Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:25

«Бұл — саяси іс»: Сот Талғат Ермегияевті мерзімінен бұрын босатпады

Ермегияев
Фото: БАҚ

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп 14 жылға сотталған Талғат Ермегияевтің мерзімінен бұрын босатылу туралы өтінішін сот кері қайтарды.

Бұл істі 2025 жылғы 14 шілдеде Алатау қаласының соты қарады.

Сот отырысында судья Мақсат Әмірқұлов Ермегияевтің мемлекетке келтірілген материалдық шығынды толық өтемегенін негізге ала отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қабылдамау жөнінде шешім шығарды. Прокурор мен Ермегияев қамауда отырған ЛА-155/12 мекемесінің әкімшілігі де дәл осы уәжбен өтінішті қолдамауға шақырды.

Қорғаушы тарап Ермегияевтің 9 жыл 8 айға жуық жазасын өтегенін және мемлекетке келтірілген 5,8 миллиард теңге шығынның шамамен 1 миллиард теңгесін өтегенін алға тартты.

Адвокат Анар Құсайновтың айтуынша, қорғау тарабы сотқа Ермегияевтің заң жүзінде мерзімінен бұрын босатуға толық құқығы бар екенін дәлелдеген. Ол бұл істің саяси астары бар екенін айтып, сот шешімімен келіспейтінін және алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

– Біз бүгінгі сот отырысында қорғауымыздағы азаматты босатуға толықтай негіз барын дәлелдедік. Біз міндетті түрде қарсы шағым түсіреміз. Бұл заңсыз шешімге қарсы шағым түсіреміз, - деді қорғаушы.

Талғат Ермегияев – 2011–2012 жылдары Қазақстанның туризм және спорт министрі, 2013–2015 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы болған. 2015 жылы маусымда ЭКСПО басшылығынан шеттетіліп, 2016 жылы аса ірі көлемде пара алып, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оның мүлкі тәркіленіп, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мади Ермегияевтің айтуынша, оның әкесі сыбайлас жемқорлыққа қатысудан, мемлекет қаржысын жымқыру схемаларына араласудан бас тартқаны үшін жазаланған.

Экс-министрдің адвокаттары Талғат Ермегияевке тағылған айыптар жалған куәлікке негізделгенін айтады. Олар басты куәгер — «Rona LTD» компаниясының директоры Урал Ибадильдинаның психологиялық жағдайы тұрақсыз болғанын алға тартады. Оның үстіне, ол антикоррупциялық қызметтің бақылауында болып, куәліктерін адвокатсыз және түнгі уақытта берген. Тіпті, куәгер бола тұра, өзі жазған «кінәні мойындау хатында» Ермегияевтың атын атаған.

Қорғау тарабы Ермегияевке шыққан үкімнің күмән тудыратын тұстары бар екенін бірнеше рет айтқан. Олар бұл істің саяси астары барын меңзеп келеді.