Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Қазақстанда педофилдерді түрмеден босатпай тұрып кастрациялауды ұсынды

Кастрация
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда педофилия үшін сотталғандарға қатысты химиялық кастрация қолдану тәртібі өзгеруі мүмкін.

Жаңа түзетулер сот-психиатриялық сараптама жүргізу және оны тағайындау мерзімдерін реттеуге бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, түзеу мекемелерінің әкімшілігі сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды сотқа сотталушының жазасын өтеу мерзімі аяқталуына кемінде 12 ай қалғанда жолдауы тиіс. Бұл сараптама сотталушыда «педофилия» диагнозының бар-жоғын және жыныстық зорлыққа бейімділігін анықтайды.

Егер сараптама қауіптің бар екенін көрсетсе, сот химиялық кастрацияны тағайындай алады. Бұл шара бостандыққа шығуға алты ай қалғанда қолданылуы мүмкін. Процедура арнайы препараттарды үнемі егу арқылы жүргізіледі және тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылады.

Бұл өзгерістер қылмыскер бостандыққа шыққаннан кейін қылмыстың қайталану қаупін азайтуға бағытталған. Препаратты алдын ала енгізу ең қауіпті кезең – алғашқы айларда оның әсерін сақтауға мүмкіндік береді.

— Құжат жобасында: «Химиялық кастрацияны жазаны өтеу мерзімі аяқталуына алты ай қалғанда қолдану және түзеу мекемесі әкімшілігі тарапынан материалдарды он екі ай қалғанда сотқа жолдап, психикалық ауытқушылықтар мен жыныстық зорлыққа бейімділіктің бар-жоғын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындау туралы өзгеріс енгізіледі», - делінген.

Химиялық кастрация — бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 91-бабы 1-тармағының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес қарастырылған мәжбүрлі медициналық шара. Ол 18 жастан асқан, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық жасағаны үшін сотталған және ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдарға қолданылады.

Процедура барысында тестостеронның бөлінуін тежейтін антиандрогенді препараттар енгізіледі, бұл жыныстық құмарлықты азайтады. Қазіргі таңда мұндай шара тек сот шешімімен және жыныстық ауытқушылығы анықталған тұлғаларға ғана қолданылады. Мақсаты – олардың психикалық жағдайының нашарлауын (декомпенсация) болдырмау.