Астана маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан әйел туралы жаңа мәліметтер белгілі болды

17 тамызда Ақмола облысында құлаған жеке ұшақта 43 жастағы Диана Ахметова отырған.
Артында үш баласы жетім қалды.
Әйел көп жылдан бері армандаған тілегін орындап, туған күніне ерекше сый жасауды жоспарлаған еді. Алайда ол арманын жүзеге асыруға бағытталған сапар оның соңғы сапарына айналды.
Әуе апатынан Дианамен бірге ұшақ иесі Арман Мусин де көз жұмды.
Еске салайық, Ақмола облысында жеңіл әуе ұшағы құлап, екі адам қаза тапты.
Қайғылы жағдай Целиноград ауданына қарасты Тонкеріс ауылының маңында болған. Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылдың 17 тамызында Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы әуе кемесі әуе қозғалысының жалпы авиациясы бойынша жоспарлы ұшуды орындау кезінде апатқа ұшыраған. Ұшақ құлағаннан кейін жарылыс не өрт болмаған.
Апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Көлік министрлігінің апаттарды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті.
Белгілі болғандай, ұшақ бортында болған екі адам алған ауыр жарақаттарының салдарынан дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған.