Сараптама

«Тандем «тәтті» болмайды». Жапаров «кетпеннің басын» қалай баса жаздады?

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылғы президент сайлауына қатысып, екінші мерзімге қалуға ниетті екенін алғаш рет ашық мәлімдеді.

Жапаров

Бір қарағанда, бұл – президенттің сайлауға тағы түсетіні туралы саяси жаңалық қана. Алайда Жапаровтың екі сағатқа жуық сұхбаты Қырғызстанда үлкен пікірталас туғызды. Әсіресе оның «Қамшыбек Ташиевті президент еткім келген» деген сөзі қоғамның бір бөлігін елең еткізді. Бұдан бөлек, қырғыз президенті елдегі саяси ахуалға, журналистер мен белсенділердің қудалануы туралы сынға, «Құмтөр» мәселесіне және мемлекетке қайтарылған активтердің есебіне қатысты пікір білдірді.

Жапаров: «Тағы бір мерзімге сайлануым керек болды»

13 тамызда Садыр Жапаров тәуелсіз журналист Әли Тоқтақұновқа сұхбат берді. Сұхбат «Құмтөр» кенішінен басталып, Теңіз Бөлтүрік, Камчыбек Ташиев, Қытаймен қарым-қатынас, сыртқы қарыз, коррупциямен күрес, журналистер мен белсенділердің сотталуы, президент туыстарының ықпалы жайындағы мәселелерге жалғасты. Бірақ саяси тұрғыдан сұхбаттағы ең басты жаңалық – Жапаровтың 2027 жылғы сайлауға қатысатынын ашық жариялауы болды. Ол сұхбат барысында: «Барамын. Өзім тағы бір мерзімге сайлануым керек болып қалды», – деді.

Жапаров қарсыластарына жол ашық болатынын, ешбір кандидатқа тосқауыл қойылмайтынын да мәлімдеді. Бұған қоса, бұрынғы сайлаулардағыдай мұғалімдер мен дәрігерлерді әкімшілік ресурстың бір бөлігі ретінде үгіт жұмысына пайдалануға жол берілмейді деп уәде етті. Бұл мәлімдеме іс жүзінде Қырғызстандағы президенттік сайлау науқанының бейресми басталғанын аңғартады. Қырғызстанда кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.

Жапаровтың сұхбатын жай ғана журналист сұрақтарына берілген жауаптардың жиынтығы деп қабылдау қиын. Президент өз билігінің ең даулы тақырыптарының әрқайсысына дерлік тоқталып, кейінгі бес жылдағы саясатына өзіндік түсіндірме берді. Мәселен, «Құмтөр» тақырыбында ол кенішті мемлекетке қайтару жоспары 2020 жылғы Қазан оқиғасынан кейін жасалғанын, бұл жоспарды президент сайлауы аяқталғанға дейін құпия ұстағанын айтты. «Құмтөрдан» түсіп жатқан қаражаттың тұрғын үй құрылысына, мектеп пен балабақша салуға, жол жөндеуге, зейнетақы мен жәрдемақыларды көтеруге жұмсалып жатқанын алға тартты. Ал коррупцияға қарсы күрес кезінде мемлекетке қайтарылған активтерге келгенде, Жапаров Камчыбек Ташиев командасының есебіне күмән келтірді. Оның сөзінше, «коррупциядан 4 млрд доллар қайтарылды» деген сандар жағдайды дәл көрсетпейді. Кейбір активтердің бағасы нарықтық құнынан бірнеше есе жоғары есептелген. Жапаров қазір сол мүлікке ревизия жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бұл сөздің саяси астары бөлек. Коррупцияға қарсы жаппай «кустуризация» – Ташиев ҰҚМК-ны басқарған жылдары биліктің ең көп жарнамалаған жетістіктерінің бірі болатын. Енді президент сол науқанның статистикасына өзі күмән келтіріп отыр. Яғни сұхбат арқылы Жапаров тек өзінің жетістігін көрсетіп қана қойған жоқ, биліктің бұрынғы екінші адамын айыптағандай болды.

Журналистер мен белсенділердің қудалануы жөніндегі сұраққа келгенде президент «оларды билік емес, заң жазалап жатыр» деп заңға сілтеді. Жапаров кейінгі жылдары сот жүйесі түбегейлі өзгергенін, бұрынғы кезеңмен салыстырғанда халықтың сотқа сенімі артқанын мәлімдеді.

Қытай тақырыбында Жапаров Бейжіңмен экономикалық байланысты қорғады. Оның айтуынша, соңғы бес жыл ішінде Қытайдан мемлекеттік қарыз алынбаған, бұрынғы берешектің шамамен 500 млн доллары өтелген және қалған 1,3 млрд долларды 2035 жылға дейін жабу жоспары бар. Қырғыз президенті «Қытайға қарсы көңіл күйді сыртқы және ішкі күштер әдейі қоздырады» деген пікір айтты.

Қырғыз президенті туыстарының кеденге, «Құмтөрге» немесе басқа мемлекеттік салаларға ықпалы бар деген айыптарды да жоққа шығарды. Ол туыстарына да, шенеуніктерге де «қазынаға тиіспеу» талабы қойылғанын мәлімдеді.

Осының бәрін бір арнаға жинағанда, сұхбаттың сайлауалды сипаты анық байқалады – Жапаров қоғамға «Не істедім, нені жалғастырамын, қандай сынмен келіспеймін және енді кіммен бірге емеспін?» деген сұрақтарға бір мезетте жауап бергендей. Соңғы сұрақтың жауабы, әрине, Камчыбек Ташиевке тіреледі.

Ташиев пен Жапаров
Фото: ашық дереккөз

«Екі дос» тандемі – қызметсіз қалған Ташиев

Садыр Жапаров пен Камчыбек Ташиевтің саяси тандемі кейінгі бес жылдағы Қырғызстан билігінің басты ерекшеліктерінің бірі болды. Екеуі де 2020 жылғы саяси дағдарыстан кейін билікке қатар келді. Жапаров президенттік билікті қолына алды, ал Ташиев Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы болып, кейін министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарды. Бірі мемлекеттің саяси бағытын басқарса, екіншісі қауіпсіздік құрылымдары мен коррупцияға қарсы күрестің негізгі тұлғасына айналды. Бірақ 2026 жылғы 10 ақпанда Жапаров көпшілік күтпеген шешім қабылдап, Ташиевті қызметінен босатты. Артынша ҰҚМК жүйесінде өзгерістер басталып, Ташиевпен байланыстырылған бірқатар саяси және мемлекеттік қызметкерлер қызметінен кетті немесе қылмыстық істерге ілікті. Шілдеде «75-тің хаты» ісі бойынша Ташиев пен тағы бірнеше адам сот залында отырды. Сондықтан Жапаровтың соңғы сұхбатындағы ең тосын мәлімдеме – оның бастапқыда 2027 жылы өзі сайлауға түспей, президент тағын Ташиевке қалдыруды ойлағанын ашық айтуы болды. Ол осы жоспарын Ташиевке екі-үш жыл бұрын айтқан-мыс. «Дайындал, айналаңды тазала, адамдарыңды тәрбиеле» деп ескертіп отырған. Егер Ташиев жеткілікті тәжірибе жинап, дайын болса, Жапаров өзі сайлауға бармай, оны қолдамақ болған. Бірақ кейін пікірін өзгерткен. Өйткені Ташиев президент қызметіне дайын емес болып шыққан. Оның айтуынша, Ташиев бес жыл жақсы жұмыс істегенімен, өзінің айналасындағы туыстарын, сыныптастары мен жақын адамдарын толық бақылай алмаған. Бұған қоса, Жогорку Кенеш депутаттарының «генералдың адамдары» және екінші саяси топ болып бөлінуі президентті алаңдатқан. Жапаров мұндай бөліну елді қайтадан «солтүстік-оңтүстік» принципімен жіктеуге апаруы мүмкін екенін айтып, «Ташиевті сондықтан қызметтен алдым» деп түсіндіреді. Сонымен бірге ол Ташиевпен дос болып қала беретінін айтса да, мемлекеттік қызметке досын әзірге қайтармайтынын да анық аңғартты.

Сырттай қарағанда, бұрынғы тандем арасындағы сайлау мәселесі осымен жабылған сияқты. Бірақ Жапаровтың «оны президент еткім келген» деген бір ауыз сөзі жаңа даудың есігін ашты.

Садыр Жапаров
Садыр Жапаров. Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Жапаровтың сөзі неге сынға қалды?

Қырғызстандағы сынның негізі Жапаровтың Ташиевті қолдауды жоспарлағаны емес, «оны президент қылып қоямын» деген сөзі болды. Қырғыз қоғамында президент билігінің бір адамнан екінші адамға мұра секілді берілу ықтималдығы – аса нәзік тақырып. Бұған Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков арасындағы бұрынғы «мұрагер» тарихы да өз әсерін тигізді. Сондықтан Жапаровтың сөзі биліктің ауысуын халықтың таңдауынан бұрын жеке лидерлердің өзара келісімі шешеді дегендей әсер қалдырды.

Саясаттанушы Марс Сариев мәселені бұдан да кеңірек қарастырады. Оның пікірінше, Қырғызстанда саяси институттардың әлсіздігі салдарынан саяси процестер әлі де жеке қарым-қатынас, кландық және корпоративтік келісімдерге тәуелді. Ол Атамбаев-Жээнбеков пен Жапаров-Ташиев тандемдерінің тағдырын институционалдық жүйенің орнықпауының көрінісі ретінде атады.

Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы мүшесі Ұзарбек Жылқыбаев мәселенің заңды жағына назар аударды. Оның айтуынша, партиялар мен саяси күштердің өз командасынан мұрагер дайындауы – қалыпты саяси құбылыс. Бірақ түпкілікті шешімді президент немесе бір саяси топ емес, халық қабылдайды.

Журналист Айданбек Акмат уулу бұдан да қатаң баға берді. Ол Жапаров пен Ташиев арасындағы жағдайды «мысық пен тышқан ойыны» деп сипаттап, екі саясаткердің де президент болуға амбициясы күшті болғанын айтты. Оның болжамынша, биылғы «75-тің хаты» төңірегіндегі оқиғалар да осы амбициялар қақтығысының салдары болуы мүмкін.

Ал бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов бұл сөзді осы күйінде қабылдамау керек деп есептейді. Куловтың түсіндіруінше, Жапаровтың айтқысы келгені – «Ташиевті сайлауға шығарсам, кандидатурасын қолдаймын» деген мағынада болуы ықтимал, өйткені президентті бәрібір халық сайлайды.

Сонымен бірге Кулов Жапаровтың Ташиев туралы айтқандары барлық сұраққа жауап бермейді деп ойлайды. Ол президент Ташиев туралы кей нәрселерді жасырып, айтпай қалды деп есептейді.

Кубан ТААБАЛДИЕВ
Фото: Кубанычбек ТААБАЛДИЕВ

Кубанычбек ТААБАЛДИЕВВ, «Ала-Тоо» халықаралық университетінің профессоры: Ташиевтің жақтастары әлі де одан үмітті

Қырғызстандағы жағдайдан хабардар азаматтардың көпшілігіне Ташиевтің жақын ортасы бірнеше жылдан бері оны сайлауға қатысуға табанды түрде үгіттеп жүргені белгілі. Олар мұны Қырғызстанның бүкіл оңтүстігі, яғни ел халқының 50 пайыздан астамы, тиісінше, электораттың жартысынан көбі қолдайды деп есептейді. Әсіресе оны елдегі екінші лауазымнан «негізсіз» алып тастағаннан кейін бұл пікір күшейе түсті. Соған қарамастан, К.Ташиев С.Жапаровқа бәсекелес болмайтынын мәлімдеп қана қоймай, өз жақтастарын сайлауда досын қолдауға шақырды.

Қазіргі уақытта Қырғызстанда сайлауға қатысуға дайын басқа саясаткерлер байқалмайды. Олар сайлау жақындаған кезде пайда болуы мүмкін. Алайда олардың саяси демарштарын өзін-өзі жарнамалау әрекеті ретінде ғана қабылдау керек.

Ал Жапаровтың екінші рет сайлауға түсетініне келетін болсақ, Садыр Жапаров билікке келгеннен кейін, 2021 жылы жаңа Конституция қабылданды. Оған сәйкес, Қырғызстанда мемлекет басшысы 5 жылдан екі мерзімге сайлана алады. Демек, Садыр Жапаровтың өкілеттік мерзімі 2022 жылғы қаңтарда қайта сайланған сәтінен бастап есептеледі.

Президент сайлауы төңірегіндегі интрига «75 ақсақал» деп аталған топтың елдің Жогорку Кенешіне жолдаған хатынан кейін басталды. Олар Садыр Жапаровтың билік ету мерзіміне қатысты түсініспеушілікке байланысты ел президенті мен парламент спикеріне мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы өтініш білдірген. Хат бастамашылары президенттің 5 жылдық мерзімін оның алғаш рет 2021 жылы сайланған кезінен бастап есептеген дұрыс деп санады. Сондықтан олар парламент спикеріне мерзімінен бұрын сайлау өткізуді жариялап, сол арқылы бұл мәселеге нүкте қоюды қалады.

Бастама авторлары бір қарапайым жайтты ескермеді: Қырғызстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдум өткізілген кезде жаңа Конституцияға сәйкес, Қырғызстан президентінің жаңа сайлауы өтетіні және сайланған мемлекет басшысы елді 5 жыл басқаратыны көрсетілген еді.

Асығыс әрекет еткен кейбір саясаткерлердің амбициясы мен ойластырылмаған қадамы салдарынан олардың көшбасшыларының бірі ретінде Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Нурланбек Тургунбек уулу аталды, 2026 жылғы ақпанда Қырғызстанда «саяси дауыл» болды. Соның нәтижесінде сол кездегі елдегі екінші адам, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиев, парламент спикері, арнайы қызмет басшылығының едәуір бөлігі және парламенттің оннан астам депутаты қызметінен алынды немесе өз еркімен отставкаға кетті. Сол оқиғалардың салдары әлі де жалғасып жатыр. Бірнеше айдан бері сот процесі жүріп жатыр.

Ташиевтің жақтастары өздерінің кумирі әрі көшбасшысы бәрібір сайлауға қатысуға шешім қабылдайды және қазіргі билікке қарсы бірдеңе ұсына алады деп әлі де үміттенеді. Алайда олардың пойызы өтіп кетті, ал қазіргі мемлекет басшысы жаңа саяси дивидендтерге ие болып қана қоймай, халықаралық аренадағы салмағын да барған сайын арттырып келеді.

Садыр Жапаров
Фото: ашық дереккөз

Жапаровқа саяси қарсылас табыла ма?

Бұған дейін Жапаровтан өзге ешбір салмақты саясаткер президенттікке қатысатынын ресми мәлімдеген жоқ. Көпке белгілі, саяси салмағы, танымалдығы және билік ресурсы жағынан Жапаровқа ең ықтимал бәсекелес тұлға – Камчыбек Ташиев еді. Бірақ ол сайлауға қатыспайтынын бірнеше рет айтып, шілдеде Жапаровты қолдайтынын тағы қайталады. Сондықтан бірқатар саяси сарапшылар әзірге Жапаровқа қарсы тұрарлық кандидатура жоқ деп санайды. Мысалы, «Жас Алашқа» пікір білдірген қырғыз саяси сарапшысы Бакыт Орунбековте осы пікірде. Оның айтуынша, қазір С.Жапаровтың саяси алаңдағы рейтингі жоғары. Оның сайлаудағы артықшылығы – кейінгі бес жылда елде қол жеткізілген саяси-экономикалық жетістіктер. Сондықтан Жапаровтың алдағы сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

Демек, Садыр Жапаров әзірге саяси алаңда айқын басымдыққа ие. Оның рейтингі жоғары, кейінгі бес жылдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер биліктің басты аргументіне айналды, ал басты қарсылас саналған Қамчыбек Ташиев сайлаудан шет қалды. Бірақ дәл осы жағдай сайлаудағы бәсекеге қатысты күмәнді күшейтеді. Жапаров «барлығына жол ашық» дейді. Ендеше, басты сын – сол жолдың шынымен ашық болуында. Егер салмақты қарсылас шықпаса немесе шыққан кандидаттар Жапаровпен тең жағдайда күресе алмаса, бұл сайлау қазіргі президенттің жеңісін бекітетін саяси рәсімге айналып кетуі мүмкін. Сондықтан 2027 жылғы науқанның негізгі интригасы – Жапаров жеңе ме, жеңбей ме дегенде емес, қырғыз қоғамында шын саяси таңдау бола ма деген сұрақта жатыр.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз