Зейнеткерді сотқа сүйрейтін әкім Қоғамдық кеңес құрамына өтті
Жаңа президент ауысар алдында ғана Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің құрамы бекітілген еді.
Жас Алаш тілшісі бұл туралы yk.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.Кеңес құрамына енгендер тізіміндегі 17 адамның бесеуі — басшылық қызметтегі шенеуніктер. Атап айтсақ: Әсем НҮСІПОВА – ШҚО әкімінің орынбасары, Жасұлан СӘРСЕБАЕВ – облыс әкімі аппаратының басшысы, ШҚО ішкі саясат бөлімінің басшысы Ирина СМИТ және Үржар, Аягөз аудандарының әкімдері Серік ЗАЙНУЛДИН мен Бақытжан БАЙАХМЕТОВ. Мұны аз десеңіз, ШҚО мәслихатының хатшысы В.ГОЛОВАТЮК пен «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы басшысының бірінші орынбасары Ә.МҰХТАРХАНОВ бар. Әйгілі «Әлем барысы», Семейдегі көлік колледжінің директоры Айбек НҰҒЫМАРОВТЫҢ есімі де көзге шалынды.Бұл жолғы облыстық кеңестің құрамына өткендердің қалай таңдалып, қандай негізге сәйкес өткендігінен қарапайым жұртшылық бейхабар. Бәлкім, Айбек Нұғымаров «Әлем барысы» болған соң, кеңестің айбарын асыру үшін қажет болған шығар. Ал облыстық әкімдіктің үш шенеунігі не үшін енгені беймәлім. Оның бәрін былай қойғанда, Үржар мен Аягөз ауданы әкімдерінің басқа аудан, қала әкімдерінен несі артық болды екен деген сауал да көлденеңдейді. «Жас Алаш» тілшісі осы екі аудан басшысының ел ішіндегі әрекеттерін салмақтап көрді.Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің Науалы ауылында тұратын 76 жастағы зейнеткер Тоқан ТҰРСЫНБАЕВТЫ өткен жылдан бері сотқа сүйрелеп, ақыры аудандық сот әкімнің адвокатына 150 мың теңге өндіру туралы шешім шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Оқиғаға себеп болған жайт Көкөзек ауылында «Ауыз су» бағдарламасы бойынша тартылған су құбырларының уақытында аяқталмағанына қарамастан, 2017 жылдың қараша айында қабылданып алуынан шыққан еді. Осы шалағайлықты тура бір жыл бұрын көкөзектік тұрғынның шақыруымен барып фотоға түсірген зейнеткер Т.Тұрсынбаев өзінің Фейсбук парақшасында жариялаған болатын. (Бұл туралы «Жас Алаш» сайтында Зейнеткер аудан әкімін сот алдында күтіп жүр (02.03.2019ж.) атты мақала да жарияланды).Ақыры түсінісе алмай жыл бойына соттасқан аудан әкімі мен зейнеткердің арасындағы дау әлі де шешілмей тұр. Науалылық зейнеткер қазір аудандық сот шешімімен келіспегендіктен, ШҚО сотына аппеляциялық шағым жолдауға мәжбүр болғанын айтады. Жалпы, зейнеткер үшін де, оқиғадан хабары бар аудан халқы үшін де бір нәрсе түсініксіз: зейнеткер аудан әкімінің жеке өзін емес, әкімдіктің бітпей қалған ісін айыптап әшкере етті. Сонда әкімдік атынан аудан әкімінің «іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деп сотқа шағым түсіргені қалай?.. — Мені сотқа шақыртып жүрген әкімнің өзі осы уақытқа дейін бір рет те сот процесіне қатысқан емес. Егер жүзі жарық болса, былтырдан бері өзі келіп түсінік беріп, іскерлік беделін дәлелдеп шығар еді ғой, — дейді Т.Тұрсынбаев.Сонымен аудандағы бір ақсақалдың сынын көтере алмай, бір жыл бойы сотқа жүгініп жүрген әкім Серік Зайнулдин — енді облыстық қоғамдық кеңестің білдей бір мүшесі.Ал, Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметовтің есімі де «Жас Алаш» оқырмандарына жақсы таныс. Өткен жылдың көктемінде аудан орталығы топан судың астында қалып, тұрғындар баспаналарынан айырылып, зар қаққанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Тасқын зардаптарынан кейін баспана алу машақатын жергілікті тұрғындар әбден тартты. Бұл туралы Жас Алаштың сайтында бірнеше мақалалар жарық көргендіктен, тәптіштей түсіндірмей-ақ қоялық (Аягөздік шенеуніктер жесірдің ақысын жеп жүр ме?; Аягөздіктер гаражда тұрып жатыр; Әкім Ахметов, Байахметов және жай Ахметов). Тұрғындарды тұруға жарамайтын үйлерін жөндеуге келеді деген ұйғарымға келісуге үгіттеп, аудан шенеуніктерінің алашапқын болғаны салдарынан, бұл мәселе жыл бойғы «жырға» айналғанын айтсақ та жеткілікті.Хош, сонымен, қылышын сүйретіп қыс таяғанда, су тасқынынынан зардап шеккендердің зары аяқталғандай болған. Алайда, үстіміздегі жылдың қысында Аягөз қаласының жекеге өтіп кеткен жылу қазандығы 10 жылдан астам жөндеу көрмегендіктен, әбден тозып, қараша халық қалтырап қалды. Бұл кезде қалаға әкім тағайындалмай, тұрғындар әкімдік пен қазандықтың арасында жарытымды жауап ала алмай шапқылап жүргенде, әкім Байахметов Ахметовке қарай шапқылап әлекке түсті. «Жас Алаш» шағымданған аягөздіктердің наразылығын жеткізіп, Аягөздің жылуы Ахметовке қарап тұр атты мақала жариялағаны белгілі. Артынша Аягөз аяз: жылуын кімдер шешеді?! деп арнайы сапарлап репортаж да жарияладық. Қаңтар-ақпан бойына дірдек қаққан қала халқын ақыры облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы барып жұбатып, жылу қазандығын жеке иеліктен алып, мемлекеттік мекеме құзырына әупірімдеп өткізіп қайтқан болатын. Бір қызығы осындай әлеуметтік мәселені дер кезінде шешуге салғырт әкімге Д.Ахметов үнемі жұмсақтық танытып келеді. Жұмсақтығының бір дәлелі де осы: Байахметов – облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі.Сонымен, талапқа сәйкес үш мемлекеттік қызметкерден емес, бақандай бес ірі шенеуніктен «жасақталған» облыстық қоғамдық кеңес немен айналысады? Жергілікті және орталық атқарушы билік органдарының жұмысына қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, қоғамдық көзқарастар мен пікірлерді есепке ала отырып, өзекті мәселелердің дұрыс шешілуіне атсалысу екен. Шындығына келсек, өңірдің өзекті мәселесі шаш етектен. Интернетсіз ауылдардың, шекара шебінде иесіз қалған елдімекендердің проблемасы жетіп артылады. Шенеуніктер «сап түзеген» облыстық қоғамдық кеңес қандай мәселелерді талқылап, жөнге келтірерін алдағы үш жыл көрсетеді.Фото: baq.kz