрын, яғни 11 қараша күні "Ақылтай" Құрылтайдың кіреберіс залында "тұрып" сөйлеген. Түсінген адамға бұл үлкен жаңалық еді. Алайда "дауасыз" жұрттың назары "дауыл көтерген" долларға ауып кетті де, "Ақылтай" мүлде ескерусіз қалды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Құрылтайдың "құлынына" қайыра соғуды жөн деп санадық.

Енді жаңалықтың жай-жапсарына келейік. Ресми ақпаратта "Цифрлық көмекші Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті аясында әзірленді" делінген. "Аясында" деген сөздің мәні біз үшін аздап бұлыңғырлау көрінді. Дегенмен "Ақылтайды" не осы комитет, не осы комитеттің қатысуымен өзге де қатысушылар қатырып жасап шыққаны анық. Құрастыруға шамамен 3-4 апта уақыт кеткен.

Былай қарасаңыз, әп-әдемі. Басы – монитор тәрізді төрт бұрыш. Есесіне, бадырайған екі көзі бар. Түймесін түртіп жіберіп, сауал қойсаңыз, саңқылдап тұрып екі тілде жауап береді. Қапталына "жабысыңқырап біткен" екі қолы қозғала ма, әлде сәндік үшін "қойылған" ба, бұл жағы белгісіз. Ал белден төменгі тұсы қалыңдықтың жерге төгілген көйлегінің етегі секілді дөңгеленіп біткен.

Сол 11 қараша күні ғой, бір топ депутат "Ақылтаймен" шүйіркелесіп, мәз болып қалды. Робот-көмекші Құрылтайдың бүгінгі күн тәртібінде қандай мәселелер қаралатынын айтып беріп "жатқан". Жанарбек Әшімжан тұтқиылдан: "Комитеттің жұмысына қандай баға бересің, өзің?" деп қойып қалды. "Ақылтайдың" не жауап айтқаны белгісіз, кадр қиылған жерді депутаттардың күлкісі басып кеткен. Ал Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиевтің айтуынша, "Ақылтай" ақпараттарды талдай алады. Бірақ баға бермейді".

Ал неге баға бермейді? Міне, біз үшін осы сұрақ қызық. "Ақылтайдай" ақылымыз болмаса да, енді бұл сауалға өзіміз жауап іздеуге тырысайық. Білесіз ғой, Құрылтай – әркім "аузына келгенін" айтатын баяғы парламент емес. Бұрын Мәжілісте жаманды-жақсылы айтыс-тартыстар болып жататын. Әсіресе Ермұрат Бапи, Ринат Зайыт, Бақытжан Базарбек секілді депутаттар кейде "дау-дамай" көтеріп, парламенттің ішін "базар" жасайтын. "Халқын аямайтын үкіметтен тұратын мемлекетпіз" деген сөзімен парламенттен кеткен Гауһар Танашеваның пайымы тарихта қалды. Билікке жақын "Ақ жолды" ұзақ жыл басқарған Азат Перуашевтің өзі "Штрафстан" дейтін "ныспыны" жоғары биліктің "маңдайына шаптай" салды.

Ал қазір ше? Құдайға шүкір, Құрылтайда ондай "бейәдеп" кісі жоқ. Депутаттардың барлығы тату. Сұрақтарын да сауатты қояды. Баяғы біреумен біреу "кергілесіп" жататын заман келмеске кеткен. Құрылтайдың іші – құрқұлтайдың ұясындай жып-жылы. Мұны "Ақылтай" тұрмақ, ақымақтар да тегіс біледі. Ендеше, "Ақылтай" неге басына "бәле тілеп", әлденеге баға беруі керек?! Енді түсіндіңіз бе, мәселені?!

Біздіңше, "Ақылтайдың" ақыл-парасатын Құрылтай мен халықтың кәдесіне жарату үшін робот-көмекшіні "көтеріп", сыртқа шығарған дұрыс. "Маңдайын" күн сүйіп, "кекілін" жел тараса, "Ақылтай" сөзсіз "ашылар" еді. Содан кейін кез келген саяси сауалыңды қоя бер! Ең құрса, дүйсенбі – іште, сейсенбі – сыртта тұрса да, Құрылтай мен халықтың арасына – дәнекер. Өйткені білесіз ғой, Құрылтайдың қатаң тәртібі "жайнауыз" журналистердің де "тілін қысқартты" қазір.

Ал Құрылтайдың робот-көмекшісі сыртқа шықса не болады? Не болғаныңыз не, кейбір шенділерге жете алмай жүрген жұрт барып, "Ақылтайдан" ақыл сұрамай ма?

–      Айналайын, "Ақылтай", Құдай бере салған құлдығым, айта қойшы, осы Жұманғариннің салықты көбейткен үстіне көбейте бергені несі, дені сау ма, өзінің? Айтпақшы, мұның әйелі бірер жыл бұрын "үйде жатып", 88 млн теңге табыс тауып еді. Сонда әйелі қанша салық төлепті?

"Ақылтайдың" ақылды екені рас болса, мұндай сұрақтың бірде-бірін жауапсыз қалдырмауы тиіс. Қызығы, робот-көмекшінің көмегіне жүгінетіндер тек қарапайым халықпен шектелмейді. Айтқаны айдай келетін "Ақылтайдың" бірер жауабы мен болжамы расқа шықса, Құрылтайдың алдын шенді-шекпенділер төңіректеуі мүмкін. Оларды қандай сұрақтың қызықтыратыны белгілі ғой. Мысалы:

–      Ақылтай Құрылтаевич, айтыңызшы, бізде 4-5 чемодан ақша бар еді. Соны ертең терезеден лақтырып жүрмес үшін қай жерге жасырғанымыз дұрыс…

Біз айтқандай күн туса, "Ақылтай" келесі күні ішке "кіреді". "Сырттағылар не деп жатыр?" деп сұраса, Құрылтайға қажетті біраз дүниенің беті ашылғалы тұр. Әрине, барды-бардай айта салатын "Ақылтай" ақымақ емес қой. Кімнің не дегенінің бәрін өзі ішінде сараптап, қорытып барып, "арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей" жауап береді. Міне, бұл Халық – Құрылтай – Билік дейтін үш тармақтың арасын бітістіретін әдемі әдіс болар еді.

Бұдан да жақсысы – "Ақылтайға" аяқ "жасап" берген ғой. "Ертең анау не дейді екен?" деп тон пішіп, әуре болмай, қазіргіні қазір біліп отырасың. Оның үстіне кейде "іші пысқан" жұрттың парламенттің алдына келіп, "Бәленше, сыртқа шық!" деп айғайлайтынын талай мәрте көргенбіз. Ондай жағдай туа қалса, "сен шық, мен шық" деп "бұғынып" отырғанша, "Ақылтайды" жүгіртіп жіберген әлдеқайда тиімді емес пе?

Қысқасы, біздікі тегін кеңес. "Ақылтайды" әлі де жетілдіргелі жатқан комитет мұны ескере ме, ескермей ме, өздері білер. Тек бір мәселе бар. Егер ескермесе, "сөзуар" қазақ "Құрылтай бізден "Ақылтайдың" ақылын да қызғанды" деген әңгіме шығаруы мүмкін. Мұның несі жақсы енді?!

Сансызбай НҰРБАБА

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: Ақылтай
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз