Миллиардтар шайқасы: Kaspi, Freedom, Forte — 2025 жылы кім оза шапты?

Мамыр айында жарияланған бай бизнесмендер рейтингісінен кейін Қазақстанның қаржы нарығында маңызды өзгерістер орын алды.
Әсіресе банк секторындағы ірі келісімдер байлық иелерінің активтеріне айтарлықтай ықпал етті. Атап айтқанда, Вячеслав Кимнің Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) сатып алуы және Болат Өтемұратовтың Home Credit Bank-ті ForteBank арқылы иеленуі миллиардерлердің нарықтағы позицияларын қайта өзгертті. Болат Өтемұратов 6-шы орыннан 3-ші орынға көтерілді.
1. Вячеслав Ким — $7,73 млрд (56 жаста)
Қазақстандағы ең бай бизнесмен атанып отырған Вячеслав Кимнің капиталы $7,73 млрд-қа жетті. Оның байлығының негізі — NASDAQ-та листингтен өткен Kaspi.kz компаниясындағы үлесі.

2024 жылы Kaspi.kz халықаралық нарыққа белсенді шығып, Түркияның Hepsiburada маркетплейсінің 65,41% үлесін $1,127 млрд-қа сатып алды. 2025 жылы Kaspi.kz-тің акциялары $79,72 мен $109,65 аралығында саудаланды, ал 29 шілдеде $85,96 деңгейінде жабылды. Компанияның нарықтық құны $16,4 млрд-қа жетіп, Кимнің үлесі $3,5 млрд деп бағалануда.
2025 жылдың шілдесінде Ким Jusan Bank-ті толықтай сатып алды. Қазіргі атауы — Alatau City Bank. Банк елдегі активтер көлемі бойынша алғашқы алты қаржы ұйымының қатарына кіреді. Вячеслав Ким банк негізінде технологиялық және инновациялық бағыттағы жаңа қаржы институтын құруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ким «Алсеко» АҚ мен бірнеше IT және сервис компанияларына иелік етеді, оның ішінде «Астана-ЕРЦ», «ELTOP Soft» және «ПОЗИТИВ Инвест» бар.
2. Тимур Турлов — $7,6 млрд (37 жаста)
Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және негізгі иесі Тимур Турлов 69,28% үлеске ие. Компанияның акциялары NASDAQ-та 2025 жылы $133,25-тен $179,21-ге дейін көтерілді, бұл — 34% өсім. Осы көрсеткіш бойынша Турловтың байлығы $7,6 млрд-қа жетіп отыр.

Турловтың активтеріне «Фридом Финанс» АҚ, «Фридом Банк», Arbuz.kz, Freedom Travel, сондай-ақ бірнеше медиа және технокомпаниялар кіреді. Компаниялар тобы 22 елде жұмыс істейді, соның ішінде АҚШ, Германия, Өзбекстан және Кипр бар.
3. Болат Өтемұратов — $6,46 млрд (67 жаста)
Болат Өтемұратовтың капиталы ForteBank-тің акциялары күрт өскеннен кейін $6,46 млрд-қа дейін көтерілді. Home Credit Bank-ті сатып алу жөніндегі жаңалық жарияланғаннан кейін, ForteBank акциялары 14,1%-ға өсіп, 10 шілдеде 32,53 теңгеге жетті. 29 шілдеде акциялар 22,53 теңге деңгейінде тұрақталды.

Өтемұратов сонымен бірге «Билайн» операторы (КаР-Тел), Rixos Borovoe, The Ritz-Carlton Astana, The Carlton Moscow, және Global Development девелоперлік жобаларына иелік етеді. 2025 жылы ол Австриядағы The Ritz-Carlton Vienna қонақүйін шамамен 110 млн еуроға араб миллиардеріне сатты. Сонымен қатар Burger King франшизасындағы үлесін де сатқан.
4. Владимир Ким — $5,7 млрд (64 жаста)
KAZ Minerals Ltd. және Kazakhmys Holding Limited компанияларында бақылаушы үлеске ие Владимир Ким — елдегі ең бай металл магнаты.

Сондай-ақ, ол RBK банкінің 89,79% акциясына ие. Рейтингі нарықтағы акция бағасына емес, компания активтері мен меншік үлестерінің есебімен жасалды.
5. Тимур және Динара Құлыбаевтар — $5,6 млрд (әрқайсысы)
Құлыбаевтар отбасы Halyk Bank арқылы негізгі капиталын ұстап отыр. Олар «Алмэкс» холдингтік тобы арқылы банк акцияларының 69,77% бақылайды. 2025 жылы банк активтері 18,58 трлн теңгеге жетті, ал таза табыс 400 млрд теңгеден асты.

Құлыбаевтар «ҚазСтройСервис», «Каспий мұнай», Qazaq Oil (PetroRetail), «Бахус» сынды ірі компанияларды бақылайды. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік саласында Mercury Properties арқылы 1 млн шаршы метрден астам коммерциялық нысандарға ие.
2025 жылдың алғашқы жартысында банктік секторда жасалған келісімдер еліміздің ең бай бизнесмендерінің қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етті. Kaspi.kz, Freedom Holding және ForteBank секілді қаржы алпауыттарының белсенділігі елдегі инвестициялық ахуал мен капиталдың өсу бағытын көрсетіп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бұған дейін Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерді билеткен миллионер туралы жазған едік.