Сараптама

Дер кезінде қойылмаған диагноз: соқырішектен қайтыс болған баланың анасы әділдік іздейді

13 жастағы жалғыз ұлынан айырылған ақтаулық Жұлдыз Азанова әділдік іздейді. Ұлы Исмаилдың денсаулығы 17 қаңтарда нашарлап, іші ауыра бастаған. Бала бірнеше дәрігердің қабылдауында болып, тексеруден өткенімен дерті дер кезінде анықталмапты. Алдымен балаға «соқырішек» деген диагноз қойылады.

Жұлдыз Азанова

 Артынша, ақ халаттылар бұл болжамды жоққа шығарады. Дерт дендеп, баланың жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана оған шұғыл ота жасалады. Дәрігерлер Исмаилдың өмірін сақтап қалуға бар күшін салғанымен, жеткіншекті аман алып қалу мүмкін болмаған. Перзентінен айырылған ана медицина қызметкерлерінің тарапынан жіберілген олқылықтардың себеп-салдарын толық анықтап, кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Жұлдыз Азанованың айтуынша, ұлының денсаулығы сыр берген сәттен бастап дереу медициналық көмекке жүгінген. Исмаил іш тұсының ауырып жатқанын айтқанда, анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырған. Ол ұлын Ақтау қаласындағы №2 емханаға, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына және инфекциялық ауруханаға апарған.

«Исмаил қаңтар айында ауыра бастады. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Жедел жәрдемдегілер тек қызу түсіретін дәрі берді. Олар кеткеннен кейін де дене қызуы түспеді. Содан көлікпен өзім ауруханаға апардым. Онда бір күн жатып, «укол, система» алып үйге қайттық. Сосын балам қайта ауырды. Тағы да жедел жәрдем шақырдым. Ауруханаға апарып, «соқырішек» деген диагноз қойды. Бірақ кейін анықталмады деп, ол диагнозды алып тастады», – дейді анасы.

Алайда баланың жағдайы тәуірленудің орнына, күн сайын нашарлай берген. Жұлдыз Азанованың айтуынша, ұлы қатты әлсіреп, қан құса бастағаннан кейін ғана дәрігерлер оның жағдайына назар аударған. Анасының пайымынша, дәрігерлер нақты диагнозын таба алмай жүрген кезде ауру асқынып кеткен. Ота кезінде соқырішектің жарылғаны, іш қуысына инфекция тарағаны және ішкі ағзаларға зақым келгені анықталған.

«Отаға дейін баламның жүрегі бір рет тоқтады. Сол сәтте дәрігерлер ота жасап жатқан бөлмеге жинала бастады. Баланың жағдайы өте ауыр екенін айтып, аман қалу екіталай деді. Ота кезінде дәрігерлер соқырішек жарылып кеткенін анықтады. Тоқ ішек шіріп, өңеші жыртылып кеткен. Уақыт жоғалғандықтан, ота кезінде хирургтар тек соқырішекті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болды», – дейді Жұлдыз Азанова.

Осыдан соң И.Азанов санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілген. Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының мамандары баланың өмірін сақтап қалу үшін екі айға жуық күрескен. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, Исмаил сәуір айында көз жұмды. 13 жастағы ұлынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан ана дәрігерлердің дер кезінде дұрыс диагноз қоймай, салғырттық танытқанының салдарынан осындай жағдай болып отыр деп есептейді.

«Дәрігерлердің салғырттығы салдарынан өмірге енді ғана қадам басқан 13 жастағы жалғыз ұлым Исмаилдан айырылдым. Оның«соқырішек» екені дер кезінде анықталып, уақытылы ем көрсетілгенде, бүгін ұлым ортамызда жүрер еді. Мен әлі сене алмай жүрмін. Әлі күнге дейін есіктен кіріп келердей көрінеді. 12 сәуірде баламды соңғы рет көремін деп ойлаған жоқпын. Ұлымды бірнеше рет ауруханаға жатқызбай, үйге қайтарып жіберді. Біз медициналық көмекке жүгіндік, дәрігерлерге сендік. Бірақ баламның жағдайы күн сайын нашарлай берді. Енді осы жағдайға кінәлі адамдар заң алдында жауап беруі керек», – деп күйінді анасы.

Марқұмның анасы медициналық құжаттарда көрсетілген тағы бір сәйкессіздікке де назар аударды. Оның айтуынша, ота барысында дәрігерлер баласының жүрегі төрт рет тоқтағанын ауызша хабарлаған. Алайда кейін қолына тиген медициналық құжаттарда бұл көрсеткіш бір ғана жағдай ретінде тіркелген. Ж.Азанова ауызша айтылған мәлімет пен ресми құжаттағы деректің арасындағы айырмашылық тексерілуі керек деп санайды. Оның пікірінше, баласының өліміне қатысты барлық медициналық құжат пен дерек мұқият зерттеліп, қайшылықты тұстарға нақты құқықтық баға берілуі тиіс.

Ұлының өлімінен кейін Жұлдыз Азанова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Денсаулық сақтау министрлігіне үндеу жолдаған. Оған себеп, медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберді делінген қызметкерлердің басым бөлігіне тек тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланғандығы. Марқұмның анасының сөзінше, жауапты деп танылған медицина мамандарының көпшілігі оқиғадан кейін де мемлекеттік медициналық ұйымдарда жұмыстарын жалғастырған. Ақтау қалалық денсаулық сақтау басқармасы да баланың өлімінен кейін дәрігерлерге сөгіс жарияланып, бір ғана қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлаған. Алайда Жұлдыз Азанова мұндай шараны жеткіліксіз деп санайды. Ол ұлының өліміне әкелген әрекеттерге қатаң құқықтық баға беріліп, кінәлі деп танылған медицина қызметкерлері заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы бірқатар медициналық ұйымға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде балаға көрсетілген медициналық көмектің ұйымдастырылуы мен құжаттамасына қатысты бірқатар елеулі кемшілік анықталған. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы Исмаилды 17, 23 және 25 қаңтарда бірнеше рет стационарға жатқызудан бас тартқан. Бұдан бөлек, қажетті консилиум өткізбеген, баланың медициналық ұйымға әрбір келген уақыты толық тіркелмеген. Тексерушілер пациенттің денсаулық жағдайы жеткілікті деңгейде бағаланбағанын және клиникалық хаттамалар талаптарының сақталмағанын да анықтаған.

Ал Ақтау қаласындағы №2 емханада баланың анамнезі толық жиналмағаны, зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері ескерілмегені белгілі болған. Сондай-ақ қойылған диагноз клиникалық белгілерге сәйкес келмеген және медициналық көмекке жүгінулердің бірінде баланы дәрігердің өзі тікелей қарамаған. Тексеру қорытындысымен медициналық ұйымдарға тәртіптік және экономикалық сипаттағы шаралар қолданылып, жинақталған материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Осыдан кейін прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қаласының №2 емханасына экономикалық санкция салған.

Жұлдыз Азанова медицина саласындағы қордаланған мәселелерге денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова тікелей жауапты деп санайды. Ол министрді Астана мен Алматыдан бөлек, өңірлердегі медициналық мекемелердің жағдайын өз көзімен көруге шақырды.

«Министр өңірлерге барып, халықтың жағдайын өзі көруі керек. Астана мен Алматыдағы медицинаны ғана емес, аймақтардағы ауруханалардың жұмысын да бақылауға алуы қажет», – деді Жұлдыз Азанова.

Бірер күн бұрын денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы жағдайға қатысты пікір білдіріп, кінәлілердің тиісті жазаға тартылатынын жазды.

«Маңғыстау облысында баланың қаза болу жағдайы менің тұрақты жеке бақылауымда болды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жоспардан тыс тексеруінің және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде құрылған комиссияның жұмысының нәтижелері бойынша Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 қалалық емханасында медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды», – деп жазды министр.

А.Әлназарованың мәліметінше, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылған.

«Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры атқарып отырған қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсету фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жағдайды бақылауды жалғастырамыз. Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Астанада қаза болған баланың анасын жеке қабылдаймын. Бұл қайғы отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады», – деді Әлназарова.

Жұлдыз Азанова бұл жағдайға тәртіптік емес, құқықтық тұрғыдан да баға беріліп, кінәсі дәлелденген тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейді. Ол дәрігерлердің қателігінен ешбір отбасының мұндай күйге түспегенін қалайды. Өйткені дер кезінде көрсетілмеген медициналық көмек кейде бір адамның ғана емес, тұтас бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін.

Маржан Сәбет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз