Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:53

Мерц: Біз Палестина мемлекетін мойындауға әлі дайын емеспіз

Германия
Фото: БАҚ

Германия канцлері Фридрих Мерц (Friedrich Merz) Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыста «екі мемлекет» қағидатына негізделген келіссөздер арқылы шешім табу – болашақта бейбітшілік пен қауіпсіздікке жетудің ең дұрыс жолы екенін айтты. 

Бұл туралы ол 29 шілде күні Берлинде Иордания королі Абдалла II-мен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

— Алайда қазіргі кезеңде біз Палестина мемлекетін мойындауды дұрыс қадам деп санамаймыз, - деді Мерц. Оның айтуынша, бұл қысқа мерзімді перспективаға қатысты.

Берлин қазіргі уақытта ең өзекті мәселелерге назар аударуды жөн санайды. Мерцтің сөзінше, ең алдымен атысты тоқтату және Газадағы кепілге алынғандарды, соның ішінде Германия азаматтарын босату қажет. Сонымен қатар ол палестиналық радикалды исламшыл қозғалыс — ХАМАС-ты қарусыздандыру қажеттігін атап өтті.

— Террор тоқтатылуы тиіс, - деді Мерц.

Оның айтуынша, Израиль Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың жағдайын «жедел әрі батыл түрде» жақсартуы қажет.

Германия Гуманитарлық көмекті жеткізу үшін Иорданияға екі жүк ұшағын (Airbus A400M) жөнелтті. Олар сол жерде жабдықталып, жанармаймен толтырылып, демалыс күндері немесе тіпті ертеңгі күннен бастап гуманитарлық жүктерді әуе арқылы жеткізуге кірісуі мүмкін. Германия қорғаныс министрі Борис Писториус (Boris Pistorius) Иордания қорғаныс министрімен бірге гуманитарлық жүктерді жеткізу шараларын үйлестіріп жатыр. Мерц бұл туралы:

— Германия бұл іске аз ғана үлес қоса алады, бірақ бұл — маңызды белгі: біз осындамыз, біз өңірдеміз, біз көмектесіп жатырмыз, - деп қосты.

Канцлер сондай-ақ Иордан өзенінің Батыс жағалауында жаңа босқындар пайда болуына немесе аннексия әрекеттеріне жол беруге болмайтынын атап өтті.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскери-саяси кабинетке Газа секторының толық аннексиясы туралы жоспар ұсынуға ниетті. Бұл туралы 29 шілде күні Haaretz басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап жазды. Жоспарға сәйкес, Израиль алдымен ХАМАС-қа атысты тоқтату туралы талап қойып, оны орындамаса, палестиналық аумақтарды кезең-кезеңімен аннексиялауға кіріседі. Алдымен буферлік аймақтағы, кейін Сдерот пен Ашкелон қалаларына жақын солтүстік Газа аудандары қосылады. Бұл процесс бүкіл аймақ аннексияланғанға дейін жалғасады.

Басылымның хабарлауынша, Нетаньяху бұл жоспарға Дональд Трамп әкімшілігі қолдау білдіріп отырғанын айтқан.

Еске салайық, 2023 жылдың 7 қазанында Таяу Шығыстағы ахуал күрт ушықты. Еуроодақ пен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ХАМАС қозғалысы Израильге жаппай зымыран шабуылын жасап, ел аумағына басып кіріп, қазіргі Израиль тарихындағы бейбіт тұрғындарға қарсы ең жаппай қантөгіс жасады — шамамен 1200 адам қаза тапты. Сонымен қатар 250-ден астам адам кепілге алынып, Газа секторына әкетілді. Кейбірі босатылса, кейбірі қаза тапты.

Осыдан кейін Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Жерүсті операциясы мен әуе шабуылдары салдарынан ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 60 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 145 мыңнан астамы жараланған. Дегенмен, бұл деректердің қалай есептелгені, қанша жауынгер мен бейбіт тұрғынның қаза тапқаны нақты көрсетілмеген.