АЭС-ке байланысты референдум. Халық қолдай ма? Қарсы бола ма?
Елімізде 2022 жылы бүкілхалықтық референдум өткені белгілі. Ал 2023 жылы Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізілетіні айтылды. Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясы референдум өткізуге әзір екенін, дайындықтың басталғанын хабарлаған еді.
Негізінен референдум демократиялы елдер үшін қалыпты құбылыс. Бұл дегеніміз – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтыру енгізу сынды маңызды мәселелер алға шығады. Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады. Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Әрі азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді. Барлық процесс мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.
2022 жылғы референдум туралы айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлді. Бұл референдумда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды. Осы кезеңде де Орталық сайлау комиссиясының жұмысы жақсы бағаланды.
Ал 2023 жылы жоғарыда айтқанымыздай, жаңа референдум өткізу жайы талқылана бастады. Алматы облысына АЭС салу ісі бойынша пікір екіге бөлініп отыр. Біреулер бұл дұрыс шешім екенін, Үлкен ауылында жаңа жұмыс орындары ашылып, елді мекенге жан бітетінін, еліміз үшін аса қажетті электр энергиясын алудың ең тиімді жолы АЭС екенін айтуда. Әсіресе осы саланың мамандары мен ғалымдары АЭС Қазақстан үшін ең оптималды нұсқа, ұтымдылығы жоғары деп отыр. Ал екінші біреулер АЭС-тің экологияға, ауа мен көлге зиянын алға тартып, қауіпсіздік жағынан сенімсіздігін ескертіп жатыр. Халық үшін қауіпті деп топшылап жатқандар да баршылық. Алайда екі тараптың да пікірін ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұл орайда ақпараттандыру жұмыстары артып, ақырында референдум арқылы шешім қабылданатыны хабарланған. Президент 2023 жылдың қыркүйегіндегі жолдауында шешімнің осындай жолмен шығатынын жеткізді. Сол кезде: «Референдум өтетіні жайында айтылды. Оны өткізу мерзімі кейінірек нақтыланады. Негізінде Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмыстарға әзірлікті бастады. Сайлаушылар тізімін түзу, аумақтық сайлау комиссияларына қатысты жұмыстарды жүйелеу де қолға алынды», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ш.Өтемісов. Яғни тиісті дайындық жұмыстары басталып үлгерген.
Алайда ақпараттандыру жағы әлі де осал. Ал Орталық сайлау комиссиясы сол кезде-ақ референдум өткізуге дайын екенін айтқан. Бірақ референдумның нақты уақыты әлі белгіленбеді. Мамырдың басында Ресейдегі Қазақстан елшісі Дәурен Абаев АЭС бойынша референдум осы жылдың соңында өтуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Балауса Ділдәбек