«Атқа мінгендер» мен «аттан ауғандар»
Қазақстан Халық кеңесінің 23-24 қыркүйектегі алғашқы сессиясы қалай өтеді? Халық кеңесінің төрағасы кім болады деген сұрақ күні кешеге дейін жұртшылықтаң көкейінде жүрді.
Құрылтай жасақталып, Вице-президент тағайындалған соң Халық кеңесі көмескі тартқандай көрінген. Дегенмен де, мәртебесі жаңа Конституцияға енгізілген Халық кеңесі туралы Мемлекет басшысының өзі алғашқы сессияда басымдық бере айтқаны біраз сұраққа жауап сияқты көрінді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесінің құрамын 22 қыркүйекте бекітті. 23 қыркүйектегі сессия отырысына Тоқаев өзі қатысып, Кеңес төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Президент ұсынған кандидатура бірден қолдау тауып, Парламент Мәжілісінің экс-спикері Қазақстан Халық кеңесінің тұңғыш төрағасы атанды.
Негізі осы креслоға Қошановтың жайғасатыны көптен бері айтылып жүрді. Бірақ ол бұл лауазымға жалғыз кандидат болды дей алмаймыз. Көпшілік бұрынғы билік иерархиясындағы екінші және үшінші адам – Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың бірі Халық кеңесін басқаратынын сезді. Өйткені екеуі де «Әділет» партиясының Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізіміне енбей қалған болатын. Жаңа Ата заң қабылданып, билік бөлінісі басталғаннан бері осы екі спикер ғана жұмыссыз жүрген еді. Қошановқа қызмет табылды. Енді ол Халық кеңесін 4 жыл басқарады. Бір адам екі реттен артық Кеңес төрағасы болып сайлана алмайды.

Халық кеңесіне кімдер енді?
Кеңес құрамына 126 адам енді. Оның 42-сі – этномәдени бірлестіктерден, 42-сі – Мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден, 42-сі – азаматтық және мемлекеттік сектордан. Енді 126 адамнан тұратын тізімге кімдер енгеніне тоқтала кетейік.
Естеріңізде болса, 30 маусымда өткен Парламент палаталарының соңғы отырысында Тоқаев экс-депутаттардың бір бөлігі Халық кеңесіне мүше болуы мүмкін екенін айтқан. Бұған дейін Парламенттің түрлі шақырылымдарында депутат болған 16 адам Халық кеңесіне мүше болып қабылданды. Бұрынғыларды айтпағанда, Мәжілістің VIII шақырылым депутаты болған Мұрат Әбенов, Ермұрат Бапи, Аманжол Әлтай, Еділ Жаңбыршин, Нұртай Сабильянов сияқты экс-мәжілісмендер тізімде жүр.
Бұрынғы депутат Ермұрат Бапи жақында «Жас Алашқа» берген сұхбатында Халық кеңесіне шақырса, бас тартпайтынын айтқан еді. Енді, міне, консультативтік органның мүшесі атанды. Билік Жаңбыршин, Әбенов сияқты экс-мәжілісмендерді де ұмыт қалдырмапты. Олар белгілі деңгейде белсенді депутат болғанын білеміз. Мысалы, Жаңбыршин қаңғыбас иттермен, ЛГБТ өкілдерімен күресіп, «аты шыққан». Сондай-ақ тізімде Нұртөре Жүсіп, Геннадий Шиповских сияқты сенаторлар да бар.
Биыл жыл басында жаңа Ата заң дайындаған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында болған 25 адам Халық кеңесінің құрамына енді. Одан бөлек, жақында ғана экология министрі қызметінен босаған Ерлан Нысанбаев пен «Әділет» партиясының Құрылтай сайлауына қатысатын тізіміне енген экс-министр, қазіргі «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин де Кеңес мүшесі атанды.
«Әділеттің» тізімі дегеннен шығады, билік партиясы сайлауға қатысатын кандидаттар қатарына Шахмұрат Мүтәліп, Андрей Лаврентьев сияқты «жаңа Қазақстанның» жаңа олигархтарын да қосқан. Бизнесі бір басына жететін мұндай кісілер күні бойы Құрылтай қабырғасында отыра алмауы мүмкін, бірақ олар жылына бір мәрте жиналатын Халық кеңесіне қатысуға уақыт таба алары анық. Билік те соны түсінген сияқты, бизнесмендерді Құрылтайға емес, Халық кеңесіне жіберіпті. Сондай-ақ тізімде Геннадий Зенченко, Гаджи Гаджиев, Жұмабек Жанықұлов сияқты ірі кәсіпкерлер де бар. «Әділет» партиясының белсенді мүшесі ретінде көзге түскен Рауан Кенжеханұлы да Халық кеңесіне барады.
Халық кеңесіне мәдениет саласының өкілдері де енді. Атап айтқанда, Қазақстан президентінің кеңесшісі, жазушы Бауыржан Омаров, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ақын Мерей Қарт тізімге енді. Сондай-ақ журналист Ерқанат Көпжасарұлы, тележүргізуші Ольга Спирина, үнемі билікті жақтап отыратын блогер Алмас Алтай Халық кеңесінде жұмыс істейді. Билік мұндайда спортшыларды да естен шығармайды. Осы жолы грек-рим күресінен Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, грек-рим күресінен Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, көркем гимнастикадан Азия ойындарының чемпионы Әлия Юсупова тізімге енген.
Халық кеңесінің құрамына кірген 126 адамның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, ол қатарда орыс, түрік, дүнген, кәріс, әзербайжан, шешен, неміс, түркімен сияқты түрлі этностардың өкілдері жаңа Кеңеске мүше болды. Мұның өз себебі бар. Халық кеңесі құрылған соң Қазақстан халқы ассамблеясы тараған. Демек, бұған дейін ассамблея құрамында болған адамдарға Халық кеңесінен де орын табылды. Айта кетейік, ҚХА – елдегі ең ірі бірлестіктердің бірі болды. Бюджеттен жыл сайын мол қаржы бөлінді. Ассамблеяның 583 негізгі мүшесі болған. Бұл ұйымның мүшелеріне 2007 жылдан 2022 жылға дейін Мәжілістен 9 мандат беріліп келгенін білеміз. Ал 2023 жылы ҚХА-ның 5 мүшесі Сенатқа депутат болды.
Президент Тоқаев 23 қыркүйекте өткен Халық кеңесінің алғашқы сессиясында «консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын» еске салды.

Халық кеңесі қандай орган?
Қазақстан Халық кеңесі құрылатыны биыл 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың соңғы, V отырысында белгілі болған. Халық кеңесі бұған дейінгі Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнын басатыны айтылып жүрді. Демек, жаңа орган тыңнан түрен салып, айды аспанға шығара қоюы екіталай.
Халық кеңесінің мәртебесі жаңа Ата заңның 70-бабында жазылған. Ол бойынша, «Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган». Ал 2 шілдеде қабылданған Халық кеңесі туралы Конституциялық заңда «Кеңестің басты міндеті – мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыты бойынша жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру және қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту» деп жазылған.
Сондай-ақ кейбір сарапшылар «Халық кеңесі азаматтардың саяси процеске араласу, пікір білдіру мүмкіндігін арттырады» деп, жаңа органның мақтауын асырып жүр. Айтпақшы, Халық кеңесі – Қазақстандағы алғашқы конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы саналады. Бұған дейінгі Ұлттық құрылтай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты алаңдардың конституциялық мәртебесі болмаған еді. Ал Халық кеңесінің мәртебесі Ата заңда жазылып, арнайы конституциялық заң қабылданғанын айттық.
Халық кеңесі туралы Конституциялық заңда органның 9 түрлі өкілеттігі көрсетілген. Көпшілік соның ішіндегі екеуіне баса назар аударып отыр. Біріншісі – Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады. Екіншісі – жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.
Бұрын ел президенті, Парламент депутаттары және Үкімет заң шығаруға бастама жасай алатын. Енді сол қатарға Қазақстан Халық кеңесі қосылды. Бұл туралы жаңа Конституцияның 60-бабында жазылған. Қазір Қазақстандағы басты заң шығарушы орган – Құрылтай. Сарапшылар кәсіби заң шығарушы орган барда Халық кеңесіне заң жобасын дайындау құзыреті не үшін берілгені түсініксіз дейді. Бұған дейін «сырткөздер» ешқашан заң жобасын дайындамағанын айттық. Демек, жаңа бастама қандай нәтиже көрсетері алдағы уақытта белгілі болады.
Сарапшылар Халық кеңесіне Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өткізуге бастамашы болу құзыреті жайдан-жай берілген жоқ деп санайды. Өйткені жаңа Конституция бойынша Ата заңға кішігірім өзгерістің өзі референдум арқылы енгізіледі. Ал Ата заңға қайта-қайта өзгеріс енгізу – билікке абырой әпермейтін әрекет. Демек, билік алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енгізу немесе президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастамашы болу сияқты «қара жұмыстарды» Халық кеңесіне тапсыруы әбден мүмкін. Өйткені Халық кеңесінің «арғы атасы» саналатын ассамблея мұндай миссияны бірнеше мәрте атқарған. Мысалы, ҚХА 1995 жылы сәуірде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2000 жылы желтоқсанға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді, ал 2015 жылы ақпанда кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынғанын халық ұмыта қойған жоқ.
Енді бұл міндет Халық кеңесіне ауысқандай. Мәртебесі дардай кеңес қандай «тосын» ұсыныс айтатынын уақыт көрсетеді...
Қуаныш ҚАППАС