Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:31, 09 Наурыз 2026

Мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет 100 доллардан асты

Мұнай
Фото: Максим Шеметов / Reuters

Ирандағы соғысқа байланысты мұнай бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттап, 2022 жылғы деңгейге жетті.

 Мұнай нарығындағы басты факторлардың бірі – Ормуз бұғазы ұзақ уақытқа жабылып қалуы мүмкін деген қауіп.

АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы және Ормуз бұғазының іс жүзінде жабылуы аясында мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты.

9 наурыз, дүйсенбі күні Лондон биржасындағы сауда барысында Еуропадағы эталондық Brent маркалы мұнай фьючерстері бір сәтте 26 пайызға өсіп, барреліне 116,6 доллар деңгейіне жетті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Ал Нью-Йорк тауар биржасында West Texas Intermediate (WTI) маркалы америкалық мұнай фьючерстері 26,51 пайызға өсіп, 115 долларға жетті. Бұған дейін сауда барысында оның бағасы 111,24 долларға дейін көтерілген.

6 наурыз, жұма күні Brent маркасы 2024 жылдың сәуірінен бері алғаш рет 90 доллардан жоғары саудаланды. Ал Иранға қарсы әскери операция басталғанға дейін (28 ақпан) мұнай бағасы шамамен 70 доллар болған.

Ормуз
Фото: Amr Alfiky/REUTERS

Ормуз бұғазының жабылуы мұнай нарығын алаңдатып отыр

Мұнай нарығындағы басты қауіптердің бірі – Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылып қалуы мүмкін деген болжам.

Бейбіт кезеңде бұл бұғаз арқылы әлемдегі мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Сонымен қатар ол Катардан сұйытылған табиғи газды жеткізуде де маңызды рөл атқарады.

АҚШ Ресей мұнайына қатысты шектеуді жеңілдетуі мүмкін

Әлемдік мұнай нарығындағы шиеленіс жағдайында АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент 6 наурыз күні Вашингтон танкерлерге тиеліп қойған ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды жұмсартуды қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Сол күні АҚШ Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттарына танкерлерге тиелген ресейлік мұнайды сатып алуға қойылған шектеуді 30 күнге уақытша тоқтатты. Мұның мақсаты – «мұнайдың әлемдік нарыққа жеткізілуін тоқтатпау».

Израиль Иранның мұнай инфрақұрылымына соққы жасады

7 наурыз күні Израиль алғаш рет Иранның мұнай инфрақұрылымына әуе соққыларын жасады. Тегеран мен оның маңындағы бес энергетикалық нысан шабуылға ұшырады.

Бұған жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Парсы шығанағындағы елдердің мұнай нысандарына соққы беруі мүмкін екенін ескертті.

Тегтер: