Сараптама

Каспий құбырын көздеген «құзғын-дрондар»: Қауіп неге сейілмеуі мүмкін?

Шілдеде Қара теңіздегі бірнеше дрон шабуылы Қазақстанның басты мұнай экспорты арнасын тұралатып, елдегі өндірісті қысқартуға мәжбүр етті.

КҚК

Иә, еліміз соғысқа қатыспайды, жекелеген компаниялар болмаса, санкциядан да аман. КҚК-дағы ірі жобалардың артында америкалық және еуропалық компаниялар тұр. Соған қарамастан, соғыстың салдары енді Қазақстанның мұнай өндірісіне де қауіп төндірді. АҚШ араласқаннан кейін Киев КҚК инфрақұрылымы мен белгілі бір танкерлерге соққы жасамауға келісті. Бірақ бұл Қазақстанның басты мәселесін шешпейді. Себебі ел экспортының басым бөлігі әлі де соғыс жүріп жатқан аймақтың іргесіндегі жалғыз бағытқа тәуелді. Ал Украинаның «шабуыл жасамаймын» деген сөзіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Ктк
Фото: Michael Shtekel/Copyright 2026 The AP

КҚК-да не болып жатыр?

Шілде Қазақстанның мұнай саласындағы ең мазасыз айлардың біріне айналды.Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы терминалы маңында танкерлерге бірнеше рет дронмен шабуыл жасалды. Салдарынан КҚК мұнай тиеуді қайта-қайта тоқтатуға мәжбүр болды. 17 шілдеде ExxonMobil-ға мұнай тиеуге келген танкер зақымданса, кейінгі бірнеше күн ішінде тағы бірнеше кеме соққыға ұшырады. 20 шілдеде Nelsa танкеріндегі өрттен кейін терминал жұмысы тағы тоқтатылды. Ал ай соңында екі кемеге кезекті рет шабуыл жасалып, КҚК шілде ішінде үшінші мәрте мұнай тиеуді тоқтатты.Мәселе теңіздегі бірнеше кеменің зақымдалуымен аяқталған жоқ.

КҚК – Қазақстан экспорттайтын мұнайдың шамамен 80 пайызы өтетін негізгі жол. Қазақстандағы кен орындарынан шыққан шикізат 1 500 шақырымнан астам құбыр арқылы Ресей аумағын кесіп өтіп, Новороссийск маңындағы теңіз терминалына келеді. Сол жерден танкерлерге тиеліп, әлемдік нарыққа шығады. Қалыпты кезеңде бұл бағыт тәулігіне 1,5-1,7 млн баррель мұнай өткізе алады. Сондықтан Қара теңіздегі терминал бір күнге жабылса, оның салдары Атырау мен Маңғыстауда бірден сезіледі.

21 шілдеде терминалдағы резервуарлар толып, КҚК Қазақстаннан мұнай қабылдауды тоқтатты. Бірнеше күннен кейін еліміз өндірісті қысқартуға мәжбүр болды. Reuters дерегінше, бір кезеңде Теңіз кен орнындағы тәуліктік өндіріс 925 мың баррель шамасынан 406 мың баррельге дейін түскен. Ел бойынша мұнай және газ конденсатын өндіру тәулігіне 2,07 млн баррельден 1,63 млн баррельге дейін азайды. Кейін өндірістің бұдан да төмендеген күндері болды.

Шілде қорытындысында КҚК арқылы мұнай тиеу жоспардан 20 пайыздан астам кеміді. Халықаралық нарыққа тәулігіне шамамен 400 мың баррель мұнай жетпей қалды. Қазақстандағы мұнай өндірісі маусыммен салыстырғанда 14 пайыз төмендеді.

Энергетика сарапшысы Олжас Байділдинов ашық есебінде өндірістің қысқаруынан Қазақстанның шілдеде мұнай мен газдан 700 млн доллардан астам кіріс жоғалтуы мүмкін екенін айтты. Оның бағалауынша, өндіріс 20 пайызға қысқарған күннің өзінде мұнай секторы мен бюджет үшін жоғалған түсім тәулігіне бірнеше миллион доллармен есептеледі.

Мұның бәрі КҚК мәселесінің енді сыртқы саясат туралы жаңалық қана емес екенін көрсетті. Ол теңге бағамына, бюджет кірісіне, Ұлттық қорға түсетін ақшаға, мұнай компанияларының салықтарына және тұтастай экономикалық өсімге әсер ететін факторға айналып отыр.

кқк
Фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

АҚШ неге араласты?

Шілдедегі шабуылдардың ізін ала Вашингтон мәселені Киевпен тікелей талқылауға кірісті. 8 тамызда Bloomberg АҚШ шенеунігіне сілтеме жасап, Украина КҚК инфрақұрылымына және Қазақстан мұнайын тасымалдайтын белгілі бір ресейлік емес танкерлерге соққы жасамауға келіскенін хабарлады. Уағдаластық бойынша кеме Украина санкциясына ілікпеуі, Ресей мұнайын немесе басқа жүгін тасымалдамауы және ресейлік тұлғаларға тиесілі болмауы тиіс. Сонымен бірге кемесі бар компаниялар мен Украина тарапы арасында танкерлер туралы ақпарат алмасатын арнайы байланыс механизмі құрылатыны айтылды.

Алайда 12 тамызда Financial Times бұл келісімнің қалай пайда болғанына қатысты маңызды детальды жариялады. Украинадағы шенеуніктер мен өзге дереккөздерге сүйенген басылым 31 шілдеде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Володимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, Новороссийск портына кіретін мұнай танкерлеріне дрон шабуылын тоқтатуды тікелей сұраған.

Вашингтонды екі мәселе алаңдатқан. Біріншісі – КҚК арқылы Қазақстаннан келетін мұнай азайса, онсыз да тұрақсыз әлемдік мұнай нарығында бағаға қосымша қысым түседі. Екіншісі – соққылар америкалық Chevron және ExxonMobil компанияларының Қазақстандағы мүдделеріне тікелей зиян келтіріп отыр.

Вэнс пен Зеленский сөйлескеннен кейін Украина КҚК терминалы маңындағы танкерлерге жаңа соққы жасамаған. Киев КҚК инфрақұрылымы мен ресейлік емес кемелерге, егер олар Украина санкциясына ілікпесе және Ресей жүктерін тасымалдамаса, шабуыл жасамауға келіскен.Украинаның жоғары лауазымды өкілдерінің бірі Киевтің Вашингтонның өтінішіне жауап ретінде арнайы «механизмдер» құрғанын және КҚК мәселесі АҚШ пен Қазақстан үкіметтерімен келіссөздерде тұрақты түрде көтеріліп келгенін айтқан.

Бұл жерде АҚШ-тың араласуын тек Қазақстанның мүддесін қорғау деп түсіндіру дұрыс емес сияқты. Өйткені Вашингтонның өзінің де үлкен экономикалық мүддесі бар. Chevron Қазақстандағы Теңіз кен орнының 50 пайызына, ExxonMobil 25 пайызына иелік етеді. Екі компанияның да КҚК-да үлесі бар. АҚШ шенеунігінің айтуынша, Трамп әкімшілігі КҚК-ны Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына жеткізетін және Ресей энергиясына балама болатын стратегиялық арна ретінде қарастырады. Сондықтан шілдедегі дрон шабуылдары Қазақстанға экспорт мәселесі болса, Вашингтон үшін бір мезетте америкалық инвестиция, Еуропаның энергия қауіпсіздігі және әлемдік мұнай бағасы мәселесіне айналды.

Дрон
Фото: Sofiia Gatilova/REUTERS

Украинаның мақсаты не?

Украинаның Ресей энергетикасына қарсы стратегиясы түсінікті. Киев соңғы жылдары Ресей мұнай өңдеу зауыттарын, қоймаларын, порттарын және санкцияларды айналып өтуге көмектесетін «көлеңкелі флот» кемелерін жүйелі түрде көздеп келеді. Украин тарапы мұны Ресейдің соғысты қаржыландыратын кірістерін азайту және армияның отын логистикасын бұзу амалы ретінде түсіндіреді. Мәселен, шілденің басында Украина күштері Қырымға жанармай жеткізетін Ресейдің «көлеңкелі флотына» жатқызылған бірнеше танкерге соққы жасағанын ресми түрде мойындады.

Әрина, мұны соғыс логикасына салсаң, қалыпты жағдай саналады. Алайда КҚК Ресей аумағымен өткенімен, ондағы шикізаттың негізгі бөлігі – Қазақстан мұнайы. Оны Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді кен орындары береді. Олардың ішінде америкалық және еуропалық инвесторлардың үлесі жоғары. КҚК экспортының негізгі бөлігі Ресейдің мемлекеттік мұнай экспортынан бөлек коммерция болып саналады. Сондықтан КҚК-ға немесе Қазақстан мұнайын тиеп тұрған танкерге соққы жасауды «Ресейдің соғыс экономикасын әлсірету» деген формуламен ғана түсіндіру қиын. Шілдедегі белгілі бір танкерлерге шабуылдауға қатысты жауапкершілікті Киев ресми түрде мойындаған жоқ. Ресей Украинаны айыптады, ал Киев бұл оқиғаларға түсініктеме бермеді. Сондықтан «Украина Қазақстанның мұнайын тасымалдаушы танкерлерге әдейі шабуылдады» деп кесіп айтуға да дәлел жеткіліксіз. Бірақ мұны басқалай түсіндіру де қиын. Мұны тек Қара теңіздегі әскери операциялар кезінде азаматтық және стратегиялық нысандарды ажыратудың қиындауы, танкерлер туралы ақпараттың дер кезінде жетпеуі және Ресей порттарына қысымның күшеюі сияқты факторлармен түсіндіруге болатын сияқты...

Олжас БАЙДІЛДИНОВ
Фото: ашық дереккөз

Олжас БАЙДІЛДИНОВ, энергетика сарапшысы: КҚК-ға шабуыл тоқтайтынына сенбеймін

– Шабуылдар мақсатты түрде жасалды. Басты нысан танкерлер емес. Бұған дейінгі шабуылдарда, соның ішінде қараша айында КҚК инфрақұрылымына, кеңсесіне, мұнай тиеу айлағына (МТА) соққы жасалып, МТА жойылған болатын. Кейін Украина шабуылды өздері жасағанын мойындады.

Ал жыл басында бос тұрған, яғни Новороссийск портына бет алған немесе теңізде өз кезегін күтіп тұрған танкерлерге шабуыл жасалды. Бұл жолы да теңіздегі танкерлерге емес, мұнай тиеп жатқан танкерлерге соққы берілді. Әртүрлі уақытта үш түрлі танкерге үш рет шабуыл жасалды. Оның жай ғана кездейсоқ оқиға болуы мүмкін емес. Жанармай құйып жатқан танкерді жанармай бекетінде тұрған көлікпен салыстыруға болады. Жолда бара жатқан немесе жай тұрған көлікке шабуыл жасау бір басқа да, жанармай құйып жатқан көлікке шабуыл жасау – бір басқа. Яғни мұнда қауіп әлдеқайда жоғары және бұл әрекет әлдеқайда үлкен шығын келтіруді көздегені айқын. Олар мұнайдың жарылуын, өртенуін және МТА-ның зақымдануын қалады. Қазір мұнда екі МТА жұмыс істеп тұр. Негізінен, егер тағы бір МТА зақымданса, Қазақстанның мұнай экспорты алдағы 6-12 ай бойы төмендер еді. Сондықтан да Қазақстан мұны «экономикалық суверенитетке (егемендікке) жасалған қатер» деп мәлімдеді. Өйткені жай танкерлерге шабуыл жасалса, мемлекеттік органдар бұрынғыдай «бұл танкерлер жалдамалы, біздікі емес, тікелей шығын жоқ» деп құтыла алар еді. Бұл жолы шабуылдың сипаты мүлдем басқа болды.

Ал әңгіме болып жатқан келісімге келетін болсақ, мен біреудің белгілі бір келісімге келгеніне сенбеймін және біреудің біреуге уәде бергеніне де күмәнім бар. Бұл – Bloomberg агенттігінің өз дереккөздеріне сілтеме жасап таратқан ақпараты. Сыбыс пен күмән көп. АҚШ-тағы біреулер Украинадағы біреулермен сөйлесіпті-міс, олар өзара келісіпті, енді соққылар тоқтайды-мыс... Мұның бәрі тым жадағай болжам. Сондықтан біреудің келісе алғанына және мұндай соққылардың тоқтайтынына сенбеймін.

Бұдан бөлек, мұндай шешімдердің барлығы спутниктік байланыс, спутниктік түсірілімдер арқылы бағыт-бағдар беріп отырған тараптардың да қатысуымен қабылданады. Демек, әрекеттердің бәрі олардың келісімімен жасалып жатыр. Шабуылдар жалғаса береді және бұл қақтығыс пен шабуылдардың одан әрі өрши түсері анық.

Ал Қазақстанның балама жол іздеуіне тоқталар болсақ, КҚК-ға ешқандай балама болуы мүмкін емес. Қайталап айтамын, КҚК – халықаралық энергетикалық консорциум. Америкалық және еуропалық компаниялардың бұл консорциумда өз үлестері бар. Олар Қазақстанға келген кезде де дәл осы бағытты өздері таңдаған. Себебі КҚК қазақстандық мұнайды тасымалдауға арналған ең жылдам әрі экономикалық тұрғыдан ең тиімді бағыт.

Салыстырмалы түрде айтсақ, КҚК арқылы Атыраудан Қара теңіз портына дейін жеткізу барреліне шамамен 5 доллар тұрады. Ал Каспий теңізі, Әзербайжан және БТЖ (Баку – Тбилиси – Жейхан) арқылы өтетін бағыт барреліне 15-17 долларға түседі, яғни үш және одан да көп есе қымбат. Сонымен қатар Қазақстанда үлкен танкерлік флот жоқ, Каспий тартылып бара жатқандықтан танкерлерге мұнайды толық көлемде тиеу мүмкін емес.

Оның үстіне БТЖ және Әзербайжан арқылы көп мұнай айдай алмаймыз. Өйткені Әзербайжан мұнайының сапасы басқа, ол жерге біздің мұнайды көп қоса алмаймыз. Қысқарта айтқанда, жақын арада КҚК-ға ешқандай балама болмайды. Ал егер бұл балама бағыттармен біреу айналысуы керек болса, ол – шетелдік компаниялардың өзі. Өйткені КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың 90%-ы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағандыкі. Ал олар – Қазақстан территориясында мұнай өндіріп жатқан шетелдік консорциумдар.

Қазақстан өзінің мұнай экспорты стратегиясын қайта қарай алмайды. Өйткені балама бағыттарды – Қытайға, Каспий арқылы немесе Парсы шығанағындағы оңтүстік елдер бағытында бірен-саран жобаларды жүзеге асырғанға дейін Қазақстанда мұнай таусылып бітеді. Мен бұл туралы бұрыннан айтып келемін, бізде мұнай көп емес, 2030 жылдардан кейін біз мұнай өндірудің төмендеу фазасына өтеміз. Өндіріс көлемі азаятынын біле тұра, ешкім де жаңа балама бағыттар салмайтынын естен шығармайық.

КҚК
Фото: КҚК

Қазақстанға ең қауіптісі дрон емес

Шілдедегі шабуылдар Қазақстан экономикасының бұрыннан белгілі әлсіз жерін қайта көрсетті. Елдің негізгі мұнайы бір экспортты дәлізге байланып қалған. КҚК жақсы жұмыс істеген кезде мұның артықшылығы көп – маршрут қалыптасқан, өткізу қуаты жоғары, Теңіз бен басқа кен орындарының инфрақұрылымы соған бейімделген. Бірақ соғыс басталғалы осы экономикалық тиімділіктің екінші жағы анық көрінді. Қазақстан өзінің ең маңызды экспорттық тауарын әлемдік нарыққа шығару үшін басқа мемлекеттің аумағына және соғыс аймағына іргелес теңіз портына тәуелді. Шілдеде мұның қалай жұмыс істейтінін көрдік.

Бір сөзбен айтқанда, Украина мен Ресей соғысы КҚК-ға әлі де қауіпті. Себебі соғыс аяқталған жоқ. Новороссийск әскери және энергетикалық тұрғыда Ресейге маңызды аймақ болып қала береді. Украина Ресейдің мұнай инфрақұрылымына қарсы шабуылын тоқтатпайды. КҚК құбырының Ресей аумағындағы жүздеген шақырымы мен Қара теңіз терминалын қандай да бір дипломатиялық уәдемен толық қауіпсіз ету мүмкін емес.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз