Сараптама

Зейнетақы жинағын жеке қолға беруге дайынсыз ба?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Болашақтың негізін қалайтын капитал» атты VIII қаржылық форумында ел күтпеген мәлімдеме жасағаны есте.

зейнеткерлік жас

Бас банкир сол кездің өзінде қазақстандықтардың зейнетақы қаражатын жеке қорларға беру бағытында жаңаша қадамдар жасалатынын айтқан еді. Сол тұста-ақ салалық мамандар «қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын «жеке қолға беруі мүмкін» деген болжам жасаған. Енді, міне, жорамал шындыққа айналып, қыркүйек айының 7-сінен бастап әркім өз зейнетақы жинағын 100 пайыз жеке компаниялардың басқаруына бере алады. 

Реформаның астарында не жатыр?

Негізінде бұған дейін азаматтар зейнетақы жинағының 50 пайызынан аспайтын бөлігін ғана жеке инвестициялық компанияларға басқаруға бере алатын. Ал енді арнайы ведомстволар бірден 100 пайыз жинақты жеке компаниялардың басқаруына беруге рұқсат етті. Ұлттық банк өкілдерінің сөзіне сүйенсек, зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияларға 100 пайызға дейін беруге рұқсат етудің негізгі астары – зейнетақы нарығындағы монополияны жою, салымшылардың қаржылық еркіндігін арттыру және жинақтардың инфляциядан озып, көбірек табыс әкелуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің мұндай қадамға баруына бірнеше маңызды экономикалық және стратегиялық себеп түрткі болған.

Оның біріншісі, осыған дейін зейнетақы активтерінің 99 пайыздан астамы тек Ұлттық банктің басқаруында болды. Бұрынғы зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына беруге қатысты 50 пайыздық шектеудің кезінде жеке компанияларға небәрі 100 млрд теңгеге жуық қана қаражат аударылып, нарық дамымады. Жеке компаниялар арасында бәсеке болмағандықтан, Ұлттық банктің консервативті стратегиясы негізінен мемлекеттік облигацияларға ақша салу ғана болды. Бұл инфляцияны тұрақты түрде жеңуге мүмкіндік бермеді. Ал енді зейнетақы қаражатын жеке компаниялардың басқаруына беруге 100 пайызға рұқсат беру – жеке инвестициялық компаниялар арасында үлкен бәсеке тудырып, оларды салымшы үшін жоғарырақ табыстылық ұсынуға мәжбүрлейді. Міне, Ұлттық банктің бұл реформаны жүзеге асыруға қатысты ұсынар бірінші уәжі – осы.

Реформаны тәжірибеге енгізуге қатысты айтылатын екінші уәж – қаржылық жауапкершілікті азаматтардың өзіне беру. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, «өкімет өлтірмейді» деген түсініктен арылу керек. Осыған байланысты мемлекет те бәрін үкімет шешетін жүйеден бас тартты. Жаңа ереже бойынша азаматтар өз ақшасының тағдырына өздері жауапты болады. Егер сіз БЖЗҚ-ның табысына көңіліңіз толмаса, ақшаңызды табысы көп инвестициялық портфельдерге және акцияларға аудару құқығына иесіз. Бұл – халықтың қаржылық сауаттылығы мен белсенділігін арттыру үшін жасалған қадам. Реформаның үшінші бір астары – ішкі қор нарығын жандандыру. Зейнетақы қорларындағы триллиондаған теңге – экономикаға құйылатын ұзақ мерзімді инвестиция немесе қаржы тілінде «қап-қап» ақша. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк бұл ақшаны негізінен мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға немесе ірі мемлекеттік жобаларға бағыттап келді. Ал енді жеке компаниялар бұл қаражатты отандық және халықаралық бизнес акцияларына, облигацияларға салады. Бұл Қазақстанның қор нарығының өсуіне және жеке бизнестің дамуына үлкен серпін береді. Міне, Ұлттық банк пен қаржы саласының мамандары мұндай реформаға барудың негізгі астары осы екенін түсіндіреді.

Салымшы нені ескеруі керек?

Зейнетақы қорындағы қаржыны жеке компанияға берген сәтте салымшы нені ескеруі керек? Біз бұл сауалдың жауабын «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, қаржыгер Арман МУСИННЕН сұрадық. Оның ойынша, салымшы бірінші кезекте тәуекелге барып отырғанын ескеруі керек. Кез келген шығын немесе табыс тек сіз таңдаған компанияның шеберлігіне байланысты. Қаржыгердің пайымдауынша, бұл реформа бәріне бірдей тиімді бола бермейді. Реформадан ұзақ мерзімге инвестиция жасайтындар, қаржы нарығын бақылап отыратын адамдар, жоғары табысқа ұмтылатын салымшы ғана ұтуы мүмкін.

Сондықтан зейнетке шығуына бірнеше жыл қалған азаматтарға, инвестициялық тәуекелді түсінбейтін адамдарға, қысқа мерзімде тұрақтылықты қалайтын салымшыларға асықпаған жөн. Өйткені тәуекелі жоғары портфель қысқа уақыт ішінде төмен нәтиже көрсетуі де мүмкін.

«Біздесанаулы ғана зейнетақы жинағын басқаратын инвестициялық жеке компания бар. Нағыз бәсекелестік болуы үшін «бұл нарыққа халықаралық ірі қорларды да жіберу керек» деген пікірлер айтылып жүр. Ең негізгісі, қазақстандықтардың басым бөлігі консервативті, тәуекелді портфельдерді ажырата ала ма? Бұл халықтың жаппай қате шешім қабылдауына әкелмей ме? Осыны нақты зерттеу керек. Компания таңдамас бұрын олардың жұмыс тарихын мұқият зерттеу қажет. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік кепілдік жойылғанымен, жеке компаниялар инфляциядан болған шығынды өз қалтасынан (меншікті капиталынан) өтеуге заңмен міндеттелетінін алға тартады. Бұған олардың шамасы жете ме? Мұның барлығын толық зерттеп, сараптап алмай, зейнет жинағын жеке компаниялардың басқаруына беруді құптамаймын», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

зейнетақы
Фото: из открытых источников

Зейнетақы қоры не дейді?

Бұған қатысты біз БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі өкілдеріне де сұрау салдық. Олардың сөзіне сүйенсек, жеке компанияға жинағыңызды беру кезінде сіз ақшаңызды БЖЗҚ-дан шығармайсыз, тек оны көбейтуді басқа маманға тапсырасыз. Ақшаңыз БЖЗҚ-да қалады, оны ешкім қолма-қол қолыңызға бермейді немесе жеке компанияның шотына аудармайды. Сондықтан компания банкрот болса да, ақшаңыз жоғалмайды. Алайда бұл арада мемлекеттің «инфляциядан қорғау» кепілдігі тоқтайды. Егер компания сәтсіз инвестиция жасаса, жинағыңыз азайып қалуы мүмкін. Жеке компаниялар жинағыңызды басқару үшін сізге ұсынатын портфельдің үш түрі болады. Біріншісі –консервативті: тәуекелі аз, табысы да аз. Бұл зейнетке жақындағандарға ыңғайлы портфель. Екіншісі – орташа: қалыпты тәуекел, қалыпты табыс. Үшіншісі – тәуекелді: табысы өте жоғары болуы мүмкін, бірақ күйіп кету қаупі де жоғары. Егер жеке компанияның жұмысы ұнамаса, ақшаңызды кез келген уақытта қайтадан Ұлттық банктің (БЖЗҚ) басқаруына қайтара аласыз.

Бұл арада мынаны нақты ұғып алған жөн. Егер салымшының мақсаты – зейнетақы жинағын инвестициялау және оның табыстылығын арттыру болса, онда жеке инвестициялық басқарушы компанияны таңдай алады. Бұл жағдайда жинақ зейнетақы жүйесінде қала береді де, қаражатты салымшы таңдаған компания инвестициялайды.

Сүлейменовке сенуге бола ма?

Жалпы, зейнетақы қаражаты туралы әңгіме қозғау – біздің қоғам үшін өте сезімтал мәселе. Себебі 2013 жылғы және 90 жылдардағы жағдайдан кейін қазақстандықтардың дені зейнетақы жинағын «жеке басқару» тәсіліне беруге үрке қарайды. Дегенмен Ұлттық банк төрағасы «күдікті сейілтуге әзірміз, сенбесеңіздер, шетелден кәнігі мамандарды да алып келеміз» дегенді де айтқан болатын.

Жалпы, Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қатысты қоғамда қордаланған сұрақ аз емес. Әсіресе азаматтардың ондаған жыл бойы жинаған қаражатының қайда және қалай инвестицияланып жатқаны көпшілікті алаңдатады. Негізінде, БЖЗҚ қоры 2013 жылы жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларына қатысты бірқатар дау-дамайдан кейін құрылды. Оған дейін бұл нарықта ондаған жеке қор жұмыс істеді. Мәселен, 2001 жылы елімізде 16 жинақтаушы зейнетақы қоры тіркеліп, олардың басқаруындағы қаражат көлемі 182,4 млрд теңгеге жеткен. Жекеменшік қорлардың қызметіне қатысты халықтың наразылығы да сол кезеңде күшейді. Кейбір қорлар «салымшылардың ақшасын тиімсіз басқарды» деген сынға ұшыраса, енді біріне «қаржыны заңсыз иемденді» деген де айып тағылды. Жекеменшік қорлардың бірқатар инвестициялық шешімі де кейін үлкен мәселеге айналды. Солардың бірі – зейнетақы активтерінің шетелдік банктер мен тәуекелі жоғары қаржы құралдарына орналастырылуы. Бұл ретте жұртшылық кезінде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған тұстағы оқиғаны әлі ұмыта қойған жоқ. Сол тұстағы Ұлттық банк басшылығына қатысты ең көп айтылған даулы мәселелердің бірі – Қазақстанның зейнетақы активтерінің Әзербайжан халықаралық банкіне орналастырылуы еді.

Кей деректер бойынша банкке шамамен 250 млн доллар көлеміндегі қаражат инвестицияланған. Кейін Әзербайжан халықаралық банкі банкроттық жағдайға тап болып, Қазақстанның зейнетақы активтерін қайтару мәселесі күн тәртібіне шықты. Қарызды өтеудің бірнеше нұсқасы ұсынылды. Оның бірі – қарызды Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына айырбастау. Бұл жағдайда қаражатты 12 жыл ішінде қайтару және шамамен 5 пайыздық сыйақы төлеу көзделді. Екінші нұсқада да мемлекеттік бағалы қағаздар ұсынылды. Бірақ олардың көлемі 250 млн долларға бағаланып, өтеу мерзімі 15 жылға ұзартылды, ал сыйақы мөлшерлемесі 3,5 пайыз шамасында болды. Үшінші жол – 250 млн долларды Әзербайжан халықаралық банкінің жаңа облигацияларына айырбастау. Бұл жағдайда қарызды 7 жылда қайтару және жылдық 3,5 пайыз көлемінде сыйақы төлеу ұсынылды.

Бүгінде сарапшылар аталған үш нұсқаның да Қазақстан үшін тиімділігі төмен екенін дәлелдеген. Өйткені бастапқы инвестиция бойынша күтілген кірістілік бұдан жоғары болған. Яғни қазақстандық салымшылардың ақшасы толық көлемде әрі бастапқы шарттарға сай қайтарылмаған жағдайда шығынның салмағы түптеп келгенде зейнетақы жүйесіне түседі. Бұл өткен кезеңнің мәселесі десек те, қазір де зейнетақы жинағына қатысты көптің көкейін күпті еткен мәселелер жетерлік.

БЖЗҚ құрылғаннан кейін қор активтерін басқару мен инвестициялау жүйесі мемлекет бақылауына өтті. Зейнетақы қаражаты осы уақытқа дейін мемлекеттік бағалы қағаздарға, шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздарына да салынды, бұдан бөлек, ішкі экономиканы көтеру мақсатында теміржол саласына, «ҚазАгро» холдингіне, тағы басқа салаларға бөлінді. Алайда қордан қаржы алған салалардың бәрі бірдей айтарлықтай «өркендеп кетті» деп айту қиын. Теміржол саласындағы проблемалар шаш етектен. Тіпті ҚТЖ-ны қазір қарызы көп компаниялардың тізімінен жиі көреміз. Ал кезінде зейнетақы қорының қаражаты бөлінген «ҚазАгро» холдингі қазір банкрот болып, оның қарызын төлеу міндеті «Бәйтерек» холдингіне жүктелген. Тізе берсек, зейнетақы қорының қаражатын басқаруға қатысты мысалдар жетіп артылады. Сондықтан қазір халықтың көкейінде «Ұлттық банктің бұл бастамасына сенуге бола ма?» деген сауал тұрғаны анық.

жемқорлық
Фото: из открытых источников

Қордың қаражатын бақылауды неге босаттық?

Экономист-сарапшы Дәурен АРЫННЫҢ пайымынша, зейнетақы қаражатын инновациялық технологияларға, инфрақұрылымға, ғылым мен өндірісті дамытуға бағыттау тиімді болар еді. Алайда ғылымды дамытуға, инновацияны жетілдіруге келгенде біз кеш қозғалдық.

«Нанотехнология, биотехнология және ғылымды дамыту қашан да өзекті. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу бүгінгі күні ерекше маңызды. Сондықтан қаржыны осындай бағыттарға бөліп қана қоймай, оның тиімді жұмсалуын нақты бақылау қажет. Бізде зерттеу мен ұзақ мерзімді пайым жеткіліксіз. Қаржыны игеру мен бөлінген қаражаттың қайтарымын бақылау мәселесі де әлсіз», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. БЖЗҚ-ға жеке зейнетақы қорларынан мұра болып қалған проблемалық активтердің бір бөлігі әлі күнге дейін қайтарылған жоқ. Сарапшының мәліметінше, ондаған компанияның БЖЗҚ алдындағы берешегі 61,6 млрд теңгеге жуық. Бұл қарыздардың бір бөлігі 2013 жылы жеке зейнетақы қорларынан БЖЗҚ-ға берілген проблемалық активтердің қатарында болған.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ қарызын өтемеген бірқатар компаниямен соттасып жатыр. Олардың арасында банктер де, түрлі кәсіпорындар да бар.

«БЖЗҚ бүгінде қарызын қайтармай жүрген компаниялармен соттасып жатыр. Олардың жалпы қарызы 61 млрд теңгеден асады. Бір ғана зейнетақы қорының қаражаты отандық банктерге де, шетелдік қаржы ұйымдарына да, ұлттық компанияларға да, шетелдік компанияларға да берілді. Бірақ осы инвестициялардың нәтижесінде айқын серпіліс көрсеткен салаларды көп кездестіре бермейміз», – дейді Дәурен Арын.

Маманның ойынша, мәселе зейнетақы активтерін инвестициялаудың өзінде емес. Негізгі сұрақ – бұл ақшаның қаншалықты сауатты әрі қауіпсіз басқарылып отырғанында. Өйткені БЖЗҚ-дағы қаражат мемлекеттің немесе жекелеген компаниялардың меншігі емес. Ол – миллиондаған азаматтың болашақ зейнетақысы. Сондықтан қор активтерін басқарудағы кез келген қате шешімнің артында адамның тағдыры тұр.

«Енді Ұлттық банк пен Үкімет зейнетақы жүйесін реформалауға кіріссе, бұрынғы қателіктер қайталанбауы керек. Жекеменшік қорларға 100 пайызға басқару мүмкіндігін беру мәселесі көтерілсе де, ең алдымен олардың жауапкершілігі, инвестициялық тәуекелі, ашықтығы және салымшылар алдындағы міндеттемесі нақты белгіленуге тиіс. Халықтың маңдай терімен жиналған зейнетақы қаражаты экономиканы дамытуға жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ ол үшін инвестицияның бағыты нақты стратегияға, қатаң бақылауға және ашық есептілікке негізделуі керек. Әйтпесе, бүгінгі инвестициялық шығын ертеңгі зейнеткердің мәселесіне айналуы ықтимал», – деп ойын түйіндеді экономист-сарапшы.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз