Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:52

ФБР Трамптың Ресеймен байланысына қатысты құпия құжаттарды тапты

Путин
Фото: zhasalash.kz

Ақ үйде Клинтонға көмектесу жоспары болғаны айтылады.

Fox News Digital мәліметінше, АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) 2016 жылғы президенттік сайлау кезінде Дональд Трамптың Ресеймен ықтимал байланыстары туралы тергеуге қатысты бірқатар құпия құжаттарды тапты. Бұл құжаттар ФБР-дің жасырын бөлмесінде, жоюға арналған бірнеше қаптың ішінен табылған. Ақпаратты ФБР директоры Кэш Пател растады.

Ақпарат көздерінің айтуынша, табылған құжаттардың арасында 2023 жылы арнайы прокурор Джон Даремнің есебіне тіркелген құпия қосымша да бар. Ол кезде Дарем ФБР-дің Трамп пен Ресей арасындағы ықтимал байланыстарды тергеуде күмән тудыратын әрекеттерге барғанын мәлімдеген еді.

«Бұл құпия қосымшаның жариялануы АҚШ үкіметі ішінде Хиллари Клинтонның сайлауалды науқанына көмектесу үшін Трамп пен Ресей арасындағы байланыстарға қатысты жанжал тудыру жоспары болғанын дәлелдей түседі», - деді Fox News Digital-ге сұхбат берген дереккөз.

Мыңдаған құжат салынған бірнеше қап табылған. Құжаттарды Пател АҚШ Конгресі Сенатының құқықтық комитетінің төрағасы Чак Грасслиге тапсырды.

Бұған дейін, 22 шілдеде Дональд Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманы мемлекетке опасыздық жасады деп айыптады. Ол АҚШ Ұлттық барлау директоры Тулси Габбардтың екі апта бұрын жариялаған есебіне сүйенген. Онда Обама әкімшілігінің Ресейдің 2016 жылғы сайлауға ықпал ету әрекеттеріне қатысты барлау мәліметтерін әдейі бұрмалап, саясиландырғаны айтылған.

Габбардтың айтуынша, Обама мен оның командасы демократтардың жеңілісінен кейін кибершабуылдар туралы жалған ақпарат арқылы Ресейдің ықпалын асыра көрсетіп, Трамптың жеңісін заңсыз етіп көрсетуге тырысқан.

«Бұл жалған барлау мәліметтері 2016 жылғы сайлауға дейінгі айларда жасалған шынайы бағалауларға қайшы келеді. Ол бағалауларда Ресейдің сайлауға араласуға ниеті де, мүмкіндігі де жоқ екені айтылған», - деді Габбард.

Осы жағдай аясында Трамп жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнеролик жариялады. Онда ФБР агенттері Обаманы Ақ үйдегі Оваль кабинетте қамауға алып, қолына кісен салып жатқан сәт бейнеленген. Кейін Обама АҚШ-тағы сотталғандарға арналған қызғылт сары форма киіп, түрмеде отырған бейнеде көрсетілген.