Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Ұлыбритания Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтті

Ұлыбритания
Фото: ашық дереккөз

Жаңа тізімде кеме, компания және тұлғалар бар

Ұлыбритания үкіметі Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қарсы қысымды күшейтіп, жаңа санкциялар пакетін жариялады. Бұл туралы британ үкіметінің ресми сайтында хабарланды.

Жаңа тізімге Ресеймен байланысты 20 кеме, 6 компания және 4 жеке тұлға енгізілген. Санкцияға іліккен кәсіпорындардың арасында Атлас, Металлург және Орион Стар Групп секілді өндірістік және логистикалық құрылымдар бар. Ұлыбритания билігінің мәліметінше, бұл нысандар Ресейдің әскери әлеуетін күшейтуге үлес қосып отырғаны үшін шектеуге ұшырады.

Канаданың қабылдауымен өткен G7 саммитінде сөз сөйлеген Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Батыс елдерін Ресейге қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырып, Ұлыбританияның бұл бағыттағы ұстанымының өзгермейтінін айтты.

Бүгінде Ұлыбританияның Ресейге қатысты санкциялық тізімінде 2300-ден астам нысан тіркелген. Олардың қатарында олигархтар, жоғары лауазымды тұлғалар, ірі корпорациялар мен ресейлік қорғаныс секторының негізгі ойыншылары бар. Ол санкция аясында ресейлік «көлеңкелі флотқа» қатысы бар деген 200 кемеге шектеу енгізді. Одан бөлек, санкцияны айналып өтуге тырысқан 30 компания және әскери-өндіріс кешеніне қатысы бар деген 75 тұлға да «қара тізімге» кірген. 

Қара тізімге Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков, әскери сарапшы Игорь Коротченко, Ресей темір жолдарының басшысы Олег Белозеров, ФҚҚ басшысының бірінші орынбасары Сергей Королев, "Москва" крейсерінің командирі Антон Куприн, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы басшысының бірінші орынбасары Николай Богдановский, ТЖМ басшысының міндетін уақытша атқарушы Александр Чуприян, әуе күштерінің қолбасшысы генерал-полковник Андрей Сердюков енгізілді.

Н.Л. Духов атындағы бүкілресейлік автоматика ҒЗИ, Орталық машина жасау ғылыми-зерттеу институты, "Прогресс" зымыран-ғарыш орталығы, "Промтех-Дубна" АҚ, Арзамас машина жасау зауыты және "Калашников" концерніне санкциялар салынды.

Шектеу енгізілгендердің Ұлыбританиядағы барлық активтері бұғатталады. Аталған шаралар Мәскеудің соғыс қимылдарын тежеп, халықаралық құқықты бұзуына тосқауыл қою мақсатында қабылданып отыр.

Тегтер: