Ұлыбритания Қазақстан компанияларына санкциялар саламыз деп ескертті

Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігі өз сайтында «Қазақстан бизнесі үшін Ұлыбритания санкциялары бойынша нұсқаулық» жариялады.
27 беттен тұратын бұл көлемді құжатта Ұлыбритания Ресей мен басқа елдерге қатысты санкцияларын айналып өтуге тырысқан жағдайда қазақстандық бизнес қандай салдарға тап болуы мүмкін екені егжей-тегжейлі сипатталған.
«Бұл нұсқаулық Ресейге бағытталған санкцияларға қатысты. Алайда Ұлыбританияда басқа да санкциялық режимдер бар», - деп жазылған кіріспеде.
Сонымен қатар өзге елдерге салынған санкциялармен танысу ұсынылады.
Ұлыбритания санкция салған елдердің тізімінде Ауғанстан, Иран, Ирак, Беларусь, Ливия, Ливан, Сомали, Мьянма, Орталық Африка Республикасы, Босния және Герцеговина, Қытай мен Гонконг, КХДР, Конго, Гвинея, Гаити, Никарагуа, Судан, Сирия, Венесуэла, Йемен және Зимбабве бар.

«Ұлыбритания санкциялары – Ұлыбритания заңнамасының тетіктері. Заң бойынша оларды тек Ұлыбритания азаматтары орындауға міндетті. Бірақ британдық азаматтар болып табылмайтын тұлғалар Ұлыбритания санкцияларын айналып өтуге көмектескен жағдайда белгілі бір қауіптерге тап болуы мүмкін», - делінген құжатта.
Бұл қауіптердің ең бастысы – санкцияларды орындамаған қазақстандық компаниялар өздері де санкцияға ілігуі мүмкін.
«Егер сіз Ресейдің Украинаға басып кіруіне ықпал ететін немесе Ұлыбританияның нақты санкцияларын айналып өтуге көмектесетін әрекеттерге қатыссаңыз, Ұлыбритания сізге немесе сіз иелік ететін не басқаратын ұйымдарға қарсы тікелей санкциялар енгізе алады. Ұлыбритания мұндай негізде үшінші елдердегі бірқатар кәсіпорындарға, оның ішінде Қазақстанда орналасқан кейбір ұйымдарға да санкциялар салды», - деп жазылған нұсқаулықта.
Сонымен қатар Ұлыбритания СІМ-і егер қазақстандық компаниялар британ санкцияларын бұзса, онда олармен бірде-бір халықаралық ұйым жұмыс істемейді деп ескертеді. Ұлыбритания банктері бұл компаниялардың активтерін бұғаттауы мүмкін. Сол секілді британдық сақтандыру компаниялары да өз қызметін ұсынудан бас тартатын болады.
Ұлыбритания санкциясын бұзу ретінде төмендегілер қарастырылады:
- Ұлыбританиядан тыйым салынған тауарларды Ресейге тікелей экспорттау;
- Ресейден шыққан немесе сол ел арқылы жеткізілген тыйым салынған тауарларды Ұлыбританияға импорттау;
- Мұндай тауарларды Ресейге тікелей не жанама жеткізу;
- Ресеймен байланысты адамдарға санкциялық тауарларға қол жеткізуге мүмкіндік беру және т.б.
Жоғарыда айтылғандай, құжат мысал ретінде Ресейге қатысты санкциялар негізінде дайындалған. Бірақ Ұлыбритания енгізген барлық санкциялық елдерге қатысты қолданылады.
«Қазақстан Ұлыбритания санкцияларын немесе өзінің ұлттық санкцияларын қолданбайды. Алайда кейбір қазақстандық заңдар мен шаралар Ұлыбритания санкцияларымен тыйым салынған әрекеттермен байланысты жағдайларды реттейді», - делінген құжатта.
Мысал ретінде Ұлыбританияның СІМ қазақстандық банктерге санкция тізіміне енген клиенттерге қызмет көрсетуді шектеуге немесе мүлде көрсетпеуге кеңес береді.