Ресей тағы да Зеленскийдің отставкасын талап етті

Ресей Украинадағы соғыс жағдайын тоқтату үшін ең алдымен Владимир Зеленскийдің биліктен кетуін талап етіп отыр.
Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Максим Мусихин мәлімдеді. Оның айтуынша, атысты тоқтату туралы кез келген келісімге қол қою үшін Украинада жаңа, легитимді басшы сайлануы тиіс.
«Зеленскийдің президенттік өкілеттігі аяқталды, сондықтан ол халықаралық деңгейдегі маңызды құжаттарға қол қою құқығынан айырылды. Қазіргі жағдайда тек Жоғарғы Раданың спикері ғана уақытша келіссөз жүргізе алады», - деді Мусихин.
Ресей тарапының айтуынша, Украинадағы бейбітшілік меморандумына қол қою үшін саяси жағдайдың толық өзгеруі қажет. Мәскеу Зеленскийді заңсыз билікте отыр деп есептейді. Бұл пікірді Ресей тарабы бұрыннан айтып келеді және бұл талап бейбіт келіссөздердің басталуына кедергі болып отыр.
Сонымен қатар Кремльдің пікірінше, қазіргі украин билігі батыстың ықпалында болғандықтан, олар шынайы келісімге бара алмайды. Сондықтан жаңа президент сайланғаннан кейін ғана Мәскеу тарапынан келіссөздерге мүмкіндік туатынын меңзеп отыр.
Айта кетейік, Ресей басшысы Владимир Путин 2022 жылдан бері бірнеше рет Украинада жаңа президенттік сайлау өткізуді талап еткен. Ол бейбіт келісімдерге келуге дайын екенін айтқанмен, бұл талап орындалмайынша, нақты келіссөздер болмайтынын ашық білдіріп келеді.
Ал Киев билігі бұл талаптарды абсурд және заңсыз араласу деп санайды. Украина Конституциясына сәйкес, соғыс жағдайы кезінде сайлау өткізуге тиым салынған. Зеленский де бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасап, президенттік өкілеттігі ел қорғанысына байланысты уақытша жалғасатынын атап өткен.
Халықаралық сарапшылар бұл жағдайды кезекті саяси қысым деп бағалап отыр. Ресейдің осындай талабын Украина мен батыс елдері қабылдамай отыр, ал Мәскеу өз позициясын қатаң ұстануда.