Назарбаевтың үшінші әйелі Мәскеудегі элиталы пәтердің иесі болып шықты

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші, ресми емес әйелі саналатын Әсел Құрманбаева Мәскеудің батысындағы Рублёвка маңынан элиталық пәтер сатып алған.
Бұл туралы "Выход к морю" арнасы хабарлады.
Әсел Құрманбаеваға тиесілі пәтердің ауданы — 300 шаршы метр, сондай-ақ ол екі автотұрақ орнына ие. Бұл клубтық үйде небәрі сегіз пәтер бар. Ғимарат 1999 жылы жеке жобамен салынған. Үй саябақпен қоршалған, аумағы биік дуалмен бөлінген, кіреберісінде шлагбаум мен күзет бар. Үй Мәскеу өзенінің жағасына жақын орналасқан Суворов саябағының маңындағы Звенигородская көшесінде тұр. Бұл көше — Рублёвкадан метроның «Кунцевская» станциясына қарай түсетін жол. Құрманбаева бұл пәтерді 2017 жылдың қазанында сатып алған.
Пәтердің қазіргі нарықтағы бағасын нақты айту қиын. Сол үйдегі ұқсас көлемдегі (340 м²) жалғыз пәтер әртүрлі платформаларда 290 млн және 512 млн рубль аралығында (1,95–3,4 млрд теңге) бағаланып отыр. Ал бір жыл бұрын дәл Құрманбаева пәтерінің көлеміндей баспана (300 м²) 180 млн рубльге (шамамен 1 млрд теңге) сатылған. Оның бастапқы бағасы 220 млн рубль болған.

Бұған дейін Әсел Құрманбаева аты «Пандора құжаттары» атты жаһандық зерттеуде аталған еді. Онда ол офшорлық компаниялар арқылы байығаны айтылып, Владимир Ким мен Владимир Ни секілді Назарбаевқа жақын бизнесмендерден 30 млн доллар алғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, Құрманбаеваға «Астана Балет» театры мен бірнеше активтер берілген. Кейін бұл театр мемлекет меншігіне өткенмен, ол арт-директор қызметінде қалған.
Еске салайық, 2023 жылдың соңында жарық көрген кітабында Нұрсұлтан Назарбаев ресми жары Сара Назарбаевадан бөлек, шариғат бойынша Әсел Құрманбаеваға үйленгенін алғаш рет мойындады. Бұл некеден олардың екі ұлы дүниеге келген. Осылайша, Құрманбаева Назарбаевтың үшінші әйелі, ал ресми емес екінші әйелі атанды (бірінші — бұрынғы президенттік авиаотрядтың бортсерігі болған Гүлнара Рақишева).
Әсел Құрманбаеваға тиесілі пәтер — Назарбаевтар әулетінің Ресейдегі жалғыз жылжымайтын мүлкі емес. Нұрсұлтан Назарбаев СССР кезіндегі қызметтік пәтерін кейін қызы Дариға Назарбаева мен немерелері Нұрали және Айсұлтанның атына жаздырған.
Алайда отбасындағы барлық адам Ресейдегі мүлкін сақтап қала алған жоқ. Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының ресейлік жары Марсела Нұрсұлтан (Александрова, Мартиросян деген атпен де белгілі) Мәскеудегі Минская көшесіндегі пәтерінен айырылды. Оның атына тіркелген мүлік те «Ескі Қазақстанның» заңсыз активтерін тәркілеу науқаны кезінде мемлекетке қайтарылған. Кейін Сатыбалды 800 миллиард теңгеге жуық қаражатты мемлекетке өтеп, түрмеден босап шықты.