Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:56

Астаналық мәслихат депутаты Дженнифер Лопестің киім үлгісін сынға алды

Джейло
Фото: zhasalash.kz

Бірақ жұрт оның сынына қарсы шықты.

Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин 1 тамызда өткен Дженнифер Лопестің концерті кезінде киген ашық киімдеріне қатысты пікір білдірді. Ол әншінің киім таңдауы ел менталитетіне сай келмейтінін меңзеп, келбетін жергілікті аудиторияға бейімдеу қажет болғанын айтты.

«Біз Әмірліктер емеспіз, біздің құндылықтарымыз басқа. Дегенмен, ұлттық менталитет бар, сондықтан кейбір образдарын жергілікті көрерменге бейімдеуге болар еді», - деді Самидин.

Депутат бұл пікірін қызының сөзімен байланыстырды. Оның айтуынша, 16 жастағы қызы Лопестің Қазақстандағы концерті мен Біріккен Араб Әмірліктерінде киген жабық киімдерін салыстырып, айырмашылықты байқаған.

Самидин
Фото: Threads

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың мәлімдемесін сынға алды. Көпшілік Самидинге маңызды мәселелермен айналысуға кеңес беріп, әйелдердің құқықтары, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық және инфрақұрылым мәселелерімен айналысуды сұрады.

«Сіз 2023 жылдан бері мәслихат төрағасы екенсіз. Сізге салық төлеушілер ретінде шын жүректен өтінішіміз – киім емес, маңызды әрі қажетті істерге көңіл бөліңіз», - деп жазды қолданушылардың бірі.

Басқалар Лопестің концертінен ел бюджетіне пайда түскенін айтып, әншінің стиліне назар аудармауға шақырды.

Самидин
Фото: Threads

Айта кетейік, 1 тамыз күні Лопес Қазақстанда алғаш рет концерт қойып, «Астана Арена» сахнасында әйгілі хиттерімен, биімен және арнайы эффектілерімен көрерменге есте қаларлық шоу ұсынды. Концерт басталмас бұрын қонақ үй алдында жиналған фанаттар жұлдызды көруге ұмтылды. Әншіні жергілікті арнайы жасақ – СОБР күзеткен. Концерт елорданың жалдамалы пәтер нарығында да қозғалыс тудырды — шара өтетін орын маңында пәтер бағасы күрт өскен.

Тегтер: