Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Ресей Ауғанстандағы тәліптер билігін ресми түрде мойындады

Тәліптер
Фото: ашық дереккөз

Бұл жөнінде көрші елдің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. 

Мәлімдемеде Мәскеудің Ауғанстан Ислам Әмірлігімен ресми серіктестік орнатуға келісім бергені және екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті екені айтылған. Бұған дәлел ретінде Ресей тарапы ауған елшісінің сенім грамотасын қабылдады.

Айта кетсек, 2003 жылы Ресей Талибан қозғалысын лаңкестік ұйымдар тізіміне қосқан болатын. Алайда 2021 жылы тәліптер Ауғанстан билігін қолға алған соң, жағдай өзгере бастады.

Билікке келген тәліптер елдің атауын Ауғанстан Ислам Әмірлігі деп өзгерткен болатын. Осыдан кейін Ресей президенті Владимир Путин бұл елді ресми түрде мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі атанды.

ТАСС таратқан ақпаратқа сәйкес, Кремльдің шешімі сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың ұсынысынан кейін қабылданған. Мойындау жарияланған соң көп ұзамай Мәскеудегі Ауғанстан елшілігі ғимаратының балконында Ауғанстан Ислам Әмірлігінің туы көтерілді. Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бейсенбі күні министрдің орынбасары Андрей Руденко Ауғанстанның Ресейдегі жаңа елшісі Гуль Хассан Хассаннан сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.

«Ауғанстан Ислам Әмірлігінің үкіметін ресми түрде мойындау – екі ел арасындағы түрлі саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға сеп болады деп есептейміз», - делінген министрліктің хабарламасында.

Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов та бұл қадамды Мәскеудің Ауғанстанмен толыққанды әріптестікке ниетті екенін білдіретін нақты қадам деп атады.

«Коммерсант» газетінің жазуынша, 2024 жылдың сәуірінде Ресей «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарған соң, Ауғанстанның Ресейдегі дипломатиялық өкілдігі елшілік мәртебесіне ие болды. Бұған дейін Ауғанстан тек уақытша сенімді өкіл деңгейінде ғана ұсынылған еді.

Ауғанстан
Фото: ашық дереккөз

Бұған дейін «Талибан» қозғалысы Ресейде террористік ұйым ретінде танылып, тыйым салынған болатын. Дегенмен соңғы жылдары Мәскеу бұл ұйыммен тұрақты байланыс орнатып, олардың делегацияларын бірнеше мәрте ресми сапармен қабылдаған.

Reuters агенттігі Мәскеудің бұл қадамына АҚШ ерекше назар аударатынын хабарлайды. Қазіргі таңда Америка Құрама Штаттары Ауғанстан орталық банкінің миллиардтаған долларлық активтерін бұғаттап отыр, ал Талибанның бірқатар басшыларына қарсы санкциялар әлі де күшінде. Соның салдарынан Ауғанстанның банк жүйесі халықаралық қаржы жүйесінен оқшау күйде қалып отыр.