«16 желтоқсан күні не құттықтай алмайсың, не көңіл айта алмайсың»
Бұрыннан айтылып келе жатқан жайт – Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан емес, 25 қазан күні аталып өтуге тиіс.
Себебі түсінікті, 16 желтоқсан – мереке емес, жалпыұлттық қаралы күн ретінде аталып өтуге тиіс. Тәуелсіздік күні бекітілгенге дейін және кейін дәл осы күні екі қаралы оқиға орын алды. Біріншісі – әйгілі 1986-дағы қазақ жастарының КСРО-ға қарсы бас көтеруі. Екіншісі – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тура келген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы. Екі оқиғада да алаңға адам қаны – қазақ қаны төгілген күн.
25 қазан – о баста Республика күні ретінде аталып өткен, кейіннен ресми мерекелер қарсаңынан сызылып кеткен күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Міне, дәл осы күнді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қайтадан мереке ретінде белгілеу ұсынылып жатыр. Жазушылар Марат Тоқашбай мен Есенқазы Қуандық, желтоқсаншы Халелхан Ыбырайымханұлы бастаған топ арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, бір ғана мәселе – Тәуелсіздік күнін қайта белгілеу туралы мәселе көтерді.
«16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлау – құнсыз, легитимсіз, кезінде бөлініп шығу үшін қажет болған соң істей салынған әрекет. Қайғылы, қасіретті күрес жалғасы болған қаралы күнді мейрам ету қазақ халқының менталитетіне жат нәрсе. Осы ойымызды халық болып қолдайсыздар деп үміттенеміз. Тәуелсіздік күнін боздақтардың қаны төгілген күні тойлату – тарихты мазақтаумен тең. Тарих ұмыт болмауы керек, тарихқа қастандық жасауға болмайды», – дейді Есенғазы Қуандық.
Жиында дәл екі қанды оқиға орын алған күні бір-біріңді мерекемен құттықтау есі түзу кісі үшін ауыр жағдай екені айтылды. Желтоқсаншы Халелхан Ыбырайымханұлы «16 желтоқсандағы қанды оқиғаны ұмыту мүмкін емес» дейді. Расында, мына жақта билік «Тәуелсіздік күні құтты болсын!» деп ұрандатып, концерт қойып жатқанда қоғам белсенділері мен түрлі топтар алаңға барып, құрбан болғандарға арнап гүл шоғын қойып, рухына тағзым етеді. Ал дәл осы күні Қазақстан билігі тәртіп пен сақтықты күшейтеді. Себебі біреу-ақ: дәл желтоқсанда қарсылық күшейе бастайды – түрлі акциялар, жиындар, шерулер өткізуге тырысады. Былай қарасаң, ең қадірлі, қасиетті мереке үшін жараспайтын-ақ жайт.
«16-17 желтоқсан күні гүл қойып қайтқан соң, не біреуге барып «Мейрамыңмен!» деп құттықтай алмаймыз, не жылап көңіл айта алмаймыз. Екі ойлы болып жүргелі 35 жыл болды. Желтоқсаншылардың алды өліп жатыр. Арты болып біз қалдық. Қазір алдымызда тұрған іс – осы мәселені шешу. 16-17 желтоқсан – Еске алу күні десін, қаралы күн жарияламаса жарияламай-ақ қойсын. 25 қазан – Тәуелсіздік күні деп аталсын. Бар ұсынысымыз – осы», – деді Халелхан Ыбырайымұлы.
Енді бастама авторлары алдағы күндері бұл бастаманы ел болып қолдап, бейресми түрде тойлауды бастап кетуге шақырды. «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Оразұлы «23-25 қазан аралығында Тәуелсіздік алаңына гүл шоғын қойып, 30 жылдық мерейлі датаны ауыл-аудан деңгейінде тойлауды» ұсынды.