Қашағандағы $160 млрд-тың дауы Назарбаевтың құлағы қай тұстан көрінді?
Қазақстанның әлемдік мұнай алпауыттарымен Қашаған үшін күресі өршіп барады.
Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған дерекке қарағанда, Астана халықаралық арбитражда жалпы құны 10,7 млрд доллар болатын бірқатар келісімшартқа қатысты жемқорлық, мүдделер қақтығысы және негізсіз қымбаттату мәселесін көтерген. Бұл – Қашаған төңірегіндегі шамамен 160 млрд долларға бағаланып отырған алып даудың бір ғана бөлігі. Ең маңыздысы, жаңа айыптаулар Қазақстандағы мұнайдың кімге, қандай шартпен және қандай бағаға берілгені жөніндегі әңгімені қайтадан 1990жылдарға, Нұрсұлтан Назарбаев тұсында жасалған құпия келісімдерге әкеліп тіреді.
14 тамызда Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы Қашаған дауына қатысты бұрын жария болмаған жаңа мәлімет таратты. ICIJ дереккөздерінің айтуынша, Қазақстан үкіметі құпия халықаралық арбитражда Қашағанды игеру кезінде жасалған жалпы сомасы 10,7 млрд доллар болатын бірнеше келісімшартқа күмән келтірген. NCOC болса, өз мүшелерінің келісімшарттар негізінде, Қазақстан заңдары және қолданыстағы стандарттарға сай жұмыс істегенін мәлімдеді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан 2000 жылдардағы күмәнді келісімдер мен тиімсіз басқару Қашағанның уақытында іске қосылмауына кесірін тигізді, соның салдарынан мемлекет миллиардтаған доллар пайдадан айырылды деп санайды.
Қашаған дауын түсіну үшін 1997 жылға шегініс жасайық. Қазақстан үкіметі мен халықаралық мұнай компаниялары 1997 жылғы қарашада Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге – PSA-ға қол қойды. 1998 жылы барлау жұмыстары басталып, 2000 жылы Қашаған кен орны ашылды. Қазақстанның PSA жөніндегі уәкілетті органының ресми мәліметі бойынша, кен орнындағы геологиялық мұнай қоры шамамен 4,5 млрд тоннаға бағаланады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның жағдайы түсінікті еді. Мұндай өндіруі қиын теңіз кен орнын өз қаржысы және өз технологиясымен игеруге елдің мүмкіндігі жеткіліксіз болатын. Сондықтан қара алтын өндіру ісі халықаралық инвесторларға сеніп тапсырылды.
Мұнай өндірудің келісімі бойынша инвестор кен орнын іздеуге, салуға, игеруге миллиардтаған доллар жұмсайды. Мұнай шыққан соң алдымен сол шығынын өндірілген өнім есебінен қайтарып алады. Содан кейін ғана пайда мемлекет пен инвестор арасында бөлінеді. Алайда инвестордың өтелуге жататын шығыны неғұрлым көп болса, Қазақстанның пайда алатын кезеңі соғұрлым кейінге шегеріледі. Мысалы, бір нысан 1 млрд долларға салынуы керек болып, іс жүзінде 2 млрд долларға түссе және барлық 2 млрд доллар PSA бойынша «өтелетін шығын» деп танылса, артық шығынды компания көтермейді. Ол Қашаған өндірген мұнайдың есебінен қайтарылады. Міне, даудың бір ұшы осында жатыр.
Мұнай өндіру ауқымды һәм өте қиын іс. Көп жағдайда жоспарланған уақытта мұнай шыға бермейді. Қашаған жағдайында да солай болып шықты. 2013 жылы алғашқы мұнай алынғанымен, көп ұзамай құбырлардан ақау шығып, өндіріс қайта тоқтады. Толыққанды тұрақты өндіріс тек 2016 жылы басталды. ICIJ дерегінше, қазіргі арбитражда Қазақстан осы көпжылдық кешігудің бір бөлігін тек геология және технологиямен емес, басқарудағы кемшілік пен мердігерлік келісімдердегі ықтимал заңсыздықпен байланыстырып отыр.
Қазіргі үлкен тартыстың әлқиссасы 2023 жылы басталды. 11 сәуірде сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның Қашаған және Қарашығанақ жобаларының инвесторларына қарсы халықаралық арбитраж бастағанын растады. Қашаған бойынша Қазақстан 13 млрд доллардан астам шығынды, ал Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды PSA аясында мемлекет есебінен өтелмеуі керек деп даулады.
2024 жылғы сәуірде Reuters Bloomberg дерегіне сүйеніп, Қазақстанның Қашаған операторларына қойған талаптары 150 млрд доллардан асып кеткенін хабарлады. Бұрынғы даулы шығындарға қосымша Қазақстан 138 млрд долларға дейін талап енгізген. Бұл ақша Қашаған уақытында іске қосылған жағдайда, Қазақстан алуға тиіс болған, бірақ кешігудің кесірінен өндірілмей қалған мұнаймен байланыстырылды. Осылайша 2025 жылы істің жалпы көлемішамамен 160 млрд долларға жеткені белгілі болды. Қашаған бойынша талап Гаагадағы Тұрақты арбитраж сотында тіркелген, ал істі қарайтын трибунал Женевада жұмыс істеп жатыр. Сот процесі кемінде 2028 жылға дейін созылуы мүмкін.
ICIJ жариялаған құжатта Қазақстан Қашағаннан түсетін мұнай табысының бастапқы басым төлемдерден кейінгі 98 пайызы инвесторларға кетіп отыр деген уәж айтқан. Energy Insight & Analytics бағалауынша, 2016-2023 жылдары Қазақстан Қашағаннан пайда бөлу механизмі арқылы шамамен 1,1 млрд доллар алған. Мұнай сатудан түскен үлес, салық және өзге төлемдерді қоса есептегенде мемлекет кірісі 5,4 млрд долларға жеткен. Сол кезеңде NCOC шамамен 55 млрд доллардың мұнайын сатқан деген есеп бар. Бірақ бұл сандардың өзінде «ҚазМұнайГаздың» NCOC акционері ретінде алатын табысы бөлек екенін ескеру қажет. Яғни 98 пайыз туралы сан саяси жағынан өте әсерлі болғанымен, Қашаған экономикасын «Қазақстанға 2 пайыз, шетелдік компанияларға 98 пайыз» деген бір ауыз формуламен түсіндіру де дұрыс емес. Қазіргі мәселе әлдеқайда күрделі.
2026 жылдың қаңтарында Стокгольмдегі арбитраждық трибунал Қарашығанақ жобасындағы бірқатар даулы шығын бойынша Қазақстанның позициясын қолдады. Қазақстан 2010-2020 жылдары аралығында консорциум мемлекетке өтеуге ұсынған миллиардтаған доллар шығынға қарсы дауласқан. Трибунал Қазақстанның пайдасына шешім шығарғанымен, нақты өтем сомасы әлі түпкілікті анықталған жоқ, шамамен 2-4 млрд доллар көлемінде болуы мүмкін.
Жалпы, шетелдік БАҚ-та айтылып жатқан жемқорлық ісі бойынша да дерек жоқ емес. Мысалы, Қазақстанның заңгерлері Италиядағы қылмыстық істердің материалдарын трибуналға ұсынған. 2017 жылы бірнеше италиялық мердігер Қазақстанның Қарашығанақ және Қашаған жобаларынан тапсырыс алу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергенін мойындаған. Қазақстан дәл осы материалдарды қазір басқа юрисдикцияларда да пайдаланып жатыр.
2025 жылы Қазақстанның PSA уәкілетті органы Швейцарияда тағы бір азаматтық талап берген. ICIJ-дің АҚШ сот материалдарына сүйенген мәліметінде 2006-2011 жылдар аралығындағы ықтимал схемалар Қазақстан шенеуніктеріне пара беру және кейбір Eni басшылары мен делдалдарына сыйақы төлеу үшін пайдаланылды деген айып айтылған.
160 млрд доллар – халықаралық арбитраж тарихындағы ең ірі талаптардың бірі. Қолдағы мәлімет бұдан кеңірек стратегия болуы мүмкін екенін көрсетеді. ICIJ дереккөздері Қашаған бойынша жүріп жатқан бітім келіссөздерінде қазіргі өнімді бөлу туралы бастапқы келісімнің күшін жойып, кен орнын әрі қарай игеруді жаңа бірлескен кәсіпорын негізіне көшіру нұсқасы талқыланғанын хабарлады. NCOC бұл мәліметке түсініктеме бермеді. Дегенмен мұның өзі көп нәрсені аңғартады. Өйткені Қашағандағы қазіргі PSA әлі де шығындарды өтеу кезеңінің логикасымен жұмыс істеп тұр. Ескі келісім жойылып, орнына жаңа бірлескен кәсіпорын құрылса, Қашағанның болашақ экономикасын мүлде басқа қағида бойынша құруға мүмкіндік туады. Сонда 160 млрд долларлық талаптың стратегиялық мәні түсінікті бола түседі. Бұл тек «осынша ақша төлеңдер» деген талап емес, келесі бірнеше жылдағы Қашаған табысының қалай бөлінетінін қайта келісуге мәжбүрлейтін қысым құралына да айналуы мүмкін.Сондықтан қазіргі арбитраждың соңы да тек ақшалай өтеммен емес, жаңа экономикалық шартпен, мемлекет үлесінің өзгеруімен немесе PSA моделінің өзін алмастырумен аяқталуы ықтимал. Бұл әзірге болжам. Себебі ICIJ хабарлаған келіссөз нұсқасы дәл осы бағытты меңзейді.
Қашаған дауы 160 млрд доллар өндіру мәселесінен гөрі, 1990 жылдары қалыптасқан мұнай келісімдерінің моделін қайта қарау мәселесіне айналып келе жатқанға ұқсайды. Ал егер мемлекет сол дәуірдегі шығындарды жемқорлықпен байланыстырып отырса, жауапкершілік тек шетелдік компаниялармен ғана шектелмеуі тиіс.
Тұрсынбек БАШАР