Сараптама

Сарбаздың қазасын естірту. Салт, әдеп және әскери тәртіп

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 14 сарбаз мерт болды. 14 боздақты теңіз жалмады. Аса ауыр жағдай тұтас Алаш халқын есінен тандырды.

сарбаз

 Билік "қап, әттеген-ай", "не болғанын анықтаймыз" деп енді атқа қонып жатқанда мына бір жайт есеңгіреген жұртты қасқа маңдайдан қамшымен салып қалғандай күй кештірді. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардың бірінде әскери нысанның сыртында, темір тордың ар жағында тұрған адамдарға (марқұмдардың жақындары болуы тиіс) қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін тізім бойынша хабарлағаны көрінеді. Темір тордың бергі жағындағылар "осы адамдар өлді" дегендей аттарын сыдыртып оқып шығады. Соншалық селқос, соншалық бейқам. Ал қоршаудың арғы жағында жақындарын іздегендер жандары шығып, шыр-пыр болып жатыр. Сөйтсек, шектен шыққан сорақылық мұнымен бітпепті. Мейрамбек Бердіханов есімді сарбаздың денесін туыстарына кәдімгі такси ретінде пайдаланылатын Toyota Alphard көлігіне салып жібере салыпты. Осындай жойдақсыз істерден соң халықтың әлеуметтік желіде билік өкілдері мен әскери шенділерге қояр сұрағының көп, ренішінің қара қазандай болуы заңдылық. Басқасын айтпағанның өзінде, қазақта ежелден қалыптасқан қазаны естіртудің өз жол-жоралғысы бар емес пе, неге содан аттадық? Түптеп келгенде, бұл жағдай басқа да қоғамдық әлеуметтік мәселелермен сабақтасып жатыр. Жалпы мұндай құбылыстың себебі неде, салдары қандай болмақ? Бұл туралы тарихшы Жамбыл Артықбаев пен әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтан сұрадық. Ал әскери оқу-жаттығу кезінде немесе соғыста қайтыс болған сарбаздың қазасын шет елдер қалай хабарлайды? Мұның ресми тәртібі қалай болу керек деген сұрақтарға саясаттанушы Есхат Мәден жауап берді.

Жамбыл Артықбаев
Фото: Жамбыл Артықбаев/Жамбыл Артықбаев

Жамбыл Артықбаев: Өлімді хабарламайды, естіртеді

– Тарихшының басты міндеті – өткенді сипаттау емес, "неге" деген сұраққа жауап беру. Екі-үш күннен бері осы сұрақ мені де мазалай береді. Теңізде дауыл тұрғанда жағалаудан 40 шақырым жерде жас боздақтарды суға түсіре салу ажалға айдағанмен бірдей. Оған қандай қажеттілік болды? Бар пәле жоғарғы шенділердің  бұйрығында деп ойлаймын. Тек қана әскерилер емес, бізде бүкіл жүйе бұйрыққа байланған. Ресейдің отарлық тәртібі, советтік тоталитаризм қазақ  өмірін әбден құнсыздандырды. Бұл жүйе күні кеше біздің халқымызды аштан қырды, халық жауы деп өлтірді, орыс пен немістің соғысына айдады. Міне, осының барлығы жоғарыдан түскен бұйрықпен шешілді. Ақырып құн сұрауға дәрменіміз жетпеді, халіміз болмады. Біз тәуелсіздік алдық дегенмен тоталитаризмнен құтылмадық, ол Назарбаев тұсында автократизмнің ең жеккөрінішті отбасылық сұлтанат түрінде  қайта жаңғырды. Бұл жүйеге қарсы шыққандардың өміріне балта шабылды. Күнде той, күнде мейрам. Біздің саяси жүйеде әуелі ұлттық тамыр жоқ. Ұлттық тамырдан ажырағанда кез келген жүйе, институт адамгершіліктен алыстап кетеді. Кез келген қоғамда мыңдаған жылдар бойы ұлт болып, халық болып қалыптастырған ережелер болады. Біз содан ажырап кеттік. Мұндай оқиғаның бәрі соның салдары. Қазақ от пен суды тілсіз жау дейді, бұл – табиғат, бұл адамға бағынбайтын дүлей күш. Оған қарсы жас балалар не істей алады?

Қазақ хандығы тұсында жиырма жасқа дейінгі балалар батырлардың жанында атшы, салықшы, бақыршы болады. Майданға тісқаққан, тәжірибелі, бесқаруы сай батырлар түседі. Мысалы, Олжабай батырдың әңгімесін оқыңыз. Қазақта ешқашан өлген-тірілгеніне қарамай жауға қарсы  шабу деген болмаған. Жауынгердің сүйегін жауға қалдырмайды. Осының бәрі сарбаздарды сақтау амалы, себебі әр жасақтың басшысы, сол рудың батыры сарбаздың ата-анасының алдында жауапты. Ресеймен өз азаттығы үшін  соғысып жатқан Украина өз жастарын әскери қызметке 25 жастан бастап алады. Неге? Ұлт генофондын сақтау үшін, отқа-суға қарамайтын жастарды майданға салып қырып алмау үшін.

Робот офицерлердің Каспийде өлген жас сарбаздардың өлімін туыстарына естірткенін көрдіңіз бе? Біреуі тізімді оқып шықты, қалғандары темір шарбақты ұстап тұр, ар жақта азан-қазан жылау, жоқтау. Қазақ халқы ешқашан өлімді хабарламаған, естірткен. Темір тордың артында тұрып, жас балаға ақ қағаздан өлімді хабарлай салу – биліктің адамгершіліктен әбден алыстап кеткеніне ап-айқын мысал. Қайтыс болған адамның қайғылы хабарын оның жақын туыстарына арнайы, астарлап, әбден көңілін, ойын дайындап жеткізу рәсімін осы "естірту" деп атайды. Қазақ ешқашан "пәленше өліп қалды" деп туралап, кенеттен айтпаған. Себебі ауыр хабар адамның жүрегін жаралап, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Естірту – адамды суық хабарға алдын ала дайындап, сабырға шақыруға, қайғыны бірге көтеріседі. Сосын, естіртуді жас балаға, әйелге немесе кездейсоқ адамға тапсырмаған. Бұл істі аузы дуалы, елге сыйлы, ақыл тоқтатқан, сөзге шешен, жасы үлкен адамдарға жүктеген. Көбінесе бірнеше ақсақал немесе би, шешен, жырау қаралы үйге бірге барады, ішке кіргенде өздерін салмақты ұстап, дауысын жай шығарып, аман-саулық сұрасқаннан кейін сөзді "Бекем болыңыз" деп бастайды. Алыс жердегі туыстарға хабар жеткізу үшін арнайы "қара жаушы" жіберілген. Ол атпен келіп, "Ой, бауырым!" деп дауыстап, үйге жақындайды. Үйге қарай жүгіру, шауып келу – жаман ырым саналған, себебі мұндай іс тек қазалы хабаршыға ғана тән. Қазақта, міне, осындай өлімді естіртудің ежелден келе жатқан, қалыптасқан ережелері бар. Ал қаралы хабарды тізімнен оқып бере салу біздің биліктің  адамгершіліктен ада әрі ұлттық негізден түбегейлі ажырап кеткенін тағы бір мәрте айғақтап берді. Осындай кезде елдің алдына шыға алатын, басу сөзін айтатын, жұртты сабырға шақыратын бір генералдың болмағанына таңғалдым әрі күйіндім. Шынын айтқанда, біз отыз бес жыл ішінде ұлттық мемлекетті де, ұлттық әскерді де құра алмадық.

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз/Серік Бейсембаев

Серік Бейсембаев: Шынайы реформа биліктің азаматтарға деген қарым-қатынасын өзгертуден басталды

Бұл оқиғаны тек бір аймақта болған жағдай немесе жекелеген әскери басшының сауатсыздығы, жауапсыздығы деп қарастыру жеткіліксіз. Меніңше, бұл – Қазақстандағы билік жүйесінде бұрыннан қордаланып келе жатқан әлдеқайда терең мәселенің көрінісі. Өйткені мұндай әрекеттер шенеуніктер мен қарапайым азаматтардың арасында қалыптасқан қарым-қатынас моделін аңғартады. Аймақтағы әскери басшы да жоғарыда отырған басшылықтың, министрлік деңгейіндегі лауазымды тұлғалардың қоғаммен қалай қарым-қатынас жасайтынын көріп, сол үлгіні төменгі деңгейде қайталайды. Мұндай жағдай бұған дейін де байқалды. Мәселен, 2025 жылы 10 қарашада әскери қызмет кезінде қаза тапқан сарбаздардың аналары Астанада Министрліктер үйінің алдына жиналып, балаларының өлімін әділ тергеуді және әскерді реформалауды талап етті. Сол кезде Қорғаныс министрінің өзі олардың алдына шыққан жоқ, ата-аналарды басқа лауазымды тұлғалар қабылдады. Сондықтан қазір әскери басшылардың әрекетін жоғарыдағы жүйеден бөлек қарастыру қиын. Бұл – бір аймақтың емес, елдегі саяси және басқару жүйесінің мәселесі. Мұндай қарым-қатынастың қалыптасуының да өзіндік себебі бар. Авторитарлық сипаттағы саяси жүйеде мемлекеттің басты құндылығы – азаматтың пікірі, құқығы мен бостандығы емес, сол биліктің шенеуніктер қолында сақталып қалуы. Яғни осындай жағдайда адамдар мұны шығын есебінде, статистика үшін керек ресурс ретінде қарастырады. Соның салдарынан мемлекеттік институттардың азамат алдындағы жауапкершілігі әлсірейді.

Негізі бұл мәселенің тарихи тамыры да тереңде жатыр. Оның бір ұшы кеңестік басқару жүйесіне барып тіреледі. Кеңестік тоталитарлық модельде жеке адамның мүддесінен мемлекеттің мүддесі жоғары қойылды. Адам көбіне жүйенің мақсатын жүзеге асыратын құрал есебінде саналды. Содан бері бір нәрсе өзгерді деу қиын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де саяси институттар өзгергенімен, мемлекеттік аппарат пен азамат арасындағы қарым-қатынастың осы мәдениеті толық өзгеріп кеткен жоқ. Әсіресе күштік құрылымдарда, әскери және құқық қорғау институттарында кеңестік басқару дәстүрі сол күйі сақталып қалды. Яғни мемлекеттік институттар, оның ішінде әскери, құқық қорғау институттары да соңғы отыз жылдың ішінде ешқандай реформаланған жоқ. Мұндай жүйеде қызметкер үшін азаматтың сенімінен гөрі, басшының талабын орындау, жоғарыға дұрыс есеп беру, басшылықтың көңілінен шығу маңыздырақ. Ал институт қоғам алдында, халық алдында жауап бермейді. Мұның тағы бір себебі, міне, осында жатыр. Мұндай жүйенің салдары ең алдымен билікке деген қоғамдық сенімнен көрініс табады. Онсыз да әлсіреп келе жатқан сенім мұндай оқиғалардан кейін одан әрі төмендейді. Саясаттануда мұны биліктің легитимділігі мәселесімен байланыстыруға болады. Легитимділік тек заң бойынша билікке ие болу ғана емес қой, сол биліктің қоғам тарапынан мойындалуы мен азаматтардың оған сенім артуын да білдіреді. Егер адамдар мемлекеттік институттардың өздеріне әділетті қарайтынына, олардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғайтынына сенбесе, биліктің қоғамдық негізі де әлсірей береді. Қазір әлеуметтік желілердегі реакцияға қарасақ та, адамдардың наразылығы тек осы бір трагедияға байланысты туындамағанын байқауға болады. Пікірлер арасында бұған дейінгі әділетсіз шешімдер, азаматтардың сөзіне құлақ аспау, шенеуніктердің қоғаммен санаспай әрекет етуі секілді бұрыннан қордаланған мәселелер қайта көтеріліп жатыр. Яғни бір оқиға ұзақ уақыт бойы жиналып келген наразылықтың сыртқа шығуына түрткі болып отыр.

Адамдармен есептеспей, "өзіміз білеміз" деген ұстанымға сүйенген басқару жүйесі түптің түбінде осындай трагедияға ұрындырары анық. Егер мемлекет қоғамдық наразылықтың себептерін түсінуге тырысудың орнына сөз бостандығын шектеу, қысым жасау немесе мәселені жабық ұстау тәсілдеріне сүйенетін болса, мұның ақыры жақсы болмасы анық. Сондықтан бұл мәселені тек әскери жүйенің ішінен шешу мүмкін емес деп ойлаймын. Әскер – саяси және мемлекеттік жүйенің бір ғана бөлшегі. Егер бүкіл организм сырқат болса, оның бір мүшесін ғана емдеу арқылы толық сауығу мүмкін емес. Әскери жүйені реформалау мәселесі түптің түбінде саяси жүйені және мемлекеттік басқару мәдениетін реформалау қажеттігіне келіп тіреледі. Шынайы реформа ең алдымен биліктің азаматтарға деген қарым-қатынасын өзгертуден басталуы керек. Мемлекеттік қызмет пен жауапты лауазымдарға адамдарды таңдағанда олардың жоғары басшылыққа қаншалықты лоялды екеніне емес, кәсіби деңгейіне, жауапкершілігіне, азаматтық ұстанымына және қоғаммен жұмыс істей алу қабілетіне мән берілуі қажет. Билікке дұрыс адамдар келгенде ғана жағдай өзгеруі мүмкін. Ал бір министр қызметінен кетіп, оның орнына екінші министр келгенімен, егер жаңа басшы да сол басқару жүйесінің ішінде қалыптасқан, сол ережелермен жұмыс істейтін адам болса, алдағы уақытта бұл салада түбегейлі өзгеріс бола қоюы қиын. Сондықтан әскердегі проблемаларды жекелеген командирдің әрекетімен, министрдің ауысуымен немесе бір оқиға бойынша бірнеше адамның жауапқа тартылуымен ғана шешу мүмкін емес.

Есхат Мәден
Фото ашық дереккөз/Есхат Мәден

Есхат Мәден: Шетелде  қаза туралы хабарды кімнің, қашан және қалай жеткізетініне дейін арнайы тәртіп белгіленген

Әскери қызметтің қауіп-қатері көп. Соғыс кезінде де, бейбіт күндегі оқу-жаттығуда да адам шығыны болуы мүмкін. Бірақ сарбаздың қаза табуы қандай жағдайда болғанына қарамастан, оның өлімін отбасына жеткізу – мемлекеттің өз сарбазының алдындағы соңғы міндеттерінің бірі. Сондықтан әскери жүйесі қалыптасқан көптеген елде қаза туралы хабарды кімнің, қашан және қалай жеткізетініне дейін арнайы тәртіп белгіленген. Тіпті сарбаздың денесін туған жеріне жеткізу, жеке заттарын отбасына тапсыру, жерлеуді ұйымдастыру, кейін туыстарымен байланыста болу секілді мәселелердің де өз ережесі бар. Мысалы, АҚШ армиясында әскери қызметші қаза тапқан жағдайда оның отбасына хабар жеткізу үшін арнайы офицер тағайындалады. Ол Casualty Notification Officer деп аталады. Оның негізгі міндеті – қаралы хабарды марқұмның жақындарына ресми түрде жеткізу. Қаза туралы хабарды телефонмен айта салмай, мүмкіндігінше отбасының үйіне арнайы барып, бетпе-бет естіртуге мән беріледі. Бұл міндет кез келген әскери қызметкерге жүктеле салмайды. Өйткені қаралы хабарды қалай жеткізудің өзі адамның кейінгі психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. АҚШ армиясы мұндай хабарлауды аса маңызды әскери міндеттердің бірі ретінде қарайды. Мұндағы ең басты қағидалардың бірі – марқұмның жақындары ресми хабарды басқа біреуден естіп қалмауы керек. Яғни әскери қызметшінің қазасы туралы ақпарат алдымен оның отбасына жеткізіледі. Содан кейін ғана қоғамға жариялау мәселесі қаралады. АҚШ Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшінің аты-жөнін жақындарына хабарлағаннан кейін белгілі бір уақыт өткен соң жариялау тәртібін қолданады. Қаралы хабарды жеткізумен мемлекеттің міндеті аяқталмайды. АҚШ-та бұдан кейін отбасына Casualty Assistance Officer деп аталатын тағы бір арнайы қызметкер бекітіледі. Ол марқұмның жақындарына жерлеу рәсімін ұйымдастырудан бастап, сақтандыру, өтемақы, құжаттар, әскери төлемдер және жеке заттарды қайтаруға дейінгі мәселелерде көмектеседі. Қажет болған жағдайда мұндай байланыс бірнеше айға созылуы мүмкін. Яғни қара жамылған отбасы ең ауыр күндерінде әскери бөлімдердің табалдырығын тоздырып, кімге бару керегін өзі іздеп жүрмеуі тиіс. Мемлекет, керісінше, сол отбасының жанына өзінің өкілін жібереді.

Ұлыбританияда да осыған ұқсас жүйе бар. Әскери қызметші қаза болған жағдайда бұл жұмысты Joint Casualty and Compassionate Centre мойнына алады. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Ал қаза туралы хабарды жеткізу үшін арнайы Casualty Notifying Officer белгіленеді. Кейін отбасыға Visiting Officer бекітіліп, марқұмның туыстары мен әскери мекеме арасындағы негізгі байланысқа айналады. Ол жерлеу, қаржылық төлемдер, қажетті құжаттар және басқа да мәселелер бойынша отбасыға жол көрсетеді. Британ армиясында мұндай жағдайға алдын ала дайындық та қарастырылған. Әскери қызметші көзі тірісінде төтенше жағдайда кімге хабарласу керегін көрсетеді және жақындарының байланыс деректерін жаңартып отыруы қажет. Әскери бөлім сарбаздың кімге жақын екенін, ата-анасы немесе жары қайда тұратынын сол сәтте іздеп отырмайды. Кімге хабарлау керегі алдын ала белгілі болады. Одан кейін де отбасы қараусыз қалмайды. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі әскери қызметшісінен айырылған отбасылар үшін арнайы нұсқаулық әзірлеген.

Аустралия армиясының тәртібінен де осы ұстанымды көруге болады. Әскери қызметші жараланған, хабарсыз кеткен немесе қаза болған жағдайда ол алдын ала көрсеткен жақын адамына қорғаныс саласының арнайы өкілдері мүмкіндігінше тезірек хабарлауға әрекет етеді. Одан кейін отбасыға әлеуметтік, психологиялық және әкімшілік көмек көрсетіледі. Марқұмның денесін жеткізу, жерлеуге байланысты шығындар, жеке заттарын қайтару және өзге де мәселелер әскери жүйенің жауапкершілігінде қалады. Осы елдердің тәжірибесіне қарасақ, әр мемлекеттің ережесі әртүрлі болғанымен, негізгі ұстанымдары бір-біріне ұқсайды. Біріншіден, сарбаздың қазасын отбасына кез келген адам хабарлай салмайды. Бұл үшін арнайы жауапты тұлға белгіленеді. Екіншіден, мүмкіндік болса, қаралы хабар бетпе-бет жеткізіледі. Үшіншіден, отбасы хабардар болмай тұрып марқұмның аты-жөнін жұртқа жарияламауға тырысады. Төртіншіден, қаза туралы хабарды жеткізген соң мемлекет бар жауапкершіліктен құтылмайды. Отбасына арнайы адам бекітіліп, ол жерлеуден бастап, құжат пен өтемақыға дейінгі жұмыстарға көмектеседі.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз