Ресейдің арзан астығы отандық шаруаларды шығынға батырды
Еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осы «орынтаққа» жайғасқалы бері мономәдениет мәселесін (тек қана бидай егу) жиі көтереді.
Ол – министр қызметіне кіріскен 2023 жылдардан бастап Қазақстанның аграрлық секторындағы бидайға деген шектен тыс тәуелділікті сынап келді. Өңірлерді аралау барысында шаруаларға нарыққа бейімделіп, бидайға тәуелділіктен кезең-кезеңімен кету керектігін түсіндірді.
Былтыр өз мәлімдемелерінде министр Сапаров мономәдениет алқаптары азайып жатқанын, соңғы екі жыл ішінде бидай егістігі 750 мың гектарға дейін қысқарғанын айтып, есеп беретін. Министрлік бұл саясатты жүзеге асыру үшін егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша бақылау қатаңдатылатынын да мәлімдеді. Егер шаруалар мен әкімдіктер бекітілген жоспардан ауытқып, тек бидай еге беретін болса, бұл мемлекеттік қолдау мен субсидиялау тетіктеріне әсер етуі мүмкін екені де ескертілді.
Осылайша, келешекте бидайдан да табысы жоғары, суды үнемдейтін дақылдарды өсіру мақсатында министр Айдарбек Сапаровтың жаңа саясаты жүзеге асырылуда. Қазірде осы саясаттың салдарынан еккені бидай, ал көргені шығын шаруалар шырылдай бастады.

Шаруалар неге жылайды?
Отандық шаруалардың сөзіне жүгінсек, қазір жұмсақ бидай өсіру тым тиімсіз. Себебі қазақстандық нарықты өзіндік құны төмен ресейлік бидай басып алған. 2025-2026 жылдар аралығында маркетингтік маусымда Ресейден Қазақстанға бидай импорты шамамен 6 есеге жуық өсіп, 1,9-2 млн тоннаға жеткен. Ресейдегі ауқымды өндіріс көлемі мен олардағы шығындардың аздығы және рубль бағамының теңгеге шаққандағы әлсіреуіне байланысты Ресейдің астығы айтарлықтай арзан. Ресейлік бидай бағасы Қазақстанның бидайының бағасына қарағанда 10-15 долларға (шамамен 5 000-7 000 теңгеге) арзан. Міне, осындай арзан импорттың кесірінен ішкі нарықта отандық бидайға деген сұраныс төмендеп кеткен. Отандық фермерлерге өз өнімін тиімді бағамен сату қиындап, кейбір кәсіпорындар жұмсақ бидай егу көлемін қысқартып, басқа дақылдарға ауыса бастаған. Мәселен, Eurasia Farm Innovations (EFI) ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмсақ бидайды тек 2024 жылы егіп көрген. Кәсіпорын басшысы Қайрат БИСЕТАЕВТЫҢ сөзінше, сол жылы барлық өсірілген дақылдардың ішінде тек жұмсақ бидайдың табыстылығы төмен болған. Сондықтан компания 2025 жылдан бастап жұмсақ бидайдан толық бас тартып, тек қатты бидай өсіруге көшкен.
Сондай-ақ Ресейдің арзан астығы Қазақстанның Орталық Азиядағы (Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан) дәстүрлі экспорттық нарықтарына да белсенді түрде кіріп, қазақстандық трейдерлерді де ысырып жатқан көрінеді. Бұдан бөлек, қазақстандық ұн тарту зауыт-фабрикалары да шығынды азайту үшін отандық қымбат бидайдың орнына ресейлік арзан шикізатты сатып алуға көбірек қызығушылық танытуда.
Отандық диқандарға ресейлік арзан астықпен бәсекелесуден бөлек, биылғы қолайсыз ауа райы да үлкен соққы болып тиді. Жаздың басындағы қолайлы жағдай шілденің ортасында қатты ыстыққа ұласып, егістіктің өсуін тежеген. Аптап ыстық егістіктің өнімділігіне кері әсер еткен. Кей шаруашылықтар заманауи агротехнологияларды қолданғанымен, құрғақшылықтың салдарын толықтай жоя алмаған.

Biotix Engineering компаниясының директоры Дамир ҚАЛДЫБАЕВТЫҢ айтуынша, биыл бидайдан алынатын табыс өткен жылғы деңгейге де жетпеуі мүмкін. «Өткен жылдағыдай 1-ден 13,5 теңге пайдаға дейін жетпейміз. Бірақ 1-ден 3 немесе 1-ден 4-ке дейінгі нәтиже болады деп ойлаймын», – дейді ол.
Осылайша, қазақстандық фермерлер, бір жағынан, арзан ресейлік астықпен бәсекелесуге мәжбүр. Екінші жағынан, биылғы құрғақшылық ішкі өнім көлемін де қысқартады. Сөйтіп, бидайдан түсетін табыс биыл тағы мардымсыз болғалы отыр.
Сылдыр саясат неге апарды?
Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, доцент Қадырбай ТӘЖИЕВТІҢ пікіріне сүйенсек, жалпы, үкіметтің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты амбициялық мақсаттары өте көп. Тіпті оны орындай ала ма, орындай алмай ма, байыбына барып жатқандар шамалы. Әйтеуір елдің алдына шығып, жоспарларын бірінен кейін бірі жариялайды. Шындығында, оны жұрт қорытып, електен өткізіп те үлгермейді.

«Білесіз, 2022 жылдан бері Үкімет жаңа Қазақстан құрамыз деп жанталасып, жанығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа Қазақстан машинасы қоғамға жіберілді, ол заулап барады. Енді Үкімет сол көштен қалып қоймауы үшін іркес-тіркес реформаларды, жобаларды, жоспарларды ұсынып әлек. Алайда осы жоспарлардың көпшілігі есеп беру үшін ғана даярланғандай болып көрінеді. Жоспар бар, сол бойынша есеп беріледі, сонымен іс тамам. Өз басым, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты құрылған кешенді жоспарлардың орындалу барысына қарап осындай баға беремін. Агро-секторды дамытуға қатысты қазіргі қадамдарымызды сауатты дей алмаймын», – дейді ғалым.
Қадырбай Тәжиевтің ойынша, қазір біз агроөнімдерді халықтың сұранысына қарай өндіре алмай отырмыз. Жұрттың қалтасы көтеретін құны арзан әрі сапалы отандық өнімдер нарыққа шығарылып жатқан жоқ. Әлі күнге дейін агроөнімдерді вагон-вагон етіп шетелден тасып жүрміз. Бидайға дейін Ресейдің өнімі нарықты жаулап барады. Ал ол импортпен ілесіп елге инфляция да келіп жатыр.
«Осы уақытқа дейін Үкімет бюджеттің қаражатын импортқа жұмсап, шетелден тауарлар сатып алуға тым үйір болды. «Өзімізде өндіріп әуре болғанша, өнімді өзгеден сатып ала салғанымыз дұрыс» деген қағиданы ұстанған шенеуніктердің кесірінен отандық өндірісімізді тұралаттық. Қазір соның «жемісін жеп» келеміз. Рас, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты субсидия да бөлінді, дотациялар да берілді. Өкінішке қарай, Үкімет сол бөлінген қаражатты бақылауда ұстай алмады. Бюджеттен берілген ақша «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Егер қазынадан бөлінген қаражаттың бақылауы мықты болғанда, әрбір жоспар мен реформа сауатты жүйеленгенде нақ қазір біз «ауыл шаруашылығының гүлденетін дәуірін өткізіп алдық, қолымызды кеш сермедік» деп отырмас едік. Әлдеқашан егістіктеріміз әртараптанып, жоғары пайдасы бар дақылдарды алып отыратын едік. Енді келіп бидай өсіретін алқаптардың көлемін азайтып, егістікті басқа дақылдармен әртараптандырамыз деп жүргенде Ресейдің арзан астығына нарығымыз айқара ашылды. Міне, министрлердің сылдыр саясаты осыған апарды», – дейді маман.
Сала маманының ойынша, енді министр Айдарбек Сапаров министр ретінде барлық салаға ден қою керек. Қазақстан бидайды шикізат күйінде экспорттаумен шектелмей, оны терең өңдеп, глютен, крахмал, макарон және басқа да дайын өнімдерді экспорттауға ұмтылуы керек. Сол кезде бізге бидай алқаптарын қысқартып, азайтудың да қажеттілігі болмайды. Алдағы уақытта бұл бағытқа ауыл шаруашылығы министрі ерекше мән бергені жөн.
Сондай-ақ сала маманының пайымдауынша, алдағы бес жылдағы ең үлкен қатердің бірі – Оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы. Ескі суару жүйесімен ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Тамшылатып суаруды жетілдіру туралы көп айтылғанымен, мәселе әлі толық шешілген жоқ. Су мәселесі шешілмей, басқа реформалардың нәтижесі де мардымсыз болуы мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері.
«Жер – ауыл шаруашылығының негізгі активі. Сондықтан игерілмей жатқан жерлерді нақты жұмыс істейтін шағын және орта фермерлерге беру үдерісін соңына дейін жеткізу қажет. Ауылдарда қажетсіз болып жатқан шикізатты шетелден дайын өнім әкелудің орнына өзіміз өңдеп, қосылған құны жоғары тауар өндіруіміз керек. Қазақстан – бюджет қаражатына шетелдік өнімді сатып ала беретіндей бай мемлекет емес. Сондықтан отандық шикізатты терең өңдеп, агроөнеркәсіптік өндірісті жедел дамыту – уақыт талабы. Министр осыны нақты зерттеу қажет», – дейді Қадырбай Тәжиев.
Ресейдің саудасын қашанғы қыздырамыз?
Әлемдік экономиканы бақылаушы сарапшы Әсем ҚАСЫМХАНОВАНЫҢ пайымдауынша, біз жуық арада Ресейдің арзан астығынан құтылғымыз келсе, салмақты шешімдер қабылдануы керек. Себебі Ресей жылдың соңына дейін бидай, арпа, жүгері экспортына салынатын «өзгермелі» баж салығын нөлдік деңгейге дейін түсіріп тастады. Бұл шешім Ресейдің өз ішіндегі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған.
«Қара және Азов теңіздеріндегі әскери қақтығыстар мен порттарға жасалған шабуылдар салдарынан Ресейдің дәстүрлі астық экспорттау бағыттарының 70 пайыздан астамы бұзылды. Экспорттаушылардың сақтандыру жарналары мен тасымал шығындары күрт өсті. Сондықтан баж салығын алып тастау трейдерлер мен фермерлердің осы шығындарын ішінара жауып, оларды шығыннан құтқарады. Салықтың алынып тасталуы ресейлік бидайдың әлемдік нарықтағы бағасын арзандатып, халықаралық саудадағы әсіресе Түркия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі үлесін сақтап қалуға көмектеседі. Ресейде соңғы жылдары өнім өте көп жиналды. Егер экспорт тоқтап қалса, ішкі нарықта астық бағасы тым арзандап, фермерлер жаппай банкротқа ұшырауы мүмкін. Салықты жою өнімді сыртқа тезірек шығаруға жол ашады. Сол үшін де Ресей осындай қадамға барды. Бұл шешім, әрине, Қазақстан үшін үлкен экономикалық қысым тудырады. Салықсыз, арзан ресейлік астық Қазақстан нарығын ғана емес, Қазақстанның негізгі астық өткізетін нарығы саналатын Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Ауғанстанға ағыла бастайды. Бұл отандық фермерлеріміздің өнімін өткізуді одан әрі қиындатып, қазақстандық бидайдың пайдасын төмендетеді. Сондықтан алдағы уақытта бұған қатысты салмақты шешімдер қабылдануы тиіс», – дейді сарапшы Әсем Қасымханова.
Рас, Қазақстан тарапы да қарап отырған жоқ. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған деректерге жүгінсек, 2026 жылғы 27 шілдеден бастап Қазақстанға ЕАЭО (оның ішінде Ресей) және үшінші елдерден бидайды автомобиль, су және теміржол көлігімен әкелуге 6 айлық мерзімге тыйым салған. Тыйымнан тек теміржол арқылы тікелей құс фабрикаларына, ұн тартатын және астық өңдейтін кәсіпорындарға, лицензиясы бар элеваторларға және мемлекеттік «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» жеткізілетін астық қана тыс қалды. Бұл ретте әкелінген бидайды ішкі немесе сыртқы нарықта қайта сатуға тыйым салынды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден бидай сатып алуға құқығы бар отандық кәсіпорындардың да тізімін 31 пайызға қысқартыпты. Егер бұрын тізімде 200-ден астам өңдеуші мен 72 құс фабрикасы болса, жаңа шешім бойынша тек 164 өңдеуші кәсіпорын мен 40 құс фабрикасына ғана Ресейден шектеулі көлемде астық алуға рұқсат берілген.
Енді осы арада қазақстандық ұн тартушылар қауымдастығы бұл тыйымдар мен импорттаушылар тізімінің қысқаруы ішкі нарықта ұн бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
«Ресейден арзан астық алу мүмкіндігі шектелгендіктен, отандық диірмендер қымбатырақ қазақстандық бидайды сатып алуға мәжбүр. Шикізат құнының өсуі дайын ұнның өзіндік құнын автоматты түрде көтереді. Әсіресе Ресеймен шекаралас аймақтардағы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодардағы ұн тарту зауыттары ресейлік шикізатқа қатты тәуелді. Олар арзан бидайдан айырылған соң, өндірісті азайтуға немесе тоқтатуға мәжбүр болады, бұл нарықта ұн ұсынысын азайтып, бағаны өсіруі мүмкін», – дегенді салалық мамандар да еске салады.
Әйтеуір, бұл тақырып «бір жыртығын жамасаң, екінші жыртығы қылтияды» дегендей болып отыр. Енді алдағы уақытта министр Айдарбек Сапаровқа бұл мәселенің тігісін жатқызу үшін әдемі есеп емес, сауатты жоспар керек екені айдан анық.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ