Сараптама

Құрылтай депутаттары төсбелгіні енді жезден тағады

Біз білмеппіз ғой, ілгеріде Мәжіліс депутаттарының төсбелгісі 375-сынамалы алтыннан жасалыпты.

1

Оның бағасы 313 600 теңге болған екен. Яғни мәжілісмендердің әрқайсысы қарапайым жұрттың бір жалақысынан қымбат төсбелгіні жағаларына «жапсырып» жүріпті. Құрылтайшыларға мұндай «бақыт» енді бұйырмайын деп тұр. Өйткені төсбелгінің құрамы да, көлемі де өзгереді. Металын білгіңіз келсе, айтайық, Құрылтай мүшелері енді төсбелгіні алтыннан емес, жезден тағады.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. ОСК басшысының сөзіне қарағанда, бұл мәселе президенттің қатысуымен де талқыланғанға ұқсайды. Мемлекет басшысы төсбелгінің көлемін кішірейтіп, дайындау кезінде бағалы металдардан бас тартуды ұсынған көрінеді.

Сонымен Әбдіров бүй дейді: «Біз бұл мәселені комиссиямызда бірнеше рет, соның ішінде Монета сарайы мамандарын тарта отырып, егжей-тегжейлі талқыладық. Олар бізге бұл төсбелгіні жезден жасауға кеңес берді. Себебі мемлекеттік наградалардың басым көпшілігін дайындау кезінде осы жез қолданылады».

«Ендеше, мәжілісмендерді неге әлдеқандай қылып, алтыннан төсбелгі тақтық?» деп әңгімені көбейтудің қажеті жоқ. Негізгі мәселе мынада: депутаттардың төсбелгісі енді жезден соғылған соң, бағасы 7,5 есеге жуық арзандап, 42 000 теңгеге тоқтайды екен. Арзандаудың себебі жалғыз металында емес, көлемі де сәл-пәл кішірейеді. Бірақ түсі сақталады. «Меніңше, бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Ыңғайлы болады деп үміттенемін», – депті Нұрлан Әбдіров.

Солайы солай ғой, қай депутат «төсбелгім ыңғайсыз екен» деп «дау» шығарады дейсіз. Құрылтайға тұяқ іліктірген әр үміткер осы күндеріне тәубе айтуы тиіс. Себебі Құрылтайға бару – Мәжіліске бару емес. Парламенттің қос палатасы «құлап», жаңа замандық парламент жасақталатыны жоспарланғанда, Құрылтайға барсам деп «құйрығын көтергендер» аз болған жоқ. Соның ішінен бағы жанғандары мен бабы келіскендері ғана ертең депутат атанып, жезден соғылған жаңаша сипаттағы төсбелгілерін «сипап» отырады.

Айтпақшы, төсбелгінің өзгеруі ілгерідегі депутаттар үшін де жаман болмайын деп тұр. Өйткені бұрынғы депутаттар өкілеттігі аяқталған соң, төсбелгілерін қайтармай, үйлеріне алып кетеді. Яғни «құрылтайшы» бола алмағанына іші күйгендер жезден «сөлкебай» таққан кешегі бәсекелестерін қалай «мұқатам» десе де, өздері біледі. Ал бүгін де, кеше де депутат болғандар ше? Олар жезді – түзде, алтынды – үйде тақса, жарасатын шығар.

Басты мәселе, президент неге депутаттардың төсбелгісін жасауда қымбат металдардан бас тартуды ұсынды? Мұның сырын түйсіну аса қиын емес сияқты. Себебі «халық қалаулысы» деген жанама аты бар парламент өкілдері өздерінің қайдан келгенін, кімнің мүддесі үшін жұмыс істеуі керектігін ұмытпауы керек. Үнем деген мәселе алға шығып, қарапайым жұрт тамағының өзін тарта ішуге мәжбүр болғанда, депутаттардың алтын тағып, «жарқырап» жүргендері жараса ма? Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, кешегі депутаттардың төсбелгісі алтын болғанмен, бәрінің бірдей істері мен сөздері алтын болған жоқ. Мысалы, Дәулет Мұқаев тұсаукесуден «шаршағанда», сөредегі ішкиіміне дейін жұртқа көрсетіп, күлкіге қалды. Самат Нұртаза қазақ тілін кедейлер мен тачка итерушілердің тіліне теңеп, журналистермен жиі «төбелесті». Ал Ардақ Назаров парламентті тоймен шатастырып, анасына сәлем жолдады...

Міне, осындай оқиғалар мен қалаулылардың кеспіріне қарасаңыз, депутаттарға алтыннан гөрі жез жарасатын секілді. Дегенмен жездің де жай темір емес екенін ескеріңіз. Жез – мыс пен мырыштың қорытпасы. Құрамына алюминий, қалайы, никель сынды өзге де элементтер кіреді. Осының арқасында жез мыстан гөрі берік болады.

Байқаған шығарсыз, жез дегеніңіз жерде жатқан темір емес. Демек, Құрылтай депутаттарынан да жездің қасиетіндей дүниелерді күтуге Сіз бен біздің әбден қақымыз бар.

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз