Мұхтардың ағасы Омархан

Мұхтар Омарханұлын бала кезден білімге жетелеген ағасы Қасымбек болса, жазушыны бозбала шағында қолтығынан демеген, үйлендірген, өмірдің қиын, бұралаң тұстарында жылулық мейірін, қамқорлығын аямаған, сүркейлі, үрейлі жылдарда інісінің жел жағына шығып, оған ықтасын болған, тіпті Әуезов үшін айыпталып түрмеге қамалған, қай кезде де «әкелік қамқорлықтан айнымай, тарылған тынысын кеңейткен» оның ағасы – Разақ Самарханұлы. Мұхтардың бұлғағы көп бозбала шағындағы Разақтың ағалық қамқорлығы оны үлкен өмірдің өрісіне шығарды.
Разақ кейін де інісін тағдырдың небір тайғақ сәттерінен аман алып шықты. Әуелі Разақ пен Мұхтардың туыстық байланысын анықтап алу үшін шежіреге жүгінейік. М.Әуезовтің атасы Бердіқожа. Ол кісінің Әуезхан, Самархан, Үсен, Бурахан, Кенжехан деген ұлдары, Айшахан, Нұржан, Нұрғаным деген қыздары болған. (Әуездің қарындасы Нұрғанымды Құнанбай тоқалдыққа алады).
Бердіқожа үлкен ұлы Әуезхан (Әуез) он бес жасқа келгенде Байқара бидің ұрпағы Жарқынбай деген кісінің Дінасыл деген қызын алып береді. Әуез екі әйел алған кісі. Бәйбішесі Дінәсілден Омархан, тоқалы Сақыштан – Арынбек, Қасымбек, Ағзам және Ахмет тарайды. Ал Әуездің інісі Самарханнан – Разақ туады. Алайда Самархан Разақтың төрт жасында, ерте қайтыс болып оның жесірі Мәдинаны Омархан әйелі Нұржамалдың үстіне әмеңгерлікпен алады. Омархан мен Мәдина Біләл дейтін ұл сүйеді. Омархан мен Нұржамалдан Қорлықа, Рахия, Гүлсім, Зүбәйла, Мұхтар, Үмия есімді балалар тарайды. Бұл туралы жазушының жары Валентина Әуезова өз естелігінде мынадай дерек келтіреді: «Әуез атаның інісі Самархан қайтыс болғаннан кейін оның жесірін әмеңгерлік жолы бойынша Омархан алады. Самарханнан қалған Разақпен бір қызды (есімі Зура – автор) Омархан бауырына басады, ал Омархан екеуінен Біләл атты ұлы дүниеге келеді. Бірақ ол ерте шетінеп кетеді. Осылайша, Разақ Мұхтар Омарханұлының туған ағасы болып есептеледі».
Разақ Самарханұлы 1885 жылы туған. Абай қайтыс болғанда 19 жасар бозбала. Күйеу баласы Әмен Әзиевке (қызы Гүлнардың күйеуі) айтып берген естелігінде ұлы ақынды сан мәрте көргенін тебіреніспен еске алады. Абайдың Разаққа арнаған өлеңі де бар. Жазушының жиені Мәжит Диқанбаевтың естелігінде бұл оқиғаның тарихы былай баяндалады: «...Разақтың адамгершілігі молдығын Абай да білген. Бірде Разақ Абай ауылына келіп балаларының үйіне түседі. Сонда Абай:
Мына үйде отыр Разақ,
Елдің жөнін айтар сұрасақ.
Үлкен қожа – ортан қол,
Өзгелері аты жоқ ен шынашақ, – депті. Сонда Разақтың құрдасы Абай немересі Әубәкір «Омарханшы?» дегенде Абай:
Оныдағы байқармыз,
Біразырақ сынасақ, – депті.
Дәл осы оқиғаны Разақ Ә.Әзиевке де айтады. Айырмашылығы – онда Абайдың алғашқы бір шумақ өлеңіне үй іші тегіс күледі, сонда Әйгерім «Омархан бар ғой, Омарханды қайтеміз» деп сұрайды. Яғни мұнда сұраушы Әубәкір емес, Әйгерім, ары қарайғы екі тармақ өзгеріссіз айтылады. Атасы Әуезбен сыйлас, сырлас десек те ұлы ақынның пейілі тегін адамға түспесе керек. Абайдың Разаққа берген бағасы кейін дәл шықты.
Разақтың өзі Абайды талай рет көрді, алдынан дәм татты дедік. Қария кейіннен көкірегінде өшпестей орныққан Абай бейнесін былай еске алады: «Жазда жасыл жайлауда отырғанда ол күн батардың алдында, жылқы дүркіреп, қой маңырап жайылып жатқанда, басына қара шұға тақиясын киіп, жағасына қара барқыт тартқан, ұзын сұр шекпенін иығына жамылып, жападан-жалғыз ауыл сыртына аулақтауды, жақын тұстағы төбешікке шығуды ұнатушы еді. Абайдың толымды ірі денесі, дөңгелек сақалы, әлде ақсұр, әлде қараторы ма, ол арасы дәл есімде жоқ, әйтеуір, көрікті, кесек жүзді, қажырлы, шабытты, қоңыр үні менің жадымда мәңгі қалды. Осылардың ұмытпаппын» (Ә.Әзиевтің естелігінен).
Атасы Әуездің алдынан ескіше сауатын ашқан Разақ он тоғыз жасқа шыққан жылы, 1904 жылы үйленеді. (Разақ екі әйел алған кісі. Алғашқысы – Мәкіжаннан – жеті, екінші әйелі Әлиладан алты бала сүйеді). 1909 жылы Омархан қайтыс болып, қара шаңырақтың бар ауыртпалығы Разақтың мойнына түседі. Бұл Мұхтардың ағасы Қасымбекке ілесіп, інісі Ахметпен бірге Семейде оқып жүрген кезі еді. Омархан қайтыс болғаннан соң қаладағы білім қуған үш інісінің барлық керек-жарағын Разақ өтейді, апта сайын Бөрілі мен Семейдің арасын жол қылып, азық-түлік тасиды. Ол үшін қыста ат шанамен, жазда атпен келіп кетіп тұрады. Балалар демалысқа шыққанда арнайы ат жібертіп ауылға алдыртады, көбіне өзі алып қайтады.

Әкеден айырылған қамкөңіл Мұхтарға тағдыр қат-қабат қиындығын артады. 1912 жылы анасы Нұржамал мен Семей семинариясын бітірген ағасы Қасымбек қайтыс болады. Сөйтіп, Мұхтардың ендігі тағдыры тұтастай Разақтың қолына қарайды. Әрине, Разақ інісіне таршылық көрсетпеуге тырысады. Бірақ үйдегі ошарлы жанға қарайласып, іні-қарындастарын асырап, Мұхтарды оқыту оған да оңайға түспейді. Жазушының жиені Мәжит Диқанбаев осы бір қиын кезді өз естелігінде былай суреттейді: «Омархан көзі тірісінде өзінің пысық, еті тірі болғандығының арқасында ортадан жоғары шаруаға келіп жеткен еді. Бірақ 1912 тышқан жылы Әуездің екі үйінің де малы қырылып, кедейленіп қалады. Осы кезде Омарханнан алған тәлім-тәрбиесі бар Разақ Семейге барып баяғы Сәбікейдің балаларымен бірге ірі сауда жұмысына кіріседі. Сөйтіп екі-үш жылдан кейін үлкен үйді қайтадан орта шаруа, одан жоғары шаруа деңгейіне жеткізеді».
1916 жылы Семейдегі мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып жүрген Мұхтар тамыз айында ауылға келіп Разақтың оңаша дайындатқан киіз үйінде жатып «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. 1917 жылы күзде Кәкен деген кісінің алты ұлдан кейін сүйген Райхан есімді жап-жас қызына үйленеді. Мұхтардың алғашқы некесіне де ағасы Разақ пен Абайдың ұлы Тұрағұл ықпал етеді. Екі жастың тойы Разақтың ауылында, оның жеті қанат үйінде өтеді. Тойға қаладан көп қонақтар келеді. Үйленгеннен кейін Мұхтар оқуын жалғастыру үшін Семейге аттанады. Жас келіншегі Райхан Бөріліде, Разақтың қолында қалады. 1918 жылы тұңғышы Мұғамила, 1919 жылдың соңында ұлы Шоқан дүниеге келеді. Алайда Мұхтар мен Райханның отбасылы өмірі үш жылдан соң үзіледі. Қаладағы Мұхтардың Райханнан көңілі суи бастайды. Мұның басты себебі – Абайдың Мағауиядан туған Камила дейтін қызына көңіл ауғандығы болар. Мұхтар көңілі жақын ағасы Разақтан ештеңесін жасырмайды, бар сырын айтады. Ендігіде Разақ екі оттың ортасында қалады. Үш жылдан бері қолында тұрып келе жатқан Райханды қимайды, оның үстіне Камиланың да басы бос емес, мамай руының жесірі. Қанша қиналса да Разақ ақыры інісінің тілегін орындайды, қиындықтан қиялап жол тауып, 1920 жылы Мұхтар мен Камиланы үйлендіреді. Ойқұдықта ақ шаңқан үйлер тігіліп, дүркіреп той өтеді. Тойдан соң Мұхтар келіншегі Камиланы алып Семейге аттанады. Қалада досы Ахметбек Шикібаевпен бірге пәтерде тұрып жатқан Мұхтарға Разақ жиі қатынап, жазда азық-түлігін, қыста соғымын жеткізіп тұрады. Мұхтар Райханмен ажырасқан соң қызы Мұғамиланы өз қолына алады да, ұлы Шоқанды Разақтың бәйбішесі Мәкежанның бауырына салады. Алайда кішкентай Шоқан көп ұзамай ауырып, қайтыс болады.
Мұхтардың бұдан кейінгі өміріне көзіқарақты оқырман қанық. 1926 жылы Ленинградта оқып жүргенде кейінгі жары Валентина Николаевнаға үйленеді. Істің мән-жайын түсіндіріп, ауылдағы Тұрағұл мен Разаққа Ә.Марғұлан арқылы кешірім сұрап хат жазып жібереді. Мұнан кейінгі шаруаны Тұрағұл мен Разақ реттейді. 1928 жылы М.Әуезов Ташкентте ұсталып, Алматыға жөнелтілді, содан 1932 жылға дейін түрме азабын тартты. Бұл кезде Разақ та қызыл үкіметтің қырына ілігеді. Кәмпеске кезінде қолындағы малын, дүние-мүлкінің бәрін тәркілеп, өзін тұтқындап, Қарауылдың абақтысына жабады. Кейін Семей түрмесіне жаяу-жалпылы айдап апарады. Разаққа тағылған айыптардың бірі «ұсталған халық жауының ағасысың» деген жала. Разақтың соңына екі әйелі, үйелмелі-сүйелмелі балалары аш-жалаңаш, ұлардай шулап қалады. Осы кезде кіші әйелі Әлиладан туған Хафуза деген ұлы күйсіздіктен шетінейді. Кәмпеске кезінде тығып алып қалған жалғыз түйені жетелеп, ошарлы баланы ертіп, екі әйел он күн жүріп Семейге жетеді. Сондағы Разақтың Зура дейтін қарындасынан туған Мәжиттің көмегімен жан сақтап, аман қалады. 1932 жылы Мұхтар мен Разақ бірі Алматыда, бірі Семейде түрмеден босап шығады. Заманның сұрқай сұсын, беталысын іштей пайымдаған Разақ бұдан кейін елде жүрсе де жанына тыным жоқтығын аңдап, отбасын қалдырып, Қырғызстанға қоныс аударады. Кейіннен заман тынышталған соң Меркеге келіп біраз жыл «Заготживсырье» деген мекемеде қызмет етеді.
М.Әуезов жаладан құтылып, өмірі бір арнаға түскен соң тоз-тозы шыққан Разақтың отбасын бүтіндеуге қам жасайды. Алдымен 1934 жылы Разақтың бәйбішесі Мәкіжанды топты баласымен Алматыға алдыртып, қала шетінен пәтер жалдап орналастырады. Ал Семейдегі Әлиланы байланыс тауып Қырғызстандағы Разақтың қасына жібертеді де, алты жасар қызы Гүлнарды өз қолына алдыртады (Гүлнар Разаққызы 18 жыл Мұхтардың қолында тұрып, қамқорлығын көріп білім алып, өз қолынан ұзатылады. Кейін жары Әмен Әзиевпен бірге «Мұхтар аға» деп аталатын естелік кітап жазды).
Разақ Меркеге келген соң аз уақыт жаны тыныштық тапты. Тіршілігі де оңалды. Малдан қол үзбегеннің арқасында соғыс жылдары да қатты таршылық көрмепті. Қосымша тері-терсек жинап, бала-шағасының несібесін айырып отырды. 1942 жылы Мұхтар Разаққа арнайы хат жазып, Фатима Ғабитованы Меркеге жібереді. Себебі Алматыда бұл кезде жағдай өзгеріп, күн көру қиындай бастаған еді. Содан Разақ Фатиманы төрт баласымен үй тауып беріп орналастырады әрі өз балаларымен қоса күнделікті азық-түлікпен қамдап, көмектесіп тұрады. 1943 жылы Мұрат Әуезов Меркеде дүниеге келеді.
Р.Самарханұлының бейбіт, тыныш өмірі ұзаққа созылмайды. Басына қайта қара бұлт үйіріліп, 1946 жылы тұтқындалады. Кейін «жүрегінің үмітіндей, көзінің қарасындай болған інісі Мұхтар үшін» жазықсыз он жылға сотталып, Ақтөбедегі лагерьге айдалады.
Разақтың істі болуы – Мұхтарды есеңгіретіп тастайды. Бұл туралы, әкесінің сотталғанын Мұхтар ағасы қалай қынжылыспен естірткені туралы Гүлнар Разаққызы естелігінде былай дейді: «Осыдан бірнеше ай бұрын заң орындары Разақ ағатайымды абақтыға жауып қойған еді. Жақында, 11 қазанда соты болып, он жылға бас еркінен айырыпты. Барлық жай-күйді біліп қайтуға, Серғалиді Меркеге жіберген едім. Қазір иыққа түскен, ауырлығы қорғасындай, опасыз жайды, міне, бізге түгел айтып келіп отыр. Кейін біреуден естіп жасып қалып жүрмесін деп, өз аузымыздан айтып, түсіндіруді мақұл көрдім. Қарғам балам, құрыштай берік бол», – деді.
Ақырғы сөздерді айтқанда Мұхтар ағаның өзі де бір қолымен бетін басып, балаша еңкілдеп жылап жіберді...».
НКВД жендеттері тергеудегі Разақты аяған жоқ. Сұрақтың негізгі арнасы – «інің Мұхтардың Алашордамен байланысын айтып берге» саяды. Разақ қанша қиналса да бұл туралы тіс жармайды. Айтпаған сайын қинауды үдете түседі. «Кейде ыстық, кейде суық карцерге салып, шөлден, аштықтан қаптырып» әбден азаптайды. Алайда Разақ Мұхтар үшін бәріне төзеді. Ештеңе айтпаған күйі он жыл лагерьге айдалуға пейіл болады. Өткен істерге болжам, шешім айту қиын, әрине. Дегенмен де азапты қинауда Разақтың табаны тайқып кетіп Мұхтарды қаралап, Алашордаға қосақтап берсе не болар еді? Онда Әуезовтің ұсталуы мүмкін еді. Бұл кезде жазушы «Абай романының» екінші кітабын да аяқтамаған-ды. Жағдай ары қарай ушығып, Әуезов сотталып кетсе ең кемі «Абай жолының» жазылуы кешеуілдер еді. Қалай десек те, Разақ өз басын қатерге байлап, мұндай қауіптің алдын алды.
Разақ Ақтөбедегі лагерьден 1954 жылы босап шығады. Алғашында баласы Болаттың қолында Талғар маңында тұрады. Кейіннен жары Әлиланы және кенже ұлы Болатты ертіп қызы Гүлнар мен күйеу баласы Әменнің қолына барып, Қарағандыда тұрады. Әмен Әзиев естелігінде Разақ атаның Мұхтардың Абай туралы кітабының шыққанын естігенін, алайда лагерьде жүріп оқуға мұрша болмағанын айтып, «Абай жолын» оқып беруді өтінгенін айтады. Сөйтіп «Қайтқанданың» басын оқи жөнеледі. «Үш күндік жолдың бүгінгі соңғы күніне шәкірт бала барын салды...» деп басталады. Шәкірт Абай өзін қаладан алғалы барған ағайынды Байтастарға жеткізбей, ат тізгінін жіберіп алады. Кейде «бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып алады». Оқиға осы тұсқа келгенде Разақ ата сөзге араласып, Ә.Әзиевті тоқтатып алады. Ары қарай естелікке кезек берейік.
« – Қарғам Әмен, сәл ғана кідірші!, – деді дауысы қалтырап. Қарасам, қадірлі қартым көзіне ыстық жас алып жатыр екен.
– Апыр-ай, мына Семейден салт атпен шыққан бала Абай, құдды бала Мұхтардың өзіне ұқсайды ғой. Біздің ауыл қалаға 80 шақырымдай жерде тұратын. Белгілі Күшікбай кезеңінен аса бере, ара қонып баратынбыз. Одан арғысы Бөрілі, кеш түспей жететінбіз... Мамырда күн жылынып, көк шығып, оқудағы Мұхтар елге қайтқанда, ой, ауылға жеткенше асығушы еді. Жарау атпен жаңағы кітапта жазылғандай, ылғи оқ бойы шауып отыратын. Сонда қасына қаладан келген Қасымбек пен Ахмет бар үшеуміз оған жете алмай ал кеп жорытатынбыз. О, жасаған, қалай қолмен қойғандай мөлдіретіп жазғанда қойған!».
Жазушының бала кезінде көңілінде кестеленген Семейден оқудан қайтатын сәті кейін әйгілі «Абай жолы» эпопеясын бастағанда қаламынан Абай бейнесінде төгіліп түскенге ұқсайды.
Ә.Әзиев бір жарым ай бойы «Абай» эпопеясын Разақ атаға оқып береді. Қария кейде күрсініп, кейде сүйсініп, кейде көзіне жас алып, кей тұстарына «әттеген-ай» деп отырып, тыңдап шығады.
Өмірден көп теперіш көрген, інісі үшін жазықсыз сотталған, азап тартқан Разақ Самарханұлы 1956 жылдың қазан айында Қарағандыда Гүлнар мен Әменнің қолында қайтыс болды. 1968 жылы жары Әлила мен 1982 жылы ұлы Болатқа да Разақ мәңгілік тыныштық тапқан зираттан топырақ бұйырды.