Жамбыл облысы тұрғындары президентке үндеу жолдады
Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылының тұрғындары жер телімдеріне қатысты әділетсіздікке тап болғандарын айтып, шағымданды.
Тұрғындардың сөзінше, жер кезегін ұзақ күткен олар ақыры қарызға батып, өз қаражатына жер сатып алуға мәжбүр болған. Енді үйлерін салып, құрылысты аяқтауға жақындағанда, әкімдік сот арқылы сол жер телімдерін қайтарып алуға әрекет жасап жатыр.
Ауыл тұрғындарын жағдайдың тағы бір қыры алаңдатады. Олардың айтуынша, дәл осындай құжаттармен рәсімделген жер телімдеріне мемлекеттік үйлер салынғанымен, оларға қатысты ешқандай шара қабылданбаған. Ал өз күшімен баспана тұрғызған қарапайым азаматтардың жерінен айрылу қаупі бар.
Тұрғындар мұны қосарланған стандарт деп бағалап, неге бірдей жағдайдағы жерлерге қатысты әртүрлі шешім қабылданатынын түсінбей отыр. Қарыз алып, баспана салған жұрт енді салған үйлерінен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.
Мәселеге қатысты әкімдіктің ресми түсініктемесі әзірге келтірілмеген.