Жұманғариннің «жорғасы» экономиканы орға жықпай ма?
Ұлттық экономика министрінің күмпілдете мақтаған реформасының, яғни «жорғасының» төрт аяғы төрт жаққа кете ме деген қауіп бар.
Мұндай күмән Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі баяндамасынан кейін күшейді. Ондағы деректер мен сарапшылардың сөзіне сүйенсек, жаңа Салық кодексі – «жорғаға» емес, «мәстекке» ұқсап бара жатқан сияқты.
Үміт ақталды ма?
Үкімет жаңа салық саясатын таныстырғанда, мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік нығаятынын, әкімшілік кедергілер жойылатынын, әділ салық жүйесіне көшетінімізді, көлеңкелі экономика азайып, бюджеттің бүйірі толыға түсетінін жиі айтқан. Ендеше, жыл басынан бері енгізілген реформа үмітті ақтады ма? Бұған қатысты күні кеше Ұлттық банк 2026 жылғы тамыз айындағы ақша-несие саясаты жөніндегі баяндамасын жариялады. Сол баяндамадан аңғарғанымыздай, Қазақстандағы салық реформасы мемлекеттік бюджет кірістерін айтарлықтай арттыра алмапты. Бас банктің бағалауынша, бір қарағанда салық түсімдері өсіп келеді. Алайда экономиканың жалпы көлемімен салыстырғанда, бұл өсім мардымсыз. Соның салдарынан бюджет тапшылығы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
Мәселен, 2026 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттің жалпы тапшылығы ЖІӨ-нің 3,2 пайызына жеткен. Бұл бюджет ережесінде белгіленген 2 пайыздық межеден жоғары. Ұлттық банк тапшылықтың бұлайша ұлғаюын ең алдымен бюджетке түсетін трансферттердің қысқаруымен байланыстырады.
Жалпы, 2026 жылдың алғашқы 6 айында салық түсімдері 5,7 пайызға өскен. Өсімнің негізгі бөлігін қосылған құн салығы (ҚҚС) мен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық қамтамасыз еткен. Алайда бұл салық түсімдерінің өсуі экономиканың көлемімен салыстырғанда, аса жоғары емес. Мәселен, 2025 жылдың І жартыжылдығында салық түсімдерінің ЖІӨ-дегі үлесі 17,5 пайыз болған, ал биыл бұл көрсеткіш 17,7 пайызға ғана жеткен. Көріп отырғанымыздай, осы аралықтарда салық түсімдерінің экономикадағы үлесі небәрі 0,2 пайызға, яғни болар-болмас мөлшерде ғана өскен. Осылайша Үкімет мақтауын асырған жаңа салық реформасы «үмітті нақты ақтады» дей алмаймыз. Тіпті келесі жылы бюджет шығыны шамамен 29 трлн теңге, ал кіріс 25,4 трлн теңге деңгейінде жоспарланып отыр. Соған сәйкес бюджет тапшылығы 4,5 трлн теңге шамасында болады деген болжам бар. Ал мұнайға қатысты түсімдерді қоспасақ, тапшылық 10 трлн теңгеден асуы мүмкін екен.
Бизнестің басындағы кеп
Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің нәтижесі биылғы сәуір айында көріне бастаған. Сәуірде Қаржы министрлігі «Салық реформасынан кейін үш айда бюджетке 7,27 трлн теңге түсті» деп желпінген. Министрліктің есебінше, соның 6,98 трлн теңгесі салықтан түскен ақша болған. Яғни мемлекеттік қазына ең алдымен халықтың төлейтін салығымен толыққан. Бірақ соның өзінде бюджет тағы да минуста болған. Сәуірге дейінгі үш айдағы тапшылық 593,7 млрд теңгені құраған. Сала мамандары жыл соңына дейін бұл тапшылықтың тағы да өсе түсетінін сол көктемде-ақ айтқан. Себебі аспандаған салықтың салдарынан елдегі біраз бизнестің жабылып тынғанын алға тартқан мамандар жаңа салық саясатына аса бір көңілі толмайтындарын жиі айтады. Енді отандық қаржыгерлер мен экономистер «жыл соңында реформаның нақты нәтижесін көретін боламыз, сол кезде бөсіп жүрген шенділердің әрекетіне баға береміз» деседі.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Салық кодексі күшіне енген 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанда 9,1 мыңнан аса компания жабылған. Былтырғымен салыстырғанда, көрсеткіш 1,6 есеге артқан. Жабылған компаниялардың 99,8 пайызы – шағын кәсіпорын. Орта көлемдегі жабылған компаниялар саны да былтырмен салыстырғанда 2,4 есе өскен. Бір тоқсанда нарықтан негізінен сауда саласында жұмыс істеген компаниялар кеткен. Олардың саны – 3 000. Құрылыс саласында – 1 000, өңдеу өнеркәсібінде 523 компания жабылған.
Бизнестің жабылуына салық реформасы себеп деп санайтындар көп болса да, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл реформаға шаң жуытпайды. Министрдің сөзінше, салық реформасының алғашқы нәтижесі жақсы. «Ал шағын және орта кәсіп санының азаюы – бизнестің жаңа бағытқа өзгергенін білдіреді».
Экономист-сарапшы Мақсат Халық реформаның алғашқы нәтижелері белгілі бола бастаған сол сәуір айында-ақ мақтануды ерте бастап кеткенімізді айтқан. Оның пікірінше, салық мөлшерлемелерінің өсуі қысқа мерзімде бюджет кірісін арттырып, тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан алғашқы кезеңдегі түсімнің өсуін реформаның толыққанды нәтижесі деп қабылдауға асықпау керек.
«Үкімет қысқа мерзімде көздеген мақсатына жетуі мүмкін. Салық өскеннен кейін бюджетке түсетін түсімнің артуы заңды. Белгілі бір кезеңде бұл бюджет тапшылығын жабуға да мүмкіндік береді», – деді экономист.
Алайда, оның пікірінше, салық реформасының нақты әсері жыл соңындағы көрсеткіштермен ғана емес, одан кейінгі кезеңдегі нәтижелермен де бағалануы тиіс.
«Қазір «қатырып жатырмыз» деуге әлі ерте екенін көріп отырмыз. Оның нақты нәтижесі ең кемі жыл қорытындысынан байқалады. Биыл бюджетке түсетін салық түсімі едәуір жоғары болуы мүмкін. Себебі қосылған құн салығы өсті, бизнеске белгілі бір салықтық міндеттемелер қойылды», – дейді Мақсат Халық.
Сонымен бірге экономист реформаның бизнеске кері әсер ететінін жасырмайды. Оның пайымдауынша, салық жүктемесінің өсуі бірқатар компанияның төлем қабілетін әлсіретіп, бизнестің жабылуына әкелуі ықтимал.
«Олар қазір бұл салықты «битін сығып, қанын жалап» төлейтін шығар. Бірақ көп компания жабылудың алдында тұр. Демек, сол кәсіпорындар келесі жылы бюджетке салық төлемейді. Сондықтан алдағы жылы бүгінгі көрсеткіштерден мүлдем басқа көрініс қалыптасуы ғажап емес», – дейді экономист.
Шығынды реттемей, кіріс кірмейді
Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің пікірінше, мәселе бюджетте ақшаның бар-жоғында емес, оның қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанында. «Ең қауіптісі – Үкіметтің «салықты бюджет толтырудың оңай жолы» ретінде қабылдауы. Экономиканы өсіру қиын, өндіріс ашу қиын, инвестиция тарту қиын. Ал ҚҚС-ны көтеру оңай. Бірақ экономика тек салықпен өспейді. Керісінше, халық кедейленіп, бизнес көлеңкеге кетіп, баға өсуі мүмкін», – дейді экономист.
Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік шығыстарды қысқартудың орнына халық пен бизнестен түсетін салықты көтеруге басымдық берілетін үлгі қалыптасып келе жатыр. Бұл үрдіс тек салықпен шектелмей, айыппұлдардың өсуінен де байқалады.
«Қазір Үкімет шығынды азайтудың орнына халықтан көбірек ақша жинауға көшті. Салықтың ғана емес, айыппұлдардың да көлемі жыл сайын өседі. Бұл бюджет реформасы емес, қалтаны «сығу» саясаты», – деп есептейді Жұмаділда Баяхметов.
Ал Ұлттық банктің бағалауынша, бюджеттің кіріс пен шығысы реттеліп келеді. Бірақ бұл салық түсімдерінің айтарлықтай өсуі есебінен емес, мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-дегі үлесінің қысқаруы арқылыжүзеге асып жатыр. Мәселен, 2026 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік шығыстар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды түрде 11,7 пайызға өскен. Бірақ экономика көлеміне шаққанда олардың салмағы төмендеген. Егер 2025 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-дегі үлесі 24,7 пайыз болса, 2026 жылдың І жартысында бұл көрсеткіш 23,5 пайызға төмендеген. Демек, мемлекет шығысты абсолюттік мәнде көбейтіп отырғанымен, оның экономикадағы үлесі азайған.
Үкімет әуелгі мақсатына жете ала ма?
Экономист Сапарбай Жобаевтың пайымдауынша, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқан кезде реформаның негізгі мақсаттарының бірі – ірі компаниялардың төлейтін корпоративтік табыс салығын (КТС) көтеру болған. Тіпті бұл салықты 30-35 пайызға дейін жеткізу туралы ұсыныс айтылған. Алайда бұл бастама толық жүзеге аспады. Ірі бизнес өкілдері салықтың мұндай деңгейіне келіспей, КТС-ті25 пайызға дейін ғана көтеруге әрең көнген. Ал кейбір компаниялар үшін корпоративтік табыс салығы бұрынғы 20 пайыз деңгейінде қалып қойды.
Экономистің пікірінше, осылайша, ірі бизнестің салық жүктемесін арттыруға бағытталған реформаның бір бөлігі іске аспады. Мәселе тек корпоративтік табыс салығымен шектелмейді. Жаңа Салық кодексі арқылы табысы жоғары азаматтардың жеке табыс салығын да кезең-кезеңімен көтеру көзделген.
«Жоспар бойынша, табысы жоғары азаматтардың жеке табыс салығын бұрынғы 10 пайыздан 20-25 пайызға дейін көтеру қарастырылған. Бірақ Үкімет әзірге бұл өзгерісті толық жүзеге асыра алған жоқ. Қазір айлық табысы 3 млн теңгеден асатын азаматтардың ғана жеке табыс салығы 15 пайызға көтерілді. Қазақстанда мұндай табыс алатындардың саны – небәрі 26 мың адам. Ал салық төлейтіндердің жалпы саны шамамен 11 млн адам. Яғни жоғары мөлшерлемемен салық төлейтіндердің үлесі өте аз. Ал айына 1,5-2,5 млн теңге көлемінде табыс табатын азаматтар бұрынғыдай, 10 пайыздық жеке табыс салығын төлей береді. Мұндай табысы бар адамдардың арасында депутаттар мен министрлер де бар. Сонда қарапайым жұмысшылар: еден жуушы да, мейірбике де табысының 10 пайызын салыққа береді. Ал ай сайын миллиондаған теңге табыс табатын адам да дәл сондай мөлшерлемемен салық төлейді. Мұны салық жүйесіндегі әділдік деп айту қиын», – дейді Сапарбай Жобаев.
Экономистің ойынша, салық реформасы шын мәнінде әділетті әрі бюджетке тиімді болуы үшін ірі компаниялардың КТС-ін көтеріп, табысы жоғары азаматтар мен жоғары жалақы алатын шенеуніктердің жеке табыс салығын арттыру мәселесі қайта қаралуы қажет. Маманның айтуынша, қосылған құн салығының негізгі ауыртпалығы, түптеп келгенде, халық пен отандық шағын және орта бизнескетүседі. Яғни ірі компанияларға салынатын салық айтарлықтай өспесе, бюджет кірісін арттырудың негізгі салмағы қараша мен әрең жан бағып жүрген шағын кәсіп иелерінің мойнында қала бермек. Мұндай жағдайда жаңа салық саясатының бюджет тапшылығын толтыра алмағаны өз алдына, оның әділеттілігіне қатысты да сұрақ туындайды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ