Өскен қарыздың қаупін Жұманғарин қалай "жұмсартты"?
Өткен аптада ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдағы брифингте Қазақстанның неліктен сырттан жиі қарыз алатынын түсіндірді.
Министрдің ойынша, бізге қолда бар қаражатпен шектелмеу керек. Нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін тәуекелдерді алдын ала есептеп, халықаралық қаржы институттарынан немесе басқа да сыртқы көздерден қарыз тарту – дұрыс шешім. Бұл қосымша қаражат инфрақұрылым, өндіріс және басқа да маңызды салаларды дамытуға мүмкіндік беріп, экономикалық өсуді жеделдетеді.
Осылай деген ұлттық экономика министрінің сөзінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 20,9 пайызын құраған.
Жұманғариннің мәлімдемесіне сүйенсек, біз қарызы төмен елдердің қатарына жатамыз. ЖІӨ-ге шаққандағы қарызы 100 пайыз, тіпті 200 пайыздан асатын елдер бар. Біз қанша қарыз алатынымызды, қалай алатынымызды және кімнен алатынымызды өте мұқият қадағалап отырмыз.
"Қарыздың басым бөлігі, шамамен 75 пайызы ішкі қарыз. Біз оны ішкі нарықтан аламыз. Бізде Ұлттық қор сияқты жеткілікті көлемдегі буферлік капитал бар. Бұл тұрғыда Қазақстан азаматтары алаңдамаса болады. Біз қарызы төмен мемлекеттердің қатарындамыз", – деді Серік Жұманғарин.
Алаңдау керек пе, жоқ па?
Сөйтіп, министр "қарызымыз көбейіп барады" деп алаңдауға негіз жоқтығын, барлығы бақылауда екенін тәптіштеп түсіндірді. Ал салалық мамандар былтыр Қазақстанның қарызы бір жылда 17 млрд долларға өскенін, бұл елдің қаржы тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екенін айтып жүр. Мәселен, Ranking сараптамалық порталының дерегінше, мұндай өсім кейінгі 17 жылда алғаш рет тіркелген. Бұған дейін қарыз динамикасы бірде азайып, бірде көтеріліп, бірқалыпты деңгейде сақталып келген.
Сондай-ақ былтыр қарыздың тек абсолюттік көлемі емес, оның экономиканың жалпы көлеміне (ЖІӨ) қатысты үлесі де артқан. Егер компанияаралық берешекті қоса есепке алсақ, қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы қатынасы 56,6 пайыздан 59,4 пайызға дейін көтерілді. Ал бұл компанияаралық берешекті алып тастағанның өзінде, қарыздың ЖІӨ-ге қатысты көрсеткіші былтыр 25,3%-дан 30,1%-ға дейін артты. Сарапшылар бұл сандарға қарап Қазақстанның сыртқы нарықтағы қарызға тәуелділігі артып келе жатқанын және өтімділікке қатысты тәуекелдердің туындауы мүмкін екенін еске жиі салады.
Салалық мамандардың пайымдауынша, сыртқы қарыздың құрылымына үңілсек, негізгі өсім банк секторы мен мемлекеттік басқару органдарына тиесілі болған. Былтыр екінші деңгейлі банктердің қарызы бір жылда 39,4 пайызға (5,2 млрд долларға) өскен. Мемлекеттік органдардың қарызы 25,3 пайызға немесе 3,2 млрд долларға ұлғайған. Компанияаралық берешектер былтыр 1,4 пайызға азайған. Десе де, Қазақстанның жалпы қарызының жартысынан астамы әлі де осы бағытқа тиесілі.
"Аналитик" талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, "сыртқы қарызымыз ЖІӨ-нің көлеміне шаққанда аз" деп арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, әр кезде де тәуекелдің бар екеніне алаңдау қажет.
"Қазақстанның қарызына қатысты ең алғаш 2011 жылы қаржы министрі болып тұрған кезінде Болат Жәмішев: "Сыртқы қарыздың мөлшері Қазақстан үшін қауіпті емес" деген болатын. Одан кейін сыртқы қарыздың қауіпті емес екенін басқа министрлер де кезек-кезек айта бастады. Ұлттық экономика министрі болып тұрған кезінде Әлібек Қуантыров та осы сөздерді айтатын. Былтыр мұндай мәлімдемені қаржы министрі Мәди Тәкиев те түсіндірді. Ал биыл ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де "алаңдауға негіз жоқ" деп отыр. Алайда мемлекеттік қарызды жиі алу – жақсы құбылыс емес. Қарыз елдің экономикалық жағдайына, ол қарыздарды басқару қабілетіне және қарыздың қандай мақсатқа жұмсалып жатқандығына байланысты алынады", – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Қарыз алуға қалай машықтандық?
Әрине, мұндайда "біз өзі қарыз алуға қалай машықтандық?" деген сауалдың туындайтыны анық. Біз дамуға ұмтылған ел болғаннан кейін де халықаралық түрлі қаржы институттарынан қарыз алуды жөн көрдік. Әу баста мемлекеттік қарыз алуды 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылдан бастап ресми түрде бастаппыз. Сол кезде ел жаңа экономикалық жүйеге көшіп, нарықтық қатынастарды енгізу барысында бюджет тапшылығын жабу және экономиканы тұрақтандыру үшін ішкі және сыртқы қарыз алу тәжірибесін қолданды. Алғашқы сыртқы қарыздар 1992-1994 жылдары халықаралық қаржы ұйымдарынан, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банкінен алынды. 1995 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын қалыптастырып, ішкі қарыз алу механизмін енгізді. 2000 жылдардан бастап ел сыртқы қарыздарын басқару жүйесін жетілдіріп, халықаралық капитал нарықтарында еурооблигациялар (бағалы қағаздар) шығара бастады. Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы жоспарлы түрде басқарылады.
Жалпы, мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы бойынша әлем елдерінің арасында алшақтық өте үлкен. Қарызы ең төмен мемлекеттердің қатарында Макао – 0 пайыз, Лихтенштейн – 0,5 пайыз көрсеткішімен тұр. Ал ең жоғары деңгей Жапонияда тіркелген, елдің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 229,6 пайызына жеткен. Сарапшылар Жапониядағы жоғары борышты халықтың қартаюымен және ұзақ жылдар бойы жүргізілген салықтық ынталандыру саясатымен байланыстырады. Қарыз жүктемесі ең жоғары мемлекеттердің қатарында Грекия (146,7%), Бахрейн (142,5%), Италия (136,8%), Мальдив аралдары (131,8%), АҚШ (125%), Сенегал (122,9%) және Франция (116,5%) секілді елдер алдыңғы шепте тұр. Ал Қазақстанның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 20,9 пайызын құрайды. Рас, бұл әлемдік орташа деңгеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Дегенмен абсолюттік мәнде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы Орталық Азия бойынша жоғары. Егер Қазақстанның 38,5 трлн қарызын долларға шақсақ, шамамен 70 млрд доллар болады. Салыстырмалы түрде қарасақ, Өзбекстанның бұл көрсеткіші 42,8 млрд доллар шамасында болса, Қырғызстанда – 7,6 млрд долларды, Тәжікстанда – 3,7 млрд долларды, ал Түрікменстанда 2,8 млрд долларды құрайды. Айта кетерлігі, аймақ елдерінің ешқайсысының қарыз көлемі ЖІӨ-нің 40 пайызынан аспайды, сарапшылардың айтуынша, бұл халықаралық тәжірибеде қарыздың қауіпсіз деңгейі ретінде бағаланады.
Алайда экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ пайымдауынша, жиі қарыз алудың өзіндік қауіптері бар. Сондықтан қарыздануға тым машықтана бермеген абзал.
"Қарыз күліп келіп, жылап қайтады"
Экономист-ғалымның ойынша, біріншіден, қарыз бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Мемлекет алған қарызын тек негізгі сомасымен ғана емес, оның пайыздық төлемдерімен бірге өтеуі тиіс. Бұл бюджет шығыстарының бір бөлігін борышқа қызмет көрсетуге мәжбүрлейді. Нәтижесінде мемлекет алдында салық түсімдерін арттыру, кейбір шығыстарды қайта қарау немесе әлеуметтік және басқа да бағдарламаларды қаржыландыруға бөлінетін қаражатты қысқарту сияқты күрделі таңдау пайда болады. Сондықтан қарыз көлемінің өсуі түптің түбінде мемлекеттік бюджеттің еркіндігін шектеуі мүмкін.
Екіншіден, инвесторлардың ел экономикасына деген сеніміне әсер етуі ықтимал. Қарыз деңгейі шамадан тыс өскен жағдайда халықаралық рейтингтер төмендеп, мемлекет пен отандық компаниялар үшін сырттан қаржы тарту құны қымбаттауы мүмкін. Мұндай жағдайда инвесторлар жаңа жобаларға қаржы салмас бұрын елдің қаржылық тұрақтылығына, экономикалық өсіміне және қарызды өтеу қабілетіне мұқият қарайды. Үшіншіден, қарыздың құрылымы мен оны қаржыландыру тәсілі инфляцияға және ұлттық валютаға қысым түсіруі мүмкін. Егер мемлекеттік шығындар мен қарызды өтеу үшін ішкі нарықтағы ақша көлемі шамадан тыс ұлғайса, бұл бағаның өсуіне қосымша серпін беруі ықтимал. Ал инфляция күшейген сайын халықтың нақты табысы төмендеп, теңгенің сатып алу қабілетіне қысым артады.
"Сондықтан мемлекеттік қарыз мәселесін тек "қанша қарыз бар?" деген көрсеткішпен өлшеу жеткіліксіз. Ең маңыздысы, қарыздың қайда жұмсалғаны, одан қандай экономикалық нәтиже алынғаны және оны өтеу үшін болашақта бюджетке қандай салмақ түсетіні. Қарыз экономикаға жұмыс істесе, ол – даму құралы. Ал қарыз жаңа табыс әкелмей, бұрынғы міндеттемелерді жабуға ғана жұмсала берсе, оның ауыртпалығы келесі кезеңге ауыса береді", – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.
Қарыздың күші
"Құқық және экономика" институтының маманы, қаржыгер Жанар КҮНТУҒАНҚЫЗЫНЫҢ пікірінше, Қазақстанның сыртқы қарызының ел экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал ететін күші бар. Маманның пікірінше, қарызды өздігінен туындайтын "экономикалық қауіп" деп қарастырмау керек. Себебі сырттан тартылған қаржы расымен де өндірісті дамытуға, жаңа жобаларды іске асыруға және экономикаға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Алайда қарыз көлемінің шамадан тыс өсуі және алынған қаражаттың тиімсіз жұмсалуы елдің қаржылық қауіпсіздігіне тәуекел тудыруы мүмкін.
Қаржыгердің пікірінше, Қазақстан үшін сыртқы қарызды азайту бағыттарын жоспарлағанда осы мәселеге жүйелі түрде назар аудару қажет. Бұл ретте ең алдымен мемлекеттің кірісін арттыру маңызды. Ол үшін экспорттық бағыттарды әртараптандырып, шикізатқа тәуелділікті азайту және жоғары қосылған құны бар өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту қажет. Сонымен қатар импорттың орнын басатын отандық өндірістерді дамыту да экономиканың сыртқы тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Алдағы жылдары салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту және цифрлық есеп жүйесін жетілдіру де мемлекеттік кірісті арттырудың маңызды тетіктеріне айналуы тиіс.
"Қарызды тиімді басқару мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Жоғары пайызбен алынған қарыздарды төмен мөлшерлемелі қаржыландыруға ауыстыру, яғни қайта қаржыландыру тетіктерін пайдалану қарызға қызмет көрсету шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ұзақ мерзімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы тарту тиімді. Қарыз портфелінің құрылымын тұрақты талдап, ең қымбат сыртқы қарыздардың үлесін қысқарту арқылы мемлекет болашақтағы төлем ауыртпалығын жеңілдете алады", – дейді Жанар Күнтуғанқызы.
Жалпы, мамандардың ойынша, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қарызын бірден "қауіпті" деп бағалауға негіз жоқ. Дегенмен қарызды елемей қоюға да болмайды. Өйткені қарыздың қауіпсіздігі оның көлемімен ғана өлшенбейді. Қарыздың өсуі бақылаусыз сипат алып, қаражат тиімсіз жобаларға немесе ағымдағы шығындарды жабуға жұмсала берсе, оның ауыртпалығы уақыт өте келе мемлекет бюджетіне де, экономикаға да түсетін қысымды күшейтуі ықтимал.
Сондықтан ұлттық экономика министрі Жұманғарин айтқандай, алаңдауға негіз жоқ емес, керісінше, алаңдап жүріп жұмыс істеп алынған қарыздардың ұтымды жұмсалып, "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетпеуіне барынша мән берілуі тиіс" деседі сала мамандары.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ