«Қазақфильмнің» жері кімнің «көз құртына» айналды?
Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы 5 гектар жердің болашағы киногерлерді алаңдатып отыр.
Аталған аумақ қазір Алматы әкімдігіне қарайды. Сол себепті жергілікті билік «Қазақфильм» аумағында қоғамдық орын немесе «Қазақстан киносының паркін» құруды жоспарлаған. Ал қазақ киногерлері бұл бастамаға қатысты шешілмеген мәселелер барын алға тартады. Бірнеше жылдан бері дауға айналған жағдай Қазақстан Кинематографистері альянсының бастамасымен Киногерлер үйінде өткен баспасөз конференциясында көтерілді.
Киногерлердің сөзінше, аумақтың тағдырына қатысты ақпарат тарағаннан кейін үш ұйым (Қазақстан Кинематографистер одағы, Қазақстан Кино өнері мен ғылымы академиясы және Қазақстан Киногерлер лигасы) мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғаларға хат жолдап, жердің қазіргі жағдайына қатысты ақпарат беруін сұраған. Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Адай ӘБІЛДИНОВТІҢ айтуынша, құзырлы органдардың бұған дейін берген жауабында қарама-қайшылық бар.

«Біз уәкілетті органдарға бірнеше хат жолдадық. Бізге келген жауапты қысқаша түйіндейтін болсақ, әкімдік тарапынан әзірге нақты шешім қабылданбаған, бұл аумақта не болатыны әлі белгісіз екен. Қоғамдық тыңдау да, ашық талқылау да өткізілмеген. Бірақ біз «Қазақфильмнің» 5,5 гектар аумағында жер қазылып, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Іс жүзінде белгілі бір жұмыстар басталып кеткен. Ал ресми органның жауабында бұл жерде ешқандай жұмыс басталмағаны айтылған», – дейді Адай Әбілдинов.
Кинематографистер «Қазақфильм» аумағын абаттандыруға немесе оны қала тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға беруге қарсы емес. Керісінше, сала өкілдері бұл жерді қала үшін ашық, заманауи мәдени-қоғамдық орынға айналдыруға болатынын айтып отыр. Сонымен қатар Қазақстан киногерлер одағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Үндеуде «Қазақфильм» аумағындағы 5,5 гектар жерге қатысты жағдайды жеке бақылауына алуды сұраған. Киногерлер мемлекет басшысынан, ең алдымен, бұл аумақта «Кинематографистер паркін» салу туралы шешімнің заңдылығын тексеруді талап етуде. Олар саябақ салу туралы шешімді нақты қай мемлекеттік орган мен лауазымды тұлға қабылдағанын, оның қашан және қандай құжат негізінде бекітілгенін анықтауды сұрап отыр. Сонымен қатар одақ аталған аумақтың Қазақстан киносы тарихындағы тарихи-мәдени маңызына арнайы зерттеу немесе сараптама жүргізілген-жүргізілмегенін білгісі келеді. Киногерлердің айтуынша, жоба әзірленбес бұрын режиссерлер, кино мамандары, киносыншылар, тарихшылар, сәулетшілер және мәдениет саласының сарапшыларымен кеңесу қажет болған. Егер мұндай талқылаулар өткізілсе, оған кімдердің қатысқаны және қорытындысы қандай болғаны туралы ресми ақпарат берілуі тиіс. Киногерлер қауымдастығының кәсіби мамандарымен бірлесіп қоғамдық талқылау өтпейінше құрылыс жұмыстарын тоқтатуды сұрап отыр. Жоба қала тұрғындарына, сала мамандарына, экологтарға, урбанистерге ашық болуы тиіс деп санайды.

Кинематография өнері мен ғылымдары академиясының президенті Рашид НҰҒМАНОВТЫҢ айтуынша, «Қазақфильм» аумағындағы 5,5 гектар жердің мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл аумақ сонау 1960 жылдардың соңында киностудияны кеңейту мақсатында берілген.
«1960 жылдары бұл жерге жаңа павильондар, түсірілім алаңдары мен декорациялар салу көзделген еді. Яғни аумақтың барлығы киностудияны дамытуға берілді. 1980 жылдары жаңа павильонды кешеннің құрылысы аяқталған кезде студия технологиялық жарақтануы жағынан Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарлы киностудиялардың біріне айналды. Ол кезде бізге басқа студиялар қызығушылықпен қарап, тәжірибемізді үлгі ететін еді. Өкінішке қарай, 1990 жылдардан кейін бұл даму қарқыны тоқтап қалды. Киностудияның даму қарқыны бәсеңдегеннен кейін аталған аумақтың бір бөлігі пайдаланылмай, бос жатты. Сол себепті тұрғындардың игілігіне беру керек деген ұсынысты түсінуге болады. Біз бұл аумақты абаттандыруға қарсы емеспіз. Бос жатқан жердің қалаға пайда әкелгенін қолдаймыз. Бірақ ол тек ойын-сауық немесе тақырыптық парк ретінде пайдаланумен шектелмеуі керек. Бұл аумақ киностудияның өзін дамытуға да қызмет етуі қажет», – деді Рашид Нұғманов.
Осыған байланысты Нұғманов кәсіби кинематографистер ұйымдарының өкілдері жобаны қайта қарау туралы бастама көтеріп отырғанын атап өтті.
«Алматыда саябақтар жеткілікті, олардың абаттандырылып жатқанына ешкім қарсы емес. Бірақ бұл аумақтың ерекшелігі бар. Ол тек халықтың отбасымен келіп, отырып қайтатын саябақ қана болмауы керек. Бұл жер қалаға да, кинематографистерге де қызмет етуі тиіс. Мұнда фильмдер түсіріліп, кино өндірісі дамып, мәдени іс-шаралар өтіп, жастардың кинематографияға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалуы керек», – деді Академия президенті.
Қазақстан Кинематографистер лигасының төрағасы Айдар БАТАЛОВТЫҢ айтуынша, «Қазақфильм» аумағында тақырыптық парк салынып, онда кино түсіруге мүмкіндік беріледі деген ақпарат болған. Алайда қала орталығында кәсіби түсірілім жүргізу үшін ең алдымен қажетті инфрақұрылым қарастырылуы керек еді.
«Бізге бұл жерде тақырыптық парк болады және оның аумағында кино түсіруге мүмкіндік беріледі деп айтылды. Бірақ қала ортасында түсірілім ұйымдастыру үшін автокөліктерге, өрт сөндіру көлігіне және түсірілім кезінде пайдаланылатын арнайы техникаға арналған тұрақтар қажет. Қазақстанның кино саласына да фильм түсіруге арналған локациялар мен қажетті инфрақұрылымы бар орын керек. Бізде кино түсіретін жерлер аз емес, алайда кәсіби жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жағдайды да ескеру қажет», – деді Айдар Баталов.
Баталов әкімдік пен Мәдениет министрлігі кинематографистердің ұсыныстарына құлақ асады деп үміттенетінін айтты. Сонымен бірге ол «Қазақфильмнің» қазіргі жағдайына студияның өзі де жауапты екенін атап өтті.

Ал Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Адай Әбілдинов «Қазақфильм» аумағына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын атап өтті. Ол билік өкілдерін кинематографистермен ашық диалог орнатуға шақырды.
«Біздің ұсыныстарымыз естіледі деп үміттенеміз. Диалог орнаған кезде аумақты одан әрі абаттандыру, оған қажетті қаражатты қарастыру және киностудияның мүмкіндігін кеңейту мәселелерін де талқылай аламыз. Біз «Қазақфильмнің» Орталық Азиядағы ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жетекші киностудия ретіндегі беделін сақтап, оны одан әрі дамытуымыз керек», – дейді Адай Әбілдинов.
Кинорежиссер Сатыбалды ТЕКЕЕВТІҢ айтуынша, Шәкен Айманов көзі тірісінде «Қазақфильмді» дамыту мақсатында Алатау совхозынан 22 гектар жер сұратқан. Қазір сол аумақтан 17 гектар ғана қалып отыр.
Ол былай дейді: «Ол кезде Алатау совхозы еді, әл-Фараби деген көше болмаған. Неге сонша аумақты кино түсіру үшін сұрап алғанын киногерлер жақсы түсінеді. 5-6 жыл бұрын түсірілген «Қазақ хандығы» фильмінің декорациясы да сол жерде болған. Оны осы жерді аламыз деген адамдар түнде келіп өртеп кетті. Бұл жер әл-Фараби даңғылымен ары-бері өткен адамның бәрінің көзіне түсіп отыр. Сондықтан біз ойымызды ашық білдіріп, «Қазақфильм» аумағындағы жерді кино өнері үшін сақтап қалғымыз келеді».

Баспасөз мәслихатына қатысқан киногерлер «Қазақфильмге» тиесілі жер телімдерінің алдағы тағдырына алаңдайтынын жасырмады. Оларда бұл аумақтардың қоғам игілігіне пайдаланылмай, басқа мақсаттарға берілуі мүмкін деген қауіп бар. Жиында сөз сөйлеген кинематографистер жер телімінде кинопарк салынады деген ақпаратқа да күмәнмен қарайтынын жеткізді. Айтуларынша, бұл жерлерге әлдебіреулердің көзі түсіп отыр. Олардың бұл аумаққа кинопарк емес, үлкен сауда орталықтары немесе элиталы тұрғын үй салынып кете ме деген қорқыныштары да жоқ емес. Киногерлер жердің нақты қандай мақсатқа берілетіні және оның болашағына қатысты шешімнің ашық болғанын қалайды.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, режиссер, актер, өнертанушы:
– Үш бірлестік бірігіп Альянс құрып, наразылығымызды осылай білдіріп жатырмыз. Өйткені «Қазақфильмнің» жеріне шабуыл жасалып жатқанына 20 жыл болады екен. «Алмай қоймаймыз» дегендерге, «бермей қоймаймыз» деп отырмыз. «Кинопарк салынады» дегені – өтірік әңгіме. Ешқандай кинопарк салынбайды. Осындай жолдармен 2007-2008 жылдары Сәтбаев көшесінің бойындағы неміс театрын тартып алған. Қазір ол жерде зәулім ғимараттар тұр. Қазіргі әл-Фараби-Назарбаев көшелерінің қиылысындағы телефильмнің үлкен ғимараты болған. Соны да осындай жолмен Алматы қаласының әкімдігі тартып алған. ҚазҰУ-дың да қаншама жерін алып қойды. Алматы ипподромын да «Қазақфильмге» парк салатын құрылыс компаниясы «қалпына келтіру жұмыстарын жасаймыз» деп кіріп, өздерінің мақсаты үшін иемденіп кетпек болды. Олардың өнер мен мәдениетке жаны ашымайды. Сол себепті бізге кинопарк салады дегенге сенбейміз. Рысқұлов көшесінде бізге тиесілі жер бар еді, оны да жоқ қылып жіберді. Қазір кейбіреулер ұлттық мәдениетке шабуылдап жатыр. Өйткені өнердің түбіне жетсе, қазақтың да түбіне жететінін біледі. Сондықтан біз Алматы қаласының әкімдігіне сенбейміз. Жауаптары да өтірік. Біз бұл жерді жас ұрпаққа қалдырғымыз келеді.
Маржан СӘБЕТ