Сараптама

«Кекірігі азған» KEGOС халық есебінен қалай байыды?

Күні кеше KEGOС ұлттық компаниясы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына қатысты өз есебін жариялады.

KEGOС

 Есепке сүйенсек, аталмыш компания биылғы жартыжылдықты рекордтық табыспен аяқтаған. Компанияның таза пайдасы, былтырғы осы кезеңдегі 34,3 млрд теңгеден 54,6 млрд теңгеге дейін артып, 60 пайызға жуық өсім берген. Салалық мамандардың пайымдауынша, қазақстандық қор нарығына кіретін бірде-бір эмитент мұндай жоғары өсім көрсете алмаған.

Рекордқа не жеткізді?

Қазір Қазақстанның электр желілерін басқару жөніндегі бірыңғай оператордың қыруар табысқа кенелуіне қатысты әртүрлі пікір бар. Сала мамандарының басым бөлігі «компания мұндай көрсеткішке тарифті өсіріп, халықтың қалтасына салмақ салу арқылы жетті» деп есептейді.

Жалпы, қызмет тарифінің жоспарлы түрде өсуі алты 6 бойғы түсімді 240,1 млрд теңгеге дейін арттырған. Табыстың ең үлкен бөлігі 207,8 млрд теңге өсім отандық нарықтан түскен. Сонымен бірге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің қазақстандық желілер арқылы алатын электр қуатының сұранысы да айтарлықтай өскен. Сондай-ақ Батыс пен Оңтүстік аймақтардағы энергия өткізу желілерін жаңғырту жұмыстары аясында желілерді өткізу қабілеті артып, компанияның операциялық маржасы 18,7 пайыздан 22,8 пайызға өскен.

KEGOС – акционерлік қоғам. Компанияның негізгі бақылаушы қожайыны – Үкімет. 2026 жылғы ресми мәлімет бойынша компанияның 85 пайыз акциясына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры иелік етеді. БЖЗҚ, яғни зейнетақы қоры аталмыш компанияның 7 пайыздай акциясына ие. Бұл қазақстандықтардың зейнетақы активтерінен салынған инвестиция. Басқа инвесторлар компанияның шамамен 8 пайыз акциясына қожалық етеді.

Компания басшыларына келетін болсақ, директорлар кеңесінің төрағасы – Нұрлан Жақыпов, ал басқарма төрағасы – Нәби Айтжанов. Енді біз сала мамандарына «осы басшылардың жұмысты сауатты, орнықты үйлестіре алуы компанияны табысқа жеткізді ме?» деген сауалды төтесінен қойғанбыз. Сөйтсек, компанияның бұл жолғы феномені басқаша екен...

KEGOС
Фото: «KEGOC» АҚ баспасөз қызметі

KEGOС феномені

Экономикалық теория бойынша компанияның табысы өндіріс көлемі артқанда, инновация енгізілгенде, нарық кеңейгенде өсуі тиіс. Алайда бұл жерде жағдай мүлде басқаша.

«Елдегі электр желілерінің тозуы шектік деңгейге жетіп, жүйелі апаттар жиілеген тұста KEGOC-тың таза пайдасының 60 пайызға жуық өсуі нарықтық тиімділіктің нәтижесі емес. Мұны отандық энергетикадағы өзіндік бір парадоксальды құбылыс деуге болады», – деді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Маманның сөзін негізге алып, деректерді алға тартсақ, расымен де табыс өскеніне қарамастан, магистральды электр беру желілерінің басым бөлігі тозып кеткен. KEGOC компаниясы да бұл жайында қаржылық есебінде 220-500 кВт желілерінің біршама бөлігі пайдалану мерзімін аяқтағанын немесе таяу жылдары аяқтайтынын ашық мойындаған. Осыған байланысты желілерді қолдау мен жөндеу шығындары да едәуір өскен. 6 айда жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге 5,48 млрд теңге бағытталыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Технологиялық шығындарды жабуға кеткен қаржы 37 миллиардтан 48,9 млрд теңгеге дейін артса, баланстаушы электр энергиясын сатып алу шығындары 13,5 миллиардтан 15,4 млрд теңгеге дейін өскен.

Сондай-ақ 14 тамызда Тоқтағұл ГЭС-індегі гидрогенераторлардың өшуі салдарынан орын алған блэкаут компания акцияларына да кері әсер еткен. Еске салсақ, апат кезінде «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзитіне шамадан тыс күш түсіп, Оңтүстік аймақ біртұтас жүйеден бөлініп кетіп, Алматы қаласы мен облыстағы бірқатар аудан жарықсыз қалды. Алайда Қырғызстан апатқа қатысты жауапкершілікті тек өздеріне жүктеуге қарсы. Қырғызстан тарапының пайымдауынша, мұндай жағдайда әр елдің энергожүйесі тепе-теңдік қалпына келгенше оқшауланған режимде тұрақты жұмыс істеуге тиіс. Сол себепті басқа елдердегі жүйелердің өшуін бөлек зерттеу қажет. Блэкауттың нақты себебін енді арнайы құрылған комиссия анықтайды. Қалай десек те, блэкаут KEGOC-тың транзиттік жүйесінің осалдығын көрсетті. Осыдан барып көптің көкейінде «Миллиардтаған таза пайда қайда кетіп жатыр. Желілерді жаңартуға ма, әлде тек басшылықтың сыйақылары (бонустары) мен дивидендтеріне ме?» деген сауалдың туындауы да орынды.

Тариф өскен сайын «бонус» та өсе ме?

KEGOC-тың былтырғы ресми мәлімдемесіне жүгінсек, компанияның басқарма мүшелеріне төленген жалпы сыйақы көлемі 461,2 млн теңгеге жеткен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда (322,9 млн теңге) 42,8 пайызға көп.Компания басшылары қомақты сыйақы алудан алдына қара шығармайды. Қайбір жылдары, тіпті топ-менеджерлерінің сыйақылары бір жылдық кезеңнің өзінде 56 пайызға секіріп, 577 млн теңгені құраған кездер де болған.

Жалпы, KEGOC басшылығының миллиондық бонустары – «Самұрық-Қазына» жүйесі үшін таңсық дүние емес. Бұл – бүкіл ұлттық операторларға тән ортақ дерт. Мәселен, қаржылық дағдарыс батпағына батқан, миллиардтаған қарызы бар «Қазақстан темір жолы» өз басшылығына 1 млрд теңгеден астам сыйақы үлестіріп, әр менеджеріне айына 4,5 млн теңгеден төлеген туралы деректер де жарияланды. Ал мұнай нарығындағы толқуларға қарамастан, «ҚазМұнайГаз» басқарма мүшелері де 519 млн теңгені өзара бөлісіп алды. Осы алпауыттардың қатарында тұрған KEGOC та қалыс қалмай, басқарушы құрамға миллиондаған теңге сыйақы бөледі.

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз

«Бұл жердегі ең басты түсініспеушілік – компаниялардың тиімділігі немесе халыққа көрсеткен қызмет сапасы артқан жоқ. ҚТЖ-да рельстер тозып, пойыз аударылып жатыр, KEGOC-та жүйелі апаттар орын алып, тариф өсуде. Біздегі ұлттық компания басшыларының бонустары нарықтық жетістікке емес, мемлекеттік монополияның есебінен жасалған жасанды марапатқа айналған», – дейді экономист Бейсенбек Зиябеков.

«Сұр» майнерлер мен тапшылық мәселесі қашан шешіледі?

Ал осы саланы зерттеп жүрген, энергетика саласының маманы Қайырбек Терлікбаевтың сөзіне сүйенсек, KEGOC «табысымыз артты» деп бөркін аспанға атқанша, бұл саладағы «сұр» майнерлер мен тапшылық мәселесін жедел түрде жолға қоюы керек. Маманның айтуынша, Қазақстанның Оңтүстік облыстары әлі де электр энергиясының тапшылығын сезініп, Ресей мен көршілес елдерге тәуелді болып отыр. KEGOC жүйесі заңсыз («сұр») майнинг фермаларының желіге жаппай қосылуын дер кезінде бақылай алмайды. Салдарынан қарапайым өндіріс орындары мен ауылдар жарықсыз қалып, компания тапшылықты жабу үшін Ресейден қымбат электр қуатын импорттауға мәжбүр болды. Компанияның халықаралық даму банктерінен алған несиелері де қомақты.

«KEGOC-тың несиелік міндеттемелерінің күрт өсуі – үлкен қаржылық тәуекел. Егер елде девальвация болып, теңге құнсызданса, бұл қарыздарды жабу үшін компания тарифтерді тағы да өсіруді талап етеді. Яғни валюталық тәуекелдің зардабын тағы да халық тартады», – дейді энергетик маман.

Оның ойынша, компанияның 85 пайыз акциясы мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болғандықтан, нарықта бәсекелестік жоқ. KEGOC еркін нарықта емес, мемлекеттің қамқорлығында өмір сүреді.

«Кез келген сәтсіздік немесе шығын бюджет есебінен жабылады. Бұл топ-менеджментінің тиімді жұмыс істеуіне деген ынтасын төмендетеді», – дейді маман.

Міне, сала мамандарының ойынша, болашақта осы мәселелерді реттеуге кіріскен абзал. Өйткені тарифті өсіріп, «табысымыз артты» деу – мәселені шешпейді, бұл саланы жетілдірмейді. Бұдан тек халықтың қалтасы мен жүйкесі ғана жұқарған үстіне жұқара береді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: KEGOС
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз