Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:45, 15 Желтоқсан 2024

Аққу – 8000 метр биіктікте ең жылдам ұшатын құс

Аққу
Фото: ашық дереккөз

Есте жоқ тым ерте заманда тіпті жер мен аспан әлі де бөлінбеген кезде бұ ғаламды тек су мен құм ғана жайлап жатқан деседі. Су мен құмның арасында ешқандай тіршілік иесі бүршік жарып, ғұмыр кешпеген. Бір күні аспан үсті Көк Тәңірі мен жер бетінде қуатты күшке ие болған Құдайлар бірігіп, жаңа әлем жаратуды ойластырады.

 Әрқайсысы өзінің ерекше күшін қосып, жер бетінде тіршілік орнатуға шешім қабылдайды. Бірі – дүниеге бар күшін салып ағаш өсірсе, енді бірі – тау мен өзендерді жасайды, ал басқасы тірі жандардың пайда болуына ықпал етеді. Сол тұста Көк Тәңірі өзінің шексіз даналығымен бүкіл әлемді теңдестіру үшін сұлу әрі сезімтал, ерке әрі еркін құс жаратуды бұйырады-мыс. Тәңірі алдымен су мен желдің үндестігін тыңдап, ақырында осы екі стихияның мінсіз үйлесімінен шабыттанып, аппақ құс жасауды ойға алады. Тәңірі үлкен дарияның түбіне түсіп, сол жерден су астында ұйықтап жатқан бір ерекше жұмыртқаны табады. Бұл жұмыртқаны ашқанда, ішінен аққу шығады екен. Дүниедегі күллі махаббат пен мейірімнің, сұлулық пен тазалықтың бүгінде ең аяулы бейнесіне айналған аққу құсы жайлы айтылар аңыздың бұл бір сыпырасы ғана. Қай ұлт пен ұлыстың ауызша тарихын ақтара қалсаң да, аталмыш құстың алар орны ерекше екеніне куә боламыз. Сол кезде ақ, қара, қызыл сынды біріне-бірі бір қарасаң үйлесімсіз үш бояуды бір жаратылыс бойына жинап, айтса сөз жетпейтін, қараса көз тоймайтын ғажайыпты жаратқан құдіреттің шеберлігіне еріксіз таңдай қағасың. Халық өлеңінде:

«Қарашада қар жауар қат-қат болып,

Табан асты қара жол батпақ болып.

Отыр ма екен, қалқатай жатыр ма екен

Айдындағы аққудай аппақ болып», –

деп сипатталатын аққу құсының мінсіз бейнесімен күллі әлемнің көркіне айналған аққудың жаратылысы, кешер ғұмыры өзіндей сұлу, өзіндей көркем. Қазақ ұғымында киелі саналатын аққудың тіршілігінің тереңіне үңілсек.

Аққу

Қазтәрізділер отряды, үйрек тұқымдасының жеке туысына жататын аққу құсының тіршілігі түрлі құпия мен қызыққа толы. Дүниежүзінде 150 түрі кездескенімен, елімізде аққудың негізгі 3 түрі – сұңқылдақ, сыбырлақ және кіші аққу кездеседі. Сыбырлақ аққудың сұңқылдағынан ерекшелігі – мойнында ғана. Сыбырлақ аққу иір мойын болса, сұңқылдақ мойнын тік ұстайды. Имейді, иілмейді. Жүзген кезде де сыбырлақтай емес, кеудесін суға батырыңқырап, құйрығын көтеріп жүзеді. Сұңқылдақ аққу жыл санап жоғалып барады. Биологтың айтуынша, сұңқылдақ аққудың дауысы ащы келеді. Аққудың бұл түрі біздің өңірде бүкіл орманды дала және далалық аймақтағы көлдерде, Каспий теңізінің солтүстік шығысында, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінде кең таралған. Ал сыбырлақ аққу Арал теңізі, Сырдария, Торғай өзендері бойындағы көлшіктерде көбірек. Мойны мен денесінің ұзындығы тең әрі иіліп келген. Денесі созылыңқы, басы онша үлкен емес, тұмсығы тік әрі жалпақтау боп келеді. Қысқа сирағы денесінің арт жағында орналасқан. Қауырсыны тығыз әрі үлпілдек мамықты, шымқай ақ түсті. Тек Аустралия мен Тасманияда кездесетін бір түрі ғана шымқай қара түсті боп келеді. Салмағы 5-10 келі, ең ірісі 13 келіге дейін жетеді. Қанатының ұзындығы 150-180 см. Тіршілігінің көп уақытын суда өткізеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды, құрлыққа сирек шығады. Ұшқанда су бетінен ауыр көтеріледі әрі екі аяғымен суда артқа қарай итере желге қарсы ұшады. Тұмсығы мен аяғы қызыл, көзінің айналасы қалың ғып сүрме тартқандай қарайып тұрады. Шығыс ақындары ғашықтық ғазалдарында аққудың осы суретін көп пайдаланған. Олардың айтуына сенсек, о баста әйелдер қасты сүрмемен, ерінді қызылмен бояп, бетті опалауды аққудан үйренген деседі. Аталығы мен аналығын ажырату қиын-ақ. Жалғыз айырмашылығы – көктемде аталығының тұмсық үстіндегі қара дағы ұлғайып, алыстан айбат шеккендей анық көрінеді, ұрғашы аққудың тұмсығы да осыған ұқсас, тек қара дағы кішкентай. Бір байқалатын белгісі – аналық анағұрлым кішкентай, еркегі әлдеқайда ірі, сүйекті, қанат қарымы сала құлаш кең келеді. Ең қызығы, аналығы мен аталығы сонша тату, өзге тіршілік иелеріндей шоқысып, сабаласу аққуларға жат тірлік. Бірін-бірі үнсіз түсінісіп, су бетінде сызылып қана ғұмыр кешеді. Жұп боп ғұмыр кешетін аққудың «ауылына» ғайыптан басқа құс келе қалса, аталық аққу өз шаңырағын қызғыштай қорып, өліспей беріспеуге бел байлап, тура ұмтылады деседі. Егер жұбынан айырылып қалса, не біреуі қаза болса, екіншісі адамша қайғырып, ауырып өлуге дейін барған. Осы жағдайдан соң екінші аққуға тіпті де қосылмайтын болған. Аққудың ата жауы – жылан. Әдетте, жылан атаулы жұмыртқа көрсе бітеу жұтады, таңдамайды, талғамайды, шымшық, торғайдан бастап ірі құстардың жұмыртқасына дейін қоймайды. Халық аңызында жылан екеш жыланға дейін аққудың жұмыртқасына тимейді деседі. Ал ғалымдардың зерттеуінше, бұл жайды аққудың жұмыртқасы өте үлкен болғандықтан, жылан оны жұта алмайды деп түсіндіреді.

Ұясына 3-7-ге дейін жұмыртқа салып, оны көбіне көп аналығы басады. Бұл кезде аталығының жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұбайына жем тасумен болады. 29-40 күнде ширақ балапандар шығып, оларға аталығы мен аналығы жұптасып қамқорлық жасайды. Аққу үш-төрт жасқа дейін ақ емес, көгілдір, сұр боп өседі. Түсі көктен, көгілдірден гөрі күлге не шаңға аунатып алғандай сұрғылттанып тұрады. «Бесік баласы бес түлейді» деген мақалға сай ол да үш-төрт түлеп барып, шын аққуға айналады. Ал ересек аққулар жылына бір рет түлейді. Ересектері су өсімдіктерімен, кейде судағы омыртқасыз жәндіктермен, ал балапандары су жәндіктерімен қоректенеді. Жыл құсы саналатын аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында – Ақтау қаласының маңында қыстап шығатынын байқауға болады. Шілде-тамыз айларында мамырлайды, осы кезде аққулар көлдің адам бара алмайтын жерін таңдап алады. Күзде жылы жаққа кетер алдында 7-10-нан топтасады. Туып өскен жеріне наурыздың аяғы – сәуірдің басында қайтып оралған аққулар Қазақстан суларынан өздеріне азық, жауларынан және ауа райының қолайсыз жағдайынан қорғанатын баспана табады. Әсіресе қамысты қапалардың олар үшін маңызы өте зор. Көл жағасында жайқала өскен қамыс-құрақ арасына олар өздерінің ұяларын салады. Ұясын көбінесе қамыстан салады. Оның диаметрі 120-150 см болады. Климаты ыстық жерде бұл құстардың түсі – қара, ал суық аймақта ақ болады. Денесіне шамамен 25 мың қауырсын өседі екен. Қарақу көбінесе Аустралия құрлығында мекен етеді. 8000 метр биіктікте ұша алады. Орташа ұшу жылдамдығы сағатына 65 километр – құстар арасындағы рекорд. Ең қызығы, қарақу мен аққудың екеуінің бастары бір қазанға сыймайды. Аққулар секілді қарақулар су өсімдіктерімен қоректенгендерімен, өзара айырмашылықтары бар. Мойын омыртқасы 31-ге жететіндіктен мойындары ұзын келеді. Бүткіл денесі, жалпақ табанына дейін қап-қара, тек үшкір тұмсығы ғана қызыл болады. Қарақулар өздері дүниеге келген жерлерде өсіп-өнеді. Сондықтан олар жыл құстарының қатарына жатпайды. Ересектерінің ұзындығы 110 және 140 сантиметр аралығында болса, салмақтары 4-8 келі болып келеді. Әдетте, қарақудың аталықтары аққуларды тобына жолатпай, ығыстырып тастайды.

Аққудың көркі, мінез-қылығындағы ерекшеліктер сонау дәуірден бері халықты таңдандырып келеді. Оның су бетінде маңғаздана жүзгені, ұшқанда қанатын қағып көтерілуі, табиғаттың берген әсем бір құбылысы болса керек. Тіпті қазақ халқы адам бойындағы жақсы қасиеттерді осы құсқа балайды ғой. Мәселен, «аққу-мысық көлдегі, асылымсың елдегі» деп ән шырқауда да адамды аққуға теңеп, оны әсемдіктің, сұлулықтың символы ретінде бағалауында айтарлықтай мән жатса керек. Аққуды қазақ халқы әуел бастан қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктік пен сұлулықтың белгісі деп санаған, әрі киелі құс төресі санап, оған еш уақытта оқ атпайды, тұзақ құрмайды. Аққудың аталығын «саһар», балапанын «көгілдір», мойнын «сұңғақ» деп дәріптейді. С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы», М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары, Қорқыт бабаның, Қожеке Назарұлының, Тоқа Шаңмаңұлының, Ықылас Дүкенұлының, Н.Тілендиев сынды сазгерлердің «Аққу» күйлері немесе Б.Аюхановтың «Аққу биі» – күллі халықтың бұл құсқа деген ерекше сүйіспеншілігінің айқын белгісі. Соңғы 10-15 жылдар ішінде Қазақстанның өзен-көлдеріндегі аққу саны адам айтқысыз азайып кетті. Оның басты себебі – құрғақшылық кезде біраз өзен көлдер құрғап қалса, екіншіден, ол адам әрекетіне байланысты. Ұялайтын көлдер маңының бәрі жыртылып тасталды, көлдерден қамыс шабылды. Осы жағдайлардың бәрі де сәнді құс – аққу қорының азайып кетуіне әкеп соқты. Биолог Оразбай Сағындықұлының айтуынша, жаратылысқа жанашырлық болмаса, аққу азая берері анық.

«1983 жылы Каспий теңізінің жағасында 400-дей аққу мекен еткен екен. Қазіргі санын ешкім тап басып айтып бере алмайды. Себебі ұясын қалың жынысқа салатын құс ондай орындарды жақын маңнан таба алмайды. Өйткені қазір өзен бойында қаулай өсетін қамыс секілді өсімдіктер азайып барады. Біз әшейінде аққу жайлы ауыздыға сөз бермей, ол жайында талай адамға әңгіме айтуға әуеспіз. Қашаннан да жүрекке жылылық алып келетін қасиетті құсты қорғауға келгенде ауызды құр шөппен сүртіп қалатынымыз тағы бар. Бұл тек аққуға қатысты нәрсе емес. Қызыл кітапты парақтай қалсаңыз, еріксіз еңсең түсіп кетері анық. Қаншама аң мен құс осындай жанашыр пейілдің жоқтығынан азайып, кейбірінің тұқымы тұздай құрып кетуге жақындады», – дейді.

Аққу

Былтырғы желтоқсаннан бергі бір ай ішінде Каспий теңізінің төңірегінде мыңнан астам аққу өлексеге айналған. Қаңтар айының 18-іне дейінгі мәлімет бойынша үш мыңға жуық құстың өлексесі тіркелген. Құзырлы орындар тарапынан аққулар өлімінің басты себебі – «құс тұмауы болуы мүмкін» делінгенмен, тұрғындар бұл уәжбен келіспейді екен. Олар Каспийге құбыр арқылы құйылатын төңіректегі демалыс орындарының қалдық суларының кесірі деген болжамдарын алға тартып отыр.

Әдемі құс аққудың өлер алдында «айтатын әні» жайлы ертеден келе жатқан аңыз бар. Аққу, әрине, ондай ән айтпайды. Ол жалпы әнші құстардың қатарына жатпайды да: сыбырлауық аққу жайлап қана сыңқылдайды, ал сұңқылдақ аққудың үні зор әрі әсем болады. Аққулар көктемде оңтүстіктен қайта оралады, олардың қанатының сыңғыры мен әсем үнін аспанда жұп-жұбымен кербез ұшып өткен сол бір сәтінде тыңдаған тамаша-ақ. Сәуір айының көгілдір аспанында үлкен ақшаңқан құстардың сұлу мойнын соза тастап, қанатын баяу сермеп ұшып бара жатуы – естен кетпес ғажап сурет. Қалың орман ішіндегі көлде оңаша жүзген аққуды көру – одан да сұлу құбылыс. Аққу суда дыбыс шығармай, жеңіл сырғып жүзеді, ал астындағы су жарқырап, маржанның түсіне енеді. Аққудың әрбір қимылы – артына бұйра толқын тастап, жүзіп бара жатып кілт бұрылуы, төсімен айдынды өбіп, қанатымен күміс тамшы себелеп шомылуы, ауаны қақ жара көкке көтерілуі – бұл бір қайталанбас әсем көрініс…

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Тегтер: