Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:45, 04 Маусым 2025

Моңғолия премьер-министрі қызметінен кетуге мәжбүр болды

Ойын-Эрдене
Фото: zhasalash.kz

Бұған Лувсаннамсрайн Ойын-Эрдэнэ баласының аста-төк өмірі себеп. 

Оның 23 жастағы ұлы өз қалыңдығына қымбат сыйлықтар сыйлаған, кейін әлеуметтік желілерде суреттер пайда болған. Осы жайттан соң көптеген адам үкімет басшысының баласына осынша байлық қайдан келді дегенді алға тартып, табыс көзін жариялауын талап еткен.

Бұл мәселе ел ішінде қызу талқыланды. Deutsche Welle жазуынша, ел астанасы Ұланбатырда жемқорлыққа қарсы шеру өтті. Мыңдаған адам көшеге шығып, “Шенеуніктер байып, халық қиналып отыр” деп ұрандатты. Наразылық білдірушілер елдің қазба байлығы бизнес пен байлардың мүддесіне пайдалы екенін айтады, ал көптеген моңғолдар кедейшілікте өмір сүріп жатыр.

Өткен жылы сайлау реформасында парламент 76 орыннан 126 орынға дейін кеңейтілді. Бұл коалициялық үкіметтің құрылуына әкелді.

- Егер басқару тұрақсыз болса, экономикалық жағдай нашарлайды және саяси партиялар консенсусқа келе алмайды. Бұл халықтың парламенттік басқаруға сенімін жоғалтуына және біздің демократиялық парламенттік жүйеміздің күйреу қаупіне әкелуі мүмкін, - деп ескертті Ойын-Эрдэнэ.

Ойын-Эрдэнэ бастапқыда отставкаға кетуден бас тартқанымен, қоғам қысымына шыдас бермеді. Ақыры ел Парламенті премьер-министрге сенімсіздік вотумын жариялап, ол отставкаға кетті.

Ол Моңғолия үкіметін төрт жыл басқарған болатын. Осы уақыт ішінде цифрлық реформалар мен шетелдік инвестиция тарту бағытын ұстанғанымен, елдегі әлеуметтік теңсіздік пен жемқорлық мәселесі өзектілігін жоймады.

Саяси сарапшылардың айтуынша, бұл оқиға Моңғолияда билікке деген сенімнің әлсірегенін және қоғамның әділдікке деген сұранысының артқанын көрсетеді.

Тегтер: