Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 17 Сәуір 2025

Ағайынды Нығматулиндерден әулет серкесі ғана аман тұр

1
Фото: из открытых источников

Қазақстанның құқық қорғау органдары биылдыққа Нығматулиндер әулетін айналшықтап жүр. Біресе Ерланын, біресе Арғынын іздеп, артына қалдырған былығы үшін жауапқа тартқысы келеді. Дегенмен негізгі Нығматулинге әзірге ешқайсы жете алар емес. Үлкені – Арғынды іздеп жатқандарын бүгінде арнайылап ресми сайттарына жариялап қойды. Ерланына қатысты шағым түскенімен, әзірге тексеріп жатқандарын ғана мәлімдеді. Ендігі кезек – Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы Нұржанға тіреліп тұр.

Алдымен биылғы наурыздың басында ағайынды Нығматулиндердің үлкені – Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы газетіміздің өткен сандарында көлемді мақала жарияланды. Алайда Антикордың жауабына қарағанда, Арғын тергеу ісі басталмай тұрып, әлдеқашан Қазақстаннан кетіп қалған. Арғын мен өзге тұлғаларға қатысты сеніп тапсырылған ірі мөлшердегі бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету күдігі бойынша айып тағылған. Ондағысы, «Сарыарқа» хоккей клубын қарызға батырып кеткен деген ақпарат. Сәуірдің басында Қылмыстық кодекстің 389, «Өзiнше билiк ету» бабымен, яғни рейдерлік жасады деген күдікпен Алматыда қылмыстық іс қозғалғаны жарияланған еді. Кейін ол істің Алматының полициясынан Экономикалық тергеу департаментіне өткені белгілі болды.

Одан бөлек, Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерланның да үстінен Бас прокуратураға арыз түскен. Ол да «Қазақмыс» компаниясына көлік қызметін көрсететін бір компанияны тартып алған деген әңгіме бар. Иесі Рамис Ибрагимов болған жайды ютуб-арналардың біріне айтып берген.

Нығматулиннің баласы бопсалағыш

Бұл жолы тағы бір Нығматулин – Нұржан Нұрланұлына қатысты сөз қозғамақпыз. Оған қатысты теріс ақпараттың басы былтыр басталған еді. 2024 жылы наурыздың ортасында ресейлік кәсіпкердің арызы негізінде «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» банк шоттары Ресей сотының шешімімен бұғатталғаны туралы ақпарат жарияланған. Себебі кәсіпкерге қазақстандық серіктесі қарыз болып қалған. Қарыз көлемі – 785 млн теңге. Ал зауыт бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің екі ұлы – Нұрхан мен Нұржан иелік ететін компанияға тиесілі.

Ал биыл жыл басында Elmedia Youtube-арнасында кәсіпкер Қанат Әміркиннің сұхбаты жарияланып, онда Нұржан Нұрлановтың рейдерлікпен компаниясын тартып алғанын тарқатып айтып берген еді. Оның сөзінше, 2015 жылы Батыс Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс негізінде жол салатын болып жатқан жерінен ортаға мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрланов кіреді. Сөйтіп, әуелде сыпайы сұрап басталған сөзі артынан дөрекілікке ұласып, ақыры жол салатын компаниясын тізеге салып тартып алған. Кәсіпкердің сөзіне салсақ, осы былығы көп тірліктің ақыры әлі күнге дейін жалғасып келеді. Себебі кәсіпкер компаниясынан айырылса да оның салық берешегі сынды қарыздарымен басы қатып жүр. Айтуына қарағанда, Нұржан компаниясын тартып алғаны былай тұрсын, енді оның салықтарын мойнына артып қойған. Ал өзі бүгінде басқа елдің азаматтығын алып, Қазақстаннан мүлде аяқ тартқан. Соның айғағындай болып, биыл қаңтардың ортасында Дубайда жаттығу залында жүрген видеосы тарады.

Нұржан Нұрланұлына қатысты рейдерлік бойынша іс тіркелген соң оның қолынан зардап шектім деген тағы бір кәсіпкер мәлімдеме жасап шықты. Әсел Темірова кезінде елімізде медицина саласында кәсіпкерлікпен айналысып, өз сөзінде заңды белшесінен басатын күштілердің қысымына ұшырағаннан кейін табысты тірлігінен амалсыз айырылғанын айтады. Бүгінде Еуропадан саяси баспана тауып, қазір Германияда тұрып жатқан ол өз басынан өткен жағдайды жақсылап баяндап берген. Әсіресе жоғарыда аталған кәсіпкер Қанат Әміркинге күш көрсеткен тап сол адамдардың өзінен де ақша бопсалағанын жазған.

«Олар 24/7 бойы менен 500 мың доллар бопсалады. Өзіме АИТВ жұқтырамыз деп қорқытты, ақша алу үшін мені банкке күштеп апарды. Кейін олардың үстінен полицияға арыз жаза бастағанда, тіпті мені өлтіру үшін адамдар жалдады. Менен басқа, олар тағы бір кәсіпкер әйел Р.С.-дан 500 000 доллар бопсалады, ал Ресей азаматы Г.И. есімді кәсіпкер әйелден ақшадан бөлек, компаниясындағы 25% үлесін рейдерлік, бопсалау, қорқыту арқылы тартып алды», – дейді ол өз сөзінде.

Әселдің айтуынша, осы істердің бәрінде Айдар Кетегенов есімді адам басты кейіпкер болған. Жұртты қорқытып, бопсалайтын сол. Оның бұлай тайраңдайтын себебі де бар екен. Өйткені Нұрлан Нығматулиннің өтініші бойынша оның ұлы Нұржанға қарайласқанын әрдайым айтып жүрген. Себебі Айдардың сөзіне қарағанда, ол үлкен Нығматулинмен өте жақсы, достық қарым-қатынаста болған. Сонысы үшін де ұлы Нұржанға тәлімгер етіп қойған.

Бір қызығы, осы әңгіменің арасында есім-сойы елге жақсы таныс Иманғали Тасмағамбетов пен Кеңес Рақышевтың да аты аталады. Әсел Темірова Кетегеновтің, сондай-ақ Кеңес Рақышевтың атынан да ақша бопсалаумен айналысқанын айтады.

«Ол Рақышевпен жақын топтас екенін, өзі Кеңес, Әсел және Әлия Назарбаева ҚазҰУ-да бір топта оқығанын, сол кезден бері дос болғанын айтты. Ал мұндай істер үшін тікелей Иманғали Тасмағамбетовке қоңырау шалатын. Айдар Кетегеновтің ресейлік инвестормен барлық әңгімесі диктофонға жазылған, транскрипцияланған және істердің материалдарына ресми түрде қосылған», – дейді Әсел Темірова.

Оның сөзінше, барлық жағдайда бір сценарий өрбіген. Сол бір адамдар бірдей әдіс қолданған. Әселдің ісінде де, басқа екі әйел мен Қанат Әміркиннің істерінде – қорқыту мен бопсалау, рейдерлік жолмен тартып алу, күш құрылымдарының аузын жабу.

Жуырда осы адамдардың және олардың тарапынан болған бопсалау мен қорқыту деректері бойынша Германиядағы сыртқы істер министрлігі арқылы арыз берген. Бірақ мұнымен тоқтап қалмақ емес. Енді ол ЕҚЫҰ және ЭЫДҰ ұйымдарына арыз дайындап жатыр. Өз қолында осы адамдар мен біздегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз қудалауы туралы Германияның Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотының шешімдері бар екенін жазған.

Айта кетейік, Нұржан Нұрланұлының өмірлік баспалдағы талайды таңдай қақтырары сөзсіз. 1988 жылдың тумасы елде KAZNEX INVEST компаниясында елеулі қызметтерде жүріп-ақ Лондонның мықты ЖОО-ларын тәмамдаған. Ал оқуын бітірген соң «ҚазТрансГаз» АҚ-ның басшылық қызметтерінде болған. Одан соң небәрі 30 жасында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметінде болды.

Соңғы отырған креслосы «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-ның бас директорлығы еді. Тамаша өрбіп келе жатқан қызмет жолының бәрін Қаңтар оқиғасы быт-шыт қылған сияқты. Өйткені әкесі 2022 жылдың 1 ақпанында мәжіліс төрінен ресми түрде кеткен соң ұлы да көп ұзамай сол жылдың мамырында кәделі қызметінен айырылды. Жоғарыда сөз болған кәсіпкер Қанат Әміркиннің сөзі мен әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға қарағанда қазір Дубайда тұрақтап қалғанға ұқсайды.

Бүгінде Құқықтық статистика органдарының порталында тек Антикордың прокуратура бастамасымен Арғын Нығматулинді ғана іздеп жатқаны жарияланған. Алайда Нұржан мен Ерлан туралы ақпарат жоқ. Құқық қорғау органдары ағайынды Нығматулиндерді шетінен әшкерелеп келе жатқанымен, әзірге әулет серкесі туралы сөз болмай тұр.

Ербол Тұрымбет

Астана