Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:30

Қырғызстанда тіл туралы заң қоғамда үлкен дау туғызды

Жапаров
Фото: zhasalash.kz

Қырғызстан Жогорку Кеңеші қабылдаған жаңа тілдік нормалар қоғамда үлкен пікірталас тудырды.

Азаматтық қоғам өкілдері президент Садыр Жапаровты бұл заңға вето қоюға шақырды.

Маусым айының соңында қабылданған заңнамадағы өзгерістер мемлекеттік тіл — қырғыз тілін қолдану аясын кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама қырғыз тілінің ресми тіл саналатын орыс тіліне қарағанда басымдығын күшейтуді көздейді. Бірақ қоғамда бұл өзгерістерге бәрі бірдей оң көзқараспен қарамады. Қоғамдық ұйымдар мен азаматтық сектор өкілдері президентке бұл заңға қол қоймау туралы үндеу жолдады.

Өзгерістер 18 заң мен Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне қатысты. Енді парламент депутаттары, Министрлер кабинеті төрағасы мен мүшелері, Ұлттық банк қызметкерлері, судьялар, құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілдері мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі керек. Сондай-ақ, адвокаттар мен нотариустарға лицензия алу үшін де қырғыз тілін меңгеру талабы қойылады.

Миграциялық заңнамаға да өзгерістер енгізілмек: мемлекеттік тілді білмеу тұруға рұқсат немесе иммигрант мәртебесін беруден бас тартуға негіз бола алады. Географиялық атаулар тек мемлекеттік тілде жазылады, жарнама мемлекеттік және ресми тілдерде ғана жарияланады, ал теле және радио хабарлардың кемінде 60%-ы қырғыз тілінде болуға тиіс.

Тіл туралы заң талаптарын бұзған немесе орындамаған азаматтарға 5000 сом (шамамен 50 еуро), ал заңды тұлғаларға 17 000 сом (165 еуро шамасында) көлемінде айыппұл салынады. Бұл норма жеке тұлғаларға тілді білу бойынша басқа нормативтік актілермен бекітілген талаптарға қолданылмайды.

Президентке жолданған үндеуде заңдағы көптеген түзетулер қоғам тарапынан қолдау таппағаны, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында көп сынға ұшырағаны айтылған.

Сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қырғыз тілін дамыту маңызды екенін мойындайды, бірақ бұл ресми тіл — орыс тілінің есебінен болмауы керек дейді. Бұл пікір 10 маусымда “Ой Ордо” сараптамалық орталығы ұйымдастырған “Айыппұл салу ма, дамыту ма: Қырғызстандағы тілдік саясатты заңнамалық жолмен реттеу” атты дөңгелек үстелде де айтылды. Парламент жаңа нормаларды қабылдағаннан кейін президентке арнап арнайы қарар дайындалған. Саясаттанушы, “Ой Ордо” орталығының директоры Игорь Шестаковтың айтуынша, негізгі сын мемлекеттік тілді іс қағаздарына енгізу, банктік қызмет, нотариат пен сайлау процестеріне қатысты болды. Оның пікірінше, тіл білу кәсібиліктің басты көрсеткіші болмауы керек.

«Аскар Акаев пен Құрманбек Бакиев – екеуі де жақсы қырғызша сөйлеген, бірақ президент ретінде өздерін көрсете алмады», - дейді Шестаков.

Ол Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия ұсынған өзгерістер ресми тілдің мәртебесін барынша төмендететінін айтады. Президентке жолданған үндеуде де осы қауіп айтылған — заңдар күшіне енсе, шамамен 2 миллион қырғызстандықтың сайлау және азаматтық құқықтары шектелуі мүмкін.

Шестаковтың пікірінше, “мемлекеттік тілді қорғаудың қажеті жоқ, оған қолдау көрсету қажет”. Ол мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігін, білім сапасының төмендігін атап өтті. Кей өңірлерде балалар жартылай қираған ғимараттарда немесе контейнер-вагондарда оқып жүр. Сондықтан ең алдымен педагогтарды дайындау, заманауи оқу құралдарын енгізу қажет, содан кейін ғана тілдік саясатты жүзеге асыру керек.

Сарапшы қырғыз тілін емес, орыс тілін үйренуге деген сұраныс тіпті қырғыздардың өз арасында да жоғары екенін айтты. Мысалы, елдің оңтүстігінде орыс тілінде оқытатын сыныптар лық толы. Бұл еңбек миграциясымен байланысты. Сонымен қатар Шестаков ағылшын тілін де оқытудың маңыздылығын атап өтті. Ол 1990-жылдары парламентте ресми тіл мәселесі талқыланғанда Швейцария мысалға алынғанын еске салып өтті — онда ешқандай қайшылықсыз төрт ресми тіл бар. Алайда “Қырғызстанға бұл елдің деңгейіне жету әзірге алыс” дейді ол. Оның ойынша, Ұлттық комиссия жүйелі мәселелерді шеше алмай, тек тілдік популизммен айналысып отыр.

Қырғыз тіліне арналған «Қылым карыткан тил» («Ғасырлардан аман өткен тіл») оқулығының авторы, оқытушы Гүлмира Дүйшеева мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне бұған дейін тиісті назар аударылмағанын айтады. Бұл елдегі тұрақсыздық пен төңкерістерге байланысты болған. Дегенмен 2014 жылдан бастап мемлекеттік тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жағдай өзгерген. Оның айтуынша, алғаш рет еуропалық стандарттар бойынша тіл деңгейлеріне бөлу ұсынылған. 

«Бір сыныпта қырғыз тілін жақсы білетін балалар да, мүлдем білмейтін балалар да отыратын. Біз осыны көтердік, қазір мектептерде балаларды тіл деңгейіне қарай топтарға бөле бастады», - дейді Дүйшеева.

Ол проблемалар әлі де бар екенін мойындайды, алайда тіл мәселесіне назар артып келеді. Бұл жаңа бағдарламалар әзірлеуге, оқулықтарды қайта жазуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда тиімді оқыту жүйесін қалыптастыру үшін уақыт қажет — мұғалімдер дайындығын күшейтіп, мектептерді сапалы оқулықтармен қамту керек. Қазақ, өзбек, орыс ұлттарының өкілдері арасында қырғыз тіліне деген қызығушылықты арттыру үшін курстар, оқу құралдары, сөздіктер мен қолжетімді материалдар қажет дейді маман. Оның айтуынша, мемлекеттік тілді қолдануға деген сұраныс өсіп келеді, болашақта қырғыз тілі ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы тиіс.

 

Тегтер: