Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:13, 12 Қазан 2021

6 миллиард теңге желге ұшты

None
None

Әділетсіз  тірлікті   көргенде  үнсіз   қалуға  болмас.  Ашынғаннан  айтасың,  күйінгеннен  жазасың.

Онда да  жағың  қарысқанша  айқайлаған  үніңді  біреу  естір  болса… Айтпақшы,  бізде  «еститін үкімет»  бар  емес  пе?! Таскерең,  көрсоқыр  болып  қалмаса, естір,  көрер  деп, осы  бір кепті  жазып  отырмыз.

        Даудың  басы – баяғы  сол елордадағы LRT  (жеңіл рельсті жерүсті метросы)   жобасы.   Биыл  мамыр айында  ғана   осы  LRT-ға  қатысы  бар   жеті адам  сотты  болған. Айыптары – осы  жобаға бөлінген  5,8  миллиард  теңгені  көмекейге  салып  жібергені. Алды  10  жылға  кесілді. Бұдан  тыс,  «іс  бітті,  қу кеттінің»   керін  жасап, қаржы  жымқырудың  жүйесін  құрған  «Астана LRT» компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан  мен  Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков  шетел асып кеткендіктен,  оларға  халықаралық  іздеу жарияланды. 

       Сонымен,   арты   не  болды  дейсіздер  ғой. Осыдан  біраз  күн  бұрын Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық соты «Астана LRT жобасындағы ақша жымқыру ісі» бойынша шыққан үкімнің күшін жойды. Іс  прокурорға қайтарылған. Өйткені  сот процесінде  біраз  қателіктер кеткен-мыс. Бұған кім кінәлі? Әділ  шешім қабылдамаған  судья  ма,  әлде  оған  ықпал  еткен басқа  ма? Істі  болғандар енді бостандыққа  шыға  ма? Әзірге  белгісіз.   Енді   басқа  әңгімені  тоқтата  тұрып,  елге  түсінікті  болу  үшін  16  жылдан бері  жыр  болып келе  жатқан LRT  (жеңіл рельсті жерүсті метросы)   жобасы  жөнінде   шолу  жасай кетелік.

       Бұл  жоба  2005 жылы  дүниеге келді. 2006  жылы Астана  шаһарының сол кездегі  әкімі Өмірзақ  Шөкеев техникалық негіздемесін даярлады. Бұдан кейін Астана  қаласына әкім  болған Асқар Мамин, Иманғали  Тасмағамбетов,  Әділбек  Жақсыбеков, Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев, Бақыт Сұлтанов  және бүгінгі Алтай  Көлгіновтердің де LRT-ға  қатысы бар. Бұлардың  бірі  LRT  қажет десе,  бірі BRT (жүрдек автобустар  жүйесі) қажет  деп,  бір сөзбен  айтқанда, ырың-жырың  жасады.

      Әу  баста  жобаның  құны 2,3 миллиард  доллар деп  бағаланғанымен,  уақыт  өте келе 1,5 млрд  долларға  дейін  төмендеді. 2011 жылы  алғашқы  қадасы  қағылып,  жұмыс басталды.  Негіздемеде 61,1  шақырымға арналған жоба 41,8,  одан кейін  22,4  шақырымға  дейін  қысқарды. Қазір  тек  әуежай мен теміржол  бекетін   жалғайтын  бағыты  ғана қалған. Елорда  әкімі  Алтай  Көлгінов тағы  оңтайландыру  жұмысын  жасап, рельс  бойлап  жүретін   пойыз  санын 19-дан  12-ге,  аялдама  санын  11-ге  дейін қысқартты. Жоба  2019  жылы  бітіп,  2020  жылы жолаушыларды  тасымалдауға кірісуі  керек еді. Бірақ  ол  арман  орындалмады.

        Қазір Көлгінов әкімшілігі  2023  жылы   жүйе  іске  қосылады  дегенді айтады. Он  жыл  ішінде  бұл  жобаның небәрі   17  пайызы ғана  жасалған. Демек, 2023  жылы құрылыс аяқталады  дегенге  сенім жоқ.  Бұл басынан  дау кетпеген LRT-ны  президент  Тоқаев та   сынға алып,  «пайдасы  жоқ,  күмәнді  жоба»  деп атаған еді.   Дегенмен басы басталып  қойған  соң,  оны  аяқтау керек  деп  пәрмен де  берген. Айтқымыз  келгені   бұл  емес.

       Әрине,   басынан  дау, айналасынан  қиқу кетпеген  LRT  да  бітер  бір  күні. Айтқымыз  келгені – осы  жобаға бөлінген қаржыдан 6 миллиард  теңгеге  жуық ақшаны жымқырып алғандарды  «сот  ісінде  қателік кетті»  деп  қайтадан  ақтап алуға  тырысып жатқаны. Осы да  әділдік  пе? 5,8 млрд  теңге сонда  желге  ұшты  ма?  Президент  Тоқаев  өзі  тікелей  бақылауға  алған  істе  осындай әділетсіздік  орнап  жатса,  өзге   мәселелерде қандай әділдік  болмақ?

       Егер де сіңіріне  сүйеніп, ашқұрсақ  жүрген   бір  қазақ   ас  болсын  деп,  бір  тауықты қойнына  тығып  не  болмаса  бір  тоқтыны  арқалап кетсе, істі  болып   темір  тордың  ар  жағынан бір-ақ  шығар  еді. Оларға  ешқандай аяушылық та болмайды. Сот  берген  мерзімді арқалап  кете  беретін. Ал  мұнда LRT-ның  6 млрд-қа  жуық   теңгесін толғамай  жұта  салғандарға   көп  ұзамай  рақымшылық  жасалып, бостандыққа   шығарылуы  мүмкін. Өйткені сотта  қателік  кеткен-мыс. Яғни олардың  ақталуына  мүдделі бір  топ  бар және  өте  ықпалды   топ екені  белгілі. Бар  гәп  осында  жатыр.

       Сонда  әлгі  миллиардтаған  қаржыны  кім орнына  қоймақ? «Жалпы,  бұл  ұйымдасқан  топ жеңіл рельсті жобаны іске асыру кезінде 5,8 миллиард теңге көлемінде ақша жымқырды деп айыпталған  еді.   Ол  қаржыны  кім  қайтарады? Ары-беріден  соң,   ол – халықтың  салығынан  жиналған  қаржы.

       Ал   ұзындығы   небәрі 22  шақырымды  құрайтын  LRT  елордаға  керек  пе  еді?  Зерттеулерге   қарасақ,   бұл  жобаның  өзін-өзі   ақтауы  үшін 125  жыл керек екен. Масқара  ғой. Пайдасы  жоқ,  зияны  шаш етектен келетін   тиімсіз  жобалар   не  үшін керек? Әлде  ақша  жымқырудың   жолы  ма?» – дейді   белгілі  қоғам  қайраткері Азаматхан  Әміртай.   Бұған  енді  біздің  алып-қосарымыз  жоқ.

Тегтер: