Әкімдер есінеп жүрген елде жаңашылдық бола ма?!

Өткен сенбіде жаңадан құрылған үш облыстың әкімдері тағайындалды. Араларында орынтағымен қоштасқан, өкілеттілігін ұзартқан әкімдер де болды.
Осылайша «Жаңа Қазақстанның» аясында құрылған облыстарға жаңа әкімдер келді. Ал оларға ескі кадрлар елеңдеп, сәттілік тіледі.
Сонымен осы ескі де, жаңа әкімдер үкілеген үмітті ақтай ма? Біздегі жергілікті әкімдер жаңа заманға сай жұмыс істей ала ма?
«Барометр» талдау-сараптау орталығы мамандарының есебінше, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі ел Тәуелсіздігін алғалы 30 жылдан асса да, әлі жетілмей отыр. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер заманға сай қызықты механизмдермен жұмыс істеуге бейімделе алмай келеді.
Мысалы, елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 аудан даму жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы артта қалған ауыл-аймақтардың мәселесін шешуге келгенде біздегі әкімдерде белсенділік жоқ. Бұған қатысты сарапшы Арман Мусиннің айтуынша, болашақта біз үшін осы жайттарға назар аудару маңызды болмақ.
Маманның байыптауынша, дамыған және дамушы елдерде бұл мәселе оңтайлы шешілген. Тіпті ТМД елдері бойынша көрші Ресейде, Әзербайжанда, Арменияда жергілікті әкімдердің саяси-экономикалық өзгерістерге сай өзіндік шешім қабылдауы, қызықты механизмдер ұсынуы жап-жақсы реттелген.
– Өткен жылы Ресейдің ауқатты кәсіпкерлері Олег Дерипаска мен Владимир Потанин Омск облысына қарасты Окунева ауылындағы ауыл шаруашылығы саласына ай сайын тапқан табыстарының 20-30 пайызын аударып отыратын болды. Владимир Потанин аударған инвестиция есебінен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін көлемі 1840 гектарды құрайтын жылыжай салынып, одан тиісінше, мол өнім алынуда. Бір қызығарлығы, сол жылыжайдан түскен пайдаға Потанин мырза мүлдем қол сұқпайды екен. Өйткені сол ауылдың әкімі оған осындай талап қоя білген. Ауқатты олигарх мұны ол тек «ауылға салынған инвестиция» деп есептеп, өнімнен түскен пайданы фермерлердің өздерінің пайдалануына мүмкіндік берген. Біздің әкімдер президентке, үкіметке осындай жаңа идеялар ұсыну жоқ. Әкімдер марғаулықтан арылмай, есінеп, ұйқысырап жүр. Президент тарапынан қаншама тапсырма берілді, ұсыныстар айтылды. Бірақ жаңа идея ұсынып, «тығырықтан былай шығамыз» деп белсенген әкімді көрмедік, – дейді Арман Мусин.
Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Өзге елдердің әкімдері осылайша ауқаттыларды ауылдарына инвестор болуға шақырып, оларға қызықты ұсыныстар айтып, халыққа тиімді жолдарын ұсынса, біздің әкімдер нарықтағы бір ғана баға саясатын реттей алмай отыр. Мысалы, қазірде Алматының тұрғындары қаладағы ет, сүт, нан өнімдерінің, жалпы алғанда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының тым қатты қымбаттап жатқанын айтып жиі шағымданады. Бірақ Алматы қаласына әкім болып тағайындалғанына бес ай болса да Ерболат Досаевтың бұл шаруаны оңтайландырар түрі жоқ. Әзірге Алматының әкімі бағаны реттеуге қатысты тындырымды жобаларды ұсына қоймады. Кезінде қаржы министрі болған, Ұлттық банкті басқарған Досаевтың қолынан қаладағы кәсіпкерлермен келіссөз жасау, делдалдардың жұмысын реттеу, тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеру келетіні даусыз. Нарықтағы қымбатшылық қанша жерден әлемдік ахуалға байланысты десек те, бұл арада жергілікті әкімдердің ықпалымен де талай дүние жасалатыны белгілі емес пе?! Бірақ біздің әкімдер мәселені ашық көрсетуге емес, барынша «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдыруға бейіл. Бұған қатысты қаржыгер Айдархан Кеңесханов:
– Бір ғана Алматыны мысал етсек, баға күнде қымбаттап жатыр. Ал енді осыған қатыстыжергілікті әкімдер неге нарыққа қатысты қызықты ұсыныстар ұсынбайды?! Мәселен, қаладағы әр аудан әкімі өз ауданында әлеуметтік жеңілдікпен тауар сататын кішігірім дүкендер желісін құруға неге қаражат қарастырмайды?! Өнім өндірушілердің тікелей өзімен кездесіп, сол дүкендерге арзан тауарларды делдалсыз, тікелей зауыттан арзан бағаға әкеліп самсатып қойса, өнім арзан болмағанда қайтеді? Міне, біздің әкімқараларда осындай қызықты бағытта жұмыс істеу жағы кемшін, – дейді.
Баға саясатынан бөлек, өткенде еліміздің индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «енді әкімдердің рейтингін аймағындағы жолдың сапасына қарап анықтаймыз» деген мәлімдеме жасады. Нақ осы мәлімдемеден соң бәсекеге бәс тігіп «шұрық-тесік жолымызды өркениетке сай жөндей қояйын» деп жанығып іске кіріскен әкімдердің қарасы жоқтың қасы. Тіпті біздегі ойдым-ойдым болған жолдарды көріп кейде жол жөндеуге бөлінген қаражаттың қайда кеткеніне алаңдайтынымыз да ақиқат.
Жалпы, мамандардың пайымынша, бізде «үкімет өлтірмейді» деген түсінікпен күн кешетін әкімдер көбейіп кетті. «Қазіргі ақпараттық даму заманында тек үкіметтен көмек күтіп отыру дұрыс емес» дейді экономист-ғалымдар.
Рас, қазіргі технологиялардың даму ғасырында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Көптеген елдер күн және жел энергиясына назар аударуда. Ресей болашақта 65 пайыз энергияны күн мен желден алуға баса назар аударуда. Өзбекстан да осыған қатты назар аудара бастады. Нанотехнология, биотехнологияның арқасында үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізетін заман туды. Осыларды ескерсек, келешекте мұнайға сұраныс азаяды да, ауыл шаруашылық өнімдеріне сұраныс артады. Сондықтан біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырғанымыз абзал. Осы орайда, ауылдық аймақтарды басқаруға білікті, білімді азаматтар тарту қажеттігі де даусыз. Әкімдер үкіметке қызықты ұсыныстар айтып, жаңа механизмдер ұсынып, жаңашылдыққа ұмтылуы тиіс.
Алайда, біздің әкімқаралар бюджеттен бөлінген көл-көсір қаржыны өз меншігіндей пайдаланып, қымбат көлікке мініп, зәулім үйлерде тұрып, сән-салтанатымен жүріп, қызмет атқарғанды жақсы көреді. Ал басқарып отырған аймағында қандай да бір қиындық туа қалса «барлығы жақсы» деп, есеп беруге келгенде әкімдер тіптен жанығып, белсеніп кетеді. Форум өткізу, «Күлтөбеде күнде жиын жасау», реті келгенде өзін-өзі мақтап қалу да әкімдердің сүйікті ісі. Тізе берсек, әкімдерді әжуаға қалдырған, кісі ұялатындай талай қылықтарын еске түсіруге болады. Әжуадан бұрын ел басына күн туған кешегі қаңтар қырғынында елді сабырға шақыра алмай абдырап, не істерін білмей бас сауғалап қалған әкімдер де болды емес пе?!
Жалпы, әкім ол өзінің аумағындағы проблеманы көруші, үкіметке жеткізуші болуы керек. Сондықтан бізге жергілікті әкімдіктердің өзін-өзі басқару жүйесіне нақты қадағалау енгізетін кезең әлдеқашан жеткені белгілі. Осы орайда, әкімдердің өзін-өзі жетілдіріп, жергілікті жүйені заманға сай сауатты басқаруына мүмкіндіктер берілуі тиіс. Керек болса, олардың білімін де жетілдіріп отырған жөн. Егер біз, «Жаңа Қазақстанға» айналып, «халықты дамытатын мемлекет» құрғымыз келсе, онда «есінеп, ұйқысырап» жүретін әкімқаралардан арылғанымыз өзімізге жақсы емес пе?! Болашақта Смайылов үкіметі осы жайтқа назар аударып, сауатты әкімдердің легін жасақтай алатын шығар деп үміттенеміз...