Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Мұнайдан миллиардер болғандар: Қазақстандағы ықпалды кәсіпкерлер кімдер?

кәсіпкерлер
Фото: zhasalash.kz

Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қазақстанның ең бай бизнесмендері өткен жылы өз байлықтарын жалпы сомасы 11 миллиард долларға арттырған.

Жақында қазақстандық Forbes өз рейтингісінің жаңартылған нұсқасын жариялады. Тізімдегі 75 адамның 18-і мұнай-газ саласына қатысты.

Қазақстандағы ең танымал мұнай магнаттарының бірі – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. 2025 жылғы Forbes рейтингісіне сәйкес, ол еліміздің ең бай кәсіпкерлері арасында төртінші орынға жайғасқан. Жыл ішінде оның байлығы 300 миллион долларға өсіп, жалпы капиталы 5,3 миллиард долларды құрады. Құлыбаевтың басты бизнес мүдделері мұнай-газ секторымен тығыз байланысты. Ол «Каспий Мұнай», «Алмэкс Плюс» және «Кристалл Менеджмент» компанияларына иелік етеді. Сонымен қатар, оның QazaqOil мен SinoOil жанармай құю станциялары желілерінде де үлестері бар.

Одан бөлек, Тимур Құлыбаев «ҚазҚұрылысСервис» атты мұнай-сервис компаниясын бақылайды және Атыраудағы «РТИ-АМӨЗ» және «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» секілді кәсіпорындарда да үлеске ие.

Тоғызыншы орынға 980 миллион долларлық дәулетімен Рашид Сәрсенов жайғасқан. Оның ірі активтерінің қатарына Helios жанармай құю станцияларының желісі, «Нефтехим LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және KCOI кеме жасау кешеніндегі 50 пайыздық үлесі кіреді. Бүгінде Сәрсеновтер отбасы Қашаған кен орнында фракциялық сұйытылған газ өндіретін зауыт салу жобасымен айналысып жатыр.

Ал 18-орынға 563 миллион долларлық байлығымен Дінмұхамет Ыдырысов ие болған. Дінмұхамет Ыдырысов 2024 жылдың соңында «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ-ның акционерлері қатарынан шыққан. Бұған дейін ол аталған кәсіпорынның 58,3 пайыз акциясына иелік еткен. Сонымен қатар, Ыдырысов «Үшқұю» АҚ мұнай-газ компаниясында да үлеске ие, онда 23 пайыздық бөлік бұрынғы «ҚазТрансГаз» басшысы Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі.

Forbes-тің 2025 жылғы рейтингінде 22-орынға мұнай-газ саласындағы ірі сервистік компанияларда үлесі бар Сергей Кан жайғасқан. Ол МТҚК, КИНГ, «Болашақ-Атырау», COC және «Novus-Bolashak» секілді бірқатар кәсіпорындардың акционері саналады. МТҚК мен КИНГ жобалау жұмыстарымен айналысса, «Болашақ-Атырау» – кадрларды іріктеу және жалдау қызметтерін ұсынады. COC – танкерлерді жалға беру саласында жұмыс істейді, ал «Novus-Bolashak» компаниясы Теңіз кен орнында іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Соңғы бір жыл ішінде Сергей Канның байлығы 170 миллион долларға артып, 292 миллион долларға жеткен.

Одан кейінгі орындар:

23-орында — 435 миллион долларлық байлығымен Кеңес Рақышев тұр. Оның активтері қатарында бірнеше мұнай кен орындары бар: Боранкөл (мұнда Анатолий Статидің компаниясы газ өңдеу зауытын салып жатыр), Сарыбұлақ (онымен «Құмкөл Транс Сервис» айналысады) және Тастөбе (оны Nomad West Oil игеруде).

25-ші орында – Данияр Әбілғазин, оның капиталы 400 миллион долларды құрайды. Ол QazaqOil, SinoOil және Gas Energy жанармай құю станциялары желілерінде үлеске ие. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін теміржол арқылы тасымалдауға маманданған PTC Holding компаниясында үлесі бар.

27-орында – Фаррух пен Сухраб Махмудов ағайындылары, олардың байлығы 380 миллион доллар. Олардың меншігіндегі «АқсайГазСервис» атты мұнай-сервистік холдинг Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында қызмет көрсетеді.

30-орынға – 368 миллион долларлық байлығымен Еркін Тәтішев жайғасқан. Ол KazPetrol Group пен Tumar Petrol мұнай-газ жобалары арқылы танымал.

31-орынды Сейітжановтар отбасы иеленген. Олардың дәулеті 365 миллион доллар, ал негізгі активтері – «Саутс-Ойл» ЖШС, Smart-Oil бұрғылау компаниясы және Қазақстанның оңтүстігіндегі тақтатас мұнайына бағытталған жобалар.

36-орында – 295 миллион долларымен Бахаридин Әблазимов. Ол «ҚазАзот» компаниясын бақылайды және «Матен Петролеум» мұнай өндіруші компаниясында аз үлеске ие.

Forbes Kazakhstan тізімінің екінші жартысында да мұнай-газ саласында табыс тапқан кәсіпкерлер аз емес.

43-орында – 236 миллион долларлық байлығымен Яков Цхай тұр. Ол KazPetroDrilling атты бұрғылау холдингінде үлеске ие.

48-орынды Марат Сәрсенов иеленіп отыр. Оның дәулеті 213 миллион доллар, негізгі активі – тасымалдау қызметімен айналысатын «Исткомтранс» компаниясы.

52-орын Ибрагим Ақдрашевке тиесілі (184 млн доллар), ал 53-орында Қанат Көпбаев тұр, оның да байлығы 184 миллион доллар. Көпбаевтың үлестері KUSTO Group арқылы бірқатар мұнай-газ кен орындарында шоғырланған. Сонымен қатар ол Compass жанармай құю бекеттері желісін басқарады.

71 және 72-орындарға тиісінше Қаныбековтер мен Қаппаровтар отбасы жайғасқан. Қаныбековтердің байлығы 95 миллион доллар, олар Шымкенттегі «Саутс-Ойл» жобасының 39 пайызын иеленіп, сонымен қатар мұнайшыларға қызмет көрсететін «Евро-Азия Эйр» авиакомпаниясына иелік етеді.

Ал Қаппаровтар отбасының капиталы 94 миллион доллар. Олар «ЕР САЙ Каспиан Контрактор» компаниясында үлеске ие және «Green Production» ЖШС арқылы мұнай өндіру саласына қатысады.

Тізімді Серік Қонақбаев түйіндейді. 73-орында орналасқан кәсіпкердің байлығы 93 миллион доллар, негізгі активтері – «SSM Oil» ЖШС және «ARK Petroleum» ЖШС, бұл компаниялар мұнай-газ кен орындарында үлестерге ие.

Тегтер: