Нариман Төреғалиев. «КІСІКИІК»
Әу баста қазекең «кісікиік» деп үсті-басын жүн басқан қар адамын атаса керек. Ондай екі аяқтыдан «тұқым қалмағаннан» кейін сөздің мәні де сұйылды.
Қазіргі мағынасы – саяқ жүргенді қалайтын, кісі көрсе, тұра қашқысы келіп тұратын адам. Міне, БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке осы екінші нұсқа бір табан жақындайтын сияқты. Алайда біз шенеуніктің «шинелін шешкенде», үсті-басынан «қыл-қыбыр» кездесіп қалмасына кепілдік бере алмаймыз. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кейіпкеріміз – киік етін жеп көрген кісі. Бұйырса, жұрттың бәріне жегізетін ниеті бар. Демек біз бүгін киік пен «кісікиік» арасындағы ұқсастықтар мен байланыстарды «таразыға» тартамыз.
«Тайпақтың төлі»
Нариман Төреғалиұлы – Батыс Қазақстан облысының төл баласы. 1964 жылы Тайпақ ауданында дүниеге келген. Байқаған шығарсыз, биыл шілдеде кейіпкеріміз 62 жасқа толады. Дегенмен жоғары қызметтегі 60-тан асқан оншақты шенеуніктің арасында Төреғалиевпен теңдесетін бірі жоқ. Көзді-ашып жұмғанша, қарсы алдыңнан зу ете қалатын киік сияқты, бұл кісі еңбек өтілі бойынша қарттыққа жақындаған «естияр» кісілердің ең алдында келе жатыр. Өзгелердің еңбек өтілі қырық жылдан басталса, бұл кісінікіне биыл – қырық бес жыл.
Сонда кейіпкеріміз еңбек жолын қашан бастаған? Егер wikipedia-ға сенсеңіз, Төреғалиұлы 1990 жылы «ХVІІІ Партсъезд» атындағы ауылшаруашылығы бірлестігінде экономист болып жұмыс істеген. Егер осы кезеңмен есептесеңіз – 36 жыл. Ендеше, қалған 9 жыл қайда? Біз мұны ары іздеп, бері іздеп, ақыры «Егеменнен» таптық. Осыдан 10 жыл бұрын БҚО-ның бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов Төреғалиевті Орал қаласының әкімі етіп тағайындағанда, «Егемен Қазақстан» екі ауыз хабар таратқан екен. Міне, сол мақалада «Нариман Төреғалиев еңбек жолын 1981 жылы «Есенсай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған» деген ақпар бар.
Түсіндіңіз бе, біздің кейіпкеріміз қолына дипломын алғанша салпақтап жүре бермеген. Мектепті бітіре салып, 17 жасында бірден қара жұмысқа қойып кірген. Әскерден келген соң, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, Каспий қоғамдық университетін бітірген. Бірақ «Төреғалиевтің еңбекке ынтазарлығы оқуына кері әсер етті ме?» деген бір күдік айтылады. Алайда оған әңгіменің ретіне қарай кейінірек тоқталамыз.
Төреғалиевтің басшы ретінде төбе көрсеткен алғашқы қызметі – «Жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры» деген лауазымы. Бұдан кейін басқарма басшысы, департамент директоры секілді «болар-болмас» қызметтердің құлағын ұстап жүрді де, Нұрлан Ноғаевтың тұсында Ақжайық ауданына әкім болып барды. Негізі «Саясатта тәй-тәй басқан Төреғалиевтің тұсауын Ноғаев кесіп берген» дегендер бірдеңені білетін секілді. Өйткені кейіпкерімізге бірнеше жыл Ақжайықты билеткен Ноғаев кейін оны орынбасар қылып, өзінің қасына алған. Алайда Төреғалиевтің орынбасарлығы көпке ұзамады. 2016 жылы Нұрлан Ноғаевтың өзі Атырауға ауысты да, орнына Алтай Көлгінов келгенде, үйреншікті басшысынан «айырылған» Төреғалиев Оралдың әкімі қызметіне төмендеген. Одан да тұрақ таппай, ақырында Сенат «сағалағаны» есімізде.
Ал Қаңтардың алай-дүлейінен кейін кешегі орынбасар әкімнің өзі болып оралғанда, жергілікті халық әжептәуір қуанды. Өйткені Ноғаев – Ақтөбеден, Ізмұхамбетов – Атыраудан, Көлгінов – Түркістан облысынан еді. Сондықтан алдыңғы әкімдердің кемшін тұстарын «бөтендікке» балаған аңқау жұрт «еее айналайын, өзіміздің бала екен ғой», «Тайпақтың төлі» екен деп мәз-мейрам болған. Ақырында не болды? Қазіргі жағдайда «Тайпақтың төлі» төрт түліктен тігерге тұяқ қалдырмауға айналған сияқты.

Етті арзандатудың наримандық әдісі
Өткен жылдың соңында Нариман Төреғалиев «БҚО-да ет қымбат» деген пікірді жоққа шығарған. Жоққа шығарғанда, «бізде ет арзан» дей салған жоқ. Нақты мысалдар келтіре отырып, айтар ойын дәйектей сөйлеген. Мәселен, сол кезде сиыр етінің республикадағы орташа бағасы 3 246 теңге болғанға ұқсайды. Ал батыста ше? Кейіпкеріміз бүй деді: «Ең төмен баға – Батыс Қазақстанда. Бізде 3 060 теңге – бұл төмен баға. Бізден кейін Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары. Сондықтан бағаның қымбат екені туралы мәлімет қайдан шыққанын білмеймін».
Негізі дәл осы жерде Нариман Төреғалиев бір нәрсені жасырып қалған секілді. Өйткені сол тұста республикаңыз былай тұрсын, бүкіл әлемдегі ең арзан ет батыс өңірде сатылып жатқан еді. Сонда арзан болғанда, қанша деп ойлайсыз? Адамның өңі түгілі түсіне кірмейтін баға! Бастапқыда 1 200 теңгеден сатылған мал еті, кейін 500, тіпті 300 теңгеге дейін төмендеген. «Бұл неғылған батпан құйрық?!» деп таңданып отырған шығарсыз. Басында біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, жұрт жетіскеннен малын сойып, етін су тегінге таратпапты.
Мәселе былай екен: өткен жылы көк шықпай жатып үйірлі киік таптап, Батыс Қазақстанның оңтүстік өңірін таздың басындай тақырлап тастаған көрінеді. Ал қыстың қатты боларын «Казгидрометтің» болжамдарынан байқаған шаруалар анда-мұнда хат жазып, жұт келе жатқанын ескертеді. Тіпті Төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Бірақ оған жергілікті басшылар мыңқ етпесе керек. Сосын ауылдықтар амалсыз, көтерем малды пышаққа жығып, етін шұжық өндіретін мекемелерге өткізе бастапты. «Батыста еттің келісі 300 теңге» деген әңгіме міне, осыдан шыққан.
Ал қазіргі жағдай қалай? Қазіргі жағдай жұрт күткен қауіптен де асып түскен түрі бар. Өйткені күні кеше біз сөйлескен Қазталов ауданының шаруасы Өтепберген Исламғалиұлы 300 жылқысының өмірем қапқанын ашына айтты. Ал аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Әлімұлының сөзіне қарағанда, Өтепбергеннің өлген жылқысы 300 емес, 800 болуы мүмкін. Неге олай? Мал иесі шығынын неге жасырады? Руслан Әлімұлы мұны былай түсіндірді: «Қазір халық ашынып отыр. «Өлген малың қанша?» десең, «Оны қайтесің, өтемақы төлейсің бе, әлде субсидия бересің бе?» деп өзіңе қарсы сұрақ қояды. Шаруалардың бұл күйзелісін түсінуге болады. Өйткені қиын кезде көмек көрсетілмеді. Рас, көрші аудандардан 180-200 келілік рулон шөп әкелініп, 15-16 мың теңгеден берілді. Бірақ орталыққа келген шөпті қожалыққа жеткізудің өзі мұң болды. Сәуір айының басында облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлының қатысуымен ауданда жиын өткен. Сол басқосуда аудан әкімінің орынбасары «Қанша мал шығын болды?» деген сұраққа жауап бере алмады. Бұл – жергілікті билік пен шаруалар арасындағы байланыстың жоққа тән екенін білдіреді».
Аудан тұрғындарының айтуынша, қыстан аман шыққанымен, көтерем күйінде арам қатқан мал саны 5 мыңға жуықтайтын көрінеді. «Ең бастысы, бұл жағдай жалғыз Қазталов емес, аймақтың оңтүстік өңіріндегі Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарына да ортақ», – дейді тұрғындар. Осыны естігенде, «Нариман Төреғалиев бар малды қырып тастап, батыстың жұртына киік «бақтырғалы» жүр ме?» деген бір ой келді, бізге.

Киік пен «Кісікиік»
Қазақ киелі санайтын киіктің бір қасиеті, аңқаулығы болса керек. Аңшылар шұбырып жүретін киіктің жолына тұзақ, қақпан құрса, ешкімнен жамандық күтпейтін жануарлар осқырып-осқырып алып, оп-оңай түсіп қалып жатады екен. Бірақ бұған қарап, кейіпкеріміз де «қақпан басады» деп ойлауға болмайды. Керісінше, Нариман Төреғалиев өте сақ. Мәселен, облысқа әкім болып барғанына 100 күн толғанда, артынан Асхат Ниязов ере барған. Алайда есігін екі күн «күзеткен» журналиске «жүрдек» әкім бәрібір таптырмай кетті. Бұған көгілдір экран арқылы бүкіл жұртшылық куә болды. БҚО басшысына «кісікиік» деген ныспы алғаш рет осы тұстарда тағылды-ау деп шамалаймыз. Оның бір себебі, алыстан барған Асхат Ниязов қана емес, батыс аймақ белсенділерінің де Төреғалиевпен жолдары түйіспей жүр. Соның бірі – белсенді Азамат Мүсілов. Дегенмен бұл туралы сәл кейінірек баяндаймыз.
Енді киік мәселесіне келейік. Киік – киелі, киік – көркем дегенімізбен, шаруалар үшін киік – апат. Астанада журналистермен кездескен кейіпкеріміздің: «Шаруалар өрістерін қоршап жатыр, бұған субсидия беріледі», – дегені есімізде. Алайда әкім аузын толтырып айтқан мәселе құры сөз күйінде қалып қойған секілді. Өйткені жоғарыда айтқан Қазталов ауданының шаруалары субсидия тұрмақ, оның көлеңкесін де көрмеген. Сонда киікпен қалай күресу керек? Ілгеріде Нариман Төреғалиевтің «Қазір киіктің етін жеп көрмедім. Алайда бала кезім есімде, яғни Кеңес үкіметінде жеп көрдік. Біз бригадада жұмыс істедік. Енді 9-сыныпта, трактордың артында отырып, жұмыс істедік. Сол кезде асханада бізге арнайы киіктің етін берді», – дегені бар.
Мәселе сол ғой, жалғыз әкім емес, бүкіл әкімдіктің мамандары жабыла жесе де, таусылатын киік жоқ. Ресми деректерге қарағанда, өткен жылы облыста 108 мың киік ауланған көрінеді. Түз жануарының етін өткізумен 15 кәсіпорын айналысқан. Алайда мұның өзі әлденеше миллиондаған киікті азайтуға сеп бола алмай отыр. Осыған «назаланды» ма, Нариман Төреғалиев Қытаймен келісімшартқа отырды. Сөзіне қарағанда, алғашқы зауыт 2026 жылдың соңына дейін іске қосылуы керек. Киіктің етінен тұшпара жасап, сүйек-саяғын – қазаққа, мүйізін – қытайға бере ме, бір есебі бар шығар. Бірақ оған дейін шаруалар тістерге шөп таба алмай итиген малынан толық айырылып қала ма деген қауіп күшті. Өйткені жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазірдің өзінде үйірімен келген киік өрістің ойран-топырын шығарып жатыр. Алайда оларды ешкім ата алмайды. Себебі киік мамырда төлдейді. Демек қазір жүз үйір келсе, күзге дейін екі жүз үйір болады. Төреғалиевтің мылтығын оқтап, құралын дайындайтын кезі – қыркүйек пен қазан. Ал шаруалардың айтуынша, биыл бірдеңе істелмесе, келесі жылы жұрт ноқта-жүгенін ұстап, дымсыз қалуы мүмкін. Ал енді осыны «Тайпақтың төлі» неге білмейді. Білсе, төрт жылдан бері не істеп жүр?

«Өу, Нариман!» және 30 қоянның әңгімесі
Естеріңізде болса, «Төреғалиевтің еңбекке ынтазарлығы оқуына кері әсер етті ме?» деген бір күдікті жоғарыда ескерткенбіз. Енді осының жайына келейік. Кейіпкеріміз Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген. Былайша айтқанда, су маманы. Су патшасы Сүлеймендей болмаса да, судың сылдырын елден бұрын сезуі тиіс еді. Өкінішке қарай, 2024 жылы тоғыз облысты «топан су» жайлағанда, Батыс Қазақстанның «басына» да қауіп төніп, кейіпкеріміздің алған біліміне күмән күшейген. Өйткені басқаны қойып, Оралда әкімдікті су алды. Яғни «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегеннің кері келді.
Бір тәуірі, Қаратөбе ауданынан 400-ге жуық адам құтқарылғанда, Төреғалиев төтеншеліктермен бірге тікұшақпен ұшып барған. Сосын «алдымен балалар мен әйелдер жөнелтілсін» деген нұсқау берді. Осыны көрген ел «Айналайын-ай, жөні түзу адам екен, балалар мен әйелдерге жаны ашығанын қарасайшы!» деп кәдімгідей іш тартып қалған.
Алайда осылай ойлағандар кейін тұзаққа түскен киіктей аң-таң болды. Өйткені облыс әкімдігі Айнұр Сабыр деген мұғалім әйелмен соттасты. Деректерге қарағанда, тасқын судан зардап шеккен тұрғынға демеушілер үй берген. Бұрынғы баспанасын мамандар «тұруға жарамсыз» деп танып, комиссия «үй берілсін» деген шешім шығарған. Болды ғой, енді қандай дау болуы мүмкін? Бірақ әкімдік дау шығарды. Өздері жұртты тасқыннан құтқара алмағаны аздай, демеушілер алып берген үйді «қызғанды». Ал Айнұр Сабыр кім? Ол – «Alageum» зауыты алып берген отыз үйдің бірінің иесі. Сондықтан мұғалім Президентке және Үкімет пен Парламентке үндеу жасап, былай деді: «Нариман Төреғалиұлы, мені үй берілген отыздықтан бөліп алып, сотқа бергеніңіз қалай? Сотқа бердің бе, отыз адамды бірге бер. Әлде отызды шулатпай, отыздың біреуіне шыққан шешіммен «отыз қоянды атып» алмақшысыз ба? Әлде мақсатыңыз басқа ма? Әңгіме маған берілген үйде ме?».
Әйелмен соттасып, береке таппасын білді ме, әлде «отыз қоян атқан» деген атқа қалудан жасқанды ма, кейін әкімдік арызын қайтарып алды. Басқаша айтсақ, Төреғалиевтің командасы ашынған әйелге өздері тиісіп алып, артынан кейін шегінді.
Дегенмен әкімдіктің ырың-жырыңын айтудан жалықпайтын және осы ниетінен «шегінбейтін» жандар да бар. Мәселен, Төреғалиев тірлігінің «астын-үстіне» шығарып отыратын белсенді Азамат Мүсіловтің айтуынша, тасқын кезінде әкімдік «Ақжайық» Қорын құрады, бірақ халыққа есебін бермейді. Интернеттегі деректерге қарағанда, бұл Қордың «қоржынына» алғашқы он күн ішінде 80 миллион теңге жиналған көрінеді. Бірақ оған неше теңге түсіп, қайсысы қайда жұмсалғанын біз қайдан білейік, дұрысы, кейіпкеріміз елмен кездескенде, есеп-қисабын беретін шығар деп үміттенеміз.
Ал Азамат Мүсілов жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен нысанның бірін бейнетаспаға түсіріп, елді күлкіге қарық қылды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан ұққанымыз, «КазСуШар» мекемесі су қоймаларына кіретін және шығатын каналдарға «капитальный ремонт» жасаған көрінеді. Белсенді сондай нысанның біріне келеді де: «Өу, Нариман, мынаны қара!», – деп айғай салады. Шындығында, әлгі нысанға «қарасаң, қарай бергің» келеді. Себебі суды реттеп отыратын конструкция салақ әйелдің көктеген көрпесіндей «көзге ұрып» тұр. Каналдың ернеуіне «жаба салған» плита мен жердің арасына қолыңды тықсаң, білегіңе дейін сыйып кетеді. Яғни арқыраған су келсе, «капитальный ремонтқа» жұмсалған капитал селмен бірге «ағып» кеткелі тұр. Осының бәрін көрсеткен белсенді: «КазСуШар-да» сенің Талғат досың отыр ғой, ә?!», – дейді, Төреғалиевке қарата.
Мұны естіген әкім «иә» деді ме, «жоқ» деді ме, ол жағы бізге беймәлім. Алайда 2024 жылдағы су тасқыны кезінде Нариман Төреғалиев президенттен қатаң сөгіс естіп қана қоймай, міндетіне сай болмағаны үшін ескерту алғаны есімізде. Яғни кейіпкеріміздің болашағы – арқан үстіндегі циркачтың тағдырымен пара-пар. Бірақ соған қарамастан, «төбесі көк тіреген» Төреғалиевтің кейде «аспанның әңгімесін» айтатыны қызық.

«Аспанды жабу» және жолдың жыры
2025 жылдың желтоқсан айында Нариман Төреғалиев Астанаға барып, ОКҚ-де есеп беру жиынын өткізген. Осы жиында әкімге әдемі бір сұрақ қойылды. Әріптестеріміздің бірі: «БҚО-ға көрші елдің дрондары неге құлай береді? Халықтың төбесіне түскенше, үндемей отыра бересіздер ме?», – сыңайында сауал қойған. Кейіпкеріміз тосылған жоқ, «енді біз аспанды жаба алмаймыз ғой» деп қойып қалды.
Бір қарағанда, дұрыс. Төреғалиев тұрмақ, одан зорғысы күш салса да, ешкім аспанды жаба алмайды. Сондықтан көк зеңгірге телмірмей, төменге қараған жөн. Ал төменде не бар? Әрине, жер бар. Жер болған соң, жол болатыны белгілі. Бірақ Батыс Қазақстанның жолы киік пен «кісікиікке» ұнамаса, халықтың көңілінен ешқашан шыққан емес. Бұл мәселе жоғарыда аталған жиында да әңгіменің өзегіне айналды. Бірақ әкім сұрақ қойған журналисті «аузынан қағып», бет бақтырмады. «Жол жөндеу бойынша облыста 70 пайызға, қалада 90 пайызға жеттік», – деді.
Енді осыған сенуге бола ма? Сенейін десең, Үкімет басшысы Олжас Бектеновті өтірікші жасауға тура келеді. Өйткені өткен жылы ғана премьер-министр жол мәселесі бойынша Батыс Қазақстан облысының әкімінен есеп беруді талап еткен. Әкімнің есебі өзге шенділердің күлкісін келтірді. Неге? Себебі бір шақырым жол салу құны жоспарланған 33 миллион теңгеден 124 миллион теңгеге «ыршып» кетеді екен. Неге олай? Неге Батыс Қазақстанда ғана жол салу жобасы «жол-жөнекей» қымбаттап кетеді? Әрбірден соң, «Нариман Төреғалиев батыста жол салып жатыр ма, әлде Марста жол салып жатыр ма?» деген сұрақ неге тумайды? Осыны ескерді ме, үкімет басшысы кейіпкерімізге: «Жылдан жылға жақсы жолдың үлесі өсуі керек қой, жоғары болуы керек. Ал сіздерде, керісінше, төмендеп барады. Республикалық бюджетке қарай бермей, жергілікті бюджеттен де қаржыландыру көлемі болуы шарт. Шешіңіздер!», – деп қатаң талап қойған.
Бізге жеткен ақпар бойынша, кейіпкеріміз бұл мәселені қолынан келгенше «шешіп» жатқан сыңайлы. Бірақ ол халықтың көңілінен шықпайды. Неге шықпайды? Мұны бізге Азамат Мүсілов былай түсіндірді: «Жобада бәрі ескеріледі. Жол салуға қажетті материалдардың қайдан алынатыны, жол шығыны бәрі есептеледі. Алайда әкімдер не істейді? Маң даладан, өздеріне ұнаған жерден карьер қаздырады. Бұл мәселені қозғадық, жеңістеріміз де бар, БҚО-дағы ірі компаниялардың біріне айыппұл салдырттық».
Енді осы сөзден не түсінуге болады? Байқап тұрсыз ба, мердігер мен әкімдік арасында қыз бен жігіттің байланысындай «махаббат» орнайды. Сезімнің күші селден де жойқын ғой, мердігердің «меңзеген бағытына» әкімдік «жалаңбұт» шауып барады. Сөйтеді де, карьер қазатын орынды белгілеп береді. «Осылайша, қала, аудан, ауыл маңы тышқанның ініндей шұрық-тесікке айналды», – дейді Азамат Мүсілов. Ең бастысы, топырақтың беткі қабаты – Жер-ананың байлығы саналады. Онда киіктің тұяқ ізі ғана емес, шөптің дәні, гүлдің ұрығы да бар. Осының бәрін мердігерлер жолдың астына «ұрып» жатса керек. «Ал бәрін көріп-біліп тұрған Төреғалиев үндемейді, қанша мәрте айтсақ та, естімейді», – деп қынжылады Азамат Мүсілов.
Түйін
Жасыратын несі бар, облыс әкімдерінің «шинелін шешерде» сол өңірдегі халыққа «Қалайсыздар?» деп қоятынымыз рас. Обалы не керек, оқырмандарымыз көрген-білгенін жайып салады. Бірақ дәл осы батыстағыдай белсенділікті байқаған емеспіз. Оралдың жұрты облыстағы былық-шылықты алдымызға «киіктің басын тартқандай» тартып жатыр. Әсіресе білім, денсаулық саласындағы және жол мәселесіндегі жемқорлықтың дәлел-дәйектері, ресми құжаттары, фото-видео айғақтары редакциямызға енді түсе бастауы керек. Демек біз алдағы уақытта Нариман Төреғалиевтің «шинелін» ғана емес, «мәйкісін» де шешуіміз әбден мүмкін.
Сансызбай Нұрбаба