Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:57

Көпбалалы аналар Берік Уәлиді күтіп, әкімдік алдында күні бойы тұрды

Уәли
Фото: zhasalash.kz

29 шілде күні Семейлік бірнеше әйел балаларымен бірге Абай облысы әкімдігі ғимаратының алдына барып, таңғы сағат 07:30-дан кешке дейін Берік Уәлиді күтіп тұрды. Бірақ, әкім келмеді...

Олар өңір әкімі Берік Уәлимен кездескісі келген. Алайда әкімдік қызметкерлері олардың талабына «әкім қалада жоқ, іссапарда жүр» деп жауап берді. Соған қарамастан, кейбір аналар әкімдік ғимаратына кіруге әрекеттенген, алайда күзетші олардың жолын бөгеп, есікті жауып алған. Жиналған аналар ешқандай жерде мұншалықты құрметсіздікке тап болмағанын айтады.

«Әкім іссапарда жүр» деген сөз «әкім кабинетінде тығылып отыруы мүмкін» деген күмәнге жетелейтін әдеті. Бәлкім, расында жоқ болса жоқ шығар. Бірақ, ең болмаса орынбасарларының бірі шығып, балаларын жетелеп келіп, есік бағып тұрған аналармен тілдесуі керек еді ғой? Бірақ, кеш батқанға дейін олармен күзетшілерден басқа ешкім сөйлеспеген.

Әйелдер не себепті Берік Уәлимен кездескісі келетінін былай деп түсіндірді:

«Мен көпбалалы анамын. Бес балам бар. Тұрғын үй кезегінде тұрмын. Бірақ жыл сайын тек 50-60 адам ғана жалдамалы пәтер алады. Ипотека арқылы алмақ болдық, бірақ табысымыз жетпейді. Айына 870 мың теңге табу керек. Ол ақшаны қайдан табамыз? Күйеуім 200 мың теңге жалақы алады. Оның 100 мыңы пәтерақыға кетеді. Одан бөлек оқуға, киімге, кредитке төлеу керек. Ақша жетпейді. Тұрғын үй мәселесі бойынша көмек керек», – дейді аналардың бірі.

«Алты балам бар. Үлкен ұлым әскерге кетті. 2023 жылы жалдамалы пәтер алғанбыз. Бірақ ол сапасыз болып шықты. Екі жылдан бері осы мәселені шеше алмай келемін. Қазан айында келісімшарт мерзімі аяқталады. Одан кейін сотқа да шағымдана алмаймын, басқа да амал қалмайды. Күйеуіммен ажырасып кеткенмін, алиментті тек бір рет жіберген. Депутат Ринат Зайытов көмектесемін деген, бірақ кейін мүлде хабарсыз кетті», – деп шағымданды тағы бір ана.

«Мен мұнда жұмыс сұрап келдім. Жәрдемақы жетпейді, бірақ маған жәрдемақы емес, жұмыс керек. Маған таңертеңнен кешке дейін істейтін, айлығы 100 мың теңге болатын жұмыс ұсынды. Мен төрт баласы бар жалғызбасты анамын. 100 мың теңгемен оларды асырай алмаймын. Маған 300-400 мың теңге төлейтін жұмыс қажет», – деді тағы бір әйел.

Міне, осындай әлеуметтік мәселемен келген көп балалы аналар ешкім шығып сөйлесе қоймаған соң, кешке қарай әкімдік алдында көрпе төсеп, сол жерде түнеп қалуға бекінген. Сонда ғана семейлік шенеуніктер бұлардан оңай құтылмасын білген соң, мызғымай тұрған облыстық әкімдіктің есігіне жан біткен. Күн бата, 18:00-ден кейін облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр шығып, көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын тыңдаған болды. Тыңдаған болды дейтініміз, әкімнің өзімен кездесу жайлы нақты сөз айтылған жоқ. Ең болмаса «алдағы уақытта облыс әкімі сіздерді жеке қабылдайды» деген жөргемі де жоқ, орынбасар әкім көпбалалы аналарға 15 күн ішінде ресми жауап береміз деп, шығарып салды.