АҚШ-та Эпштейннің ранчосындағы оқиғаларға қатысты тергеу жүргізіледі
АҚШ-тың Нью-Мексико штатында дүйсенбі күні заң шығарушылар Джеффри Эпштейнге тиесілі Зорро ранчосындағы оқиғаларды толыққанды тергеуді бастау туралы заң қабылдады.
Эпштейн адам саудасы мен кәмелетке толмаған қыздар мен әйелдерге жыныстық зорлық-зомбылық жасады деген айыптарға ілінген. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Екі партия өкілдерінен құралған комитет Санта-Феден шамамен 50 шақырым оңтүстікте орналасқан ранчодағы ықтимал жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарынан жауап алмақ. Сонымен қатар заң шығарушылар жергілікті тұрғындарды да куәлік беруге шақырды.
Эпштейн 2019 жылы Нью-Йорктегі түрмеде, адам саудасына қатысты федералдық айыптармен тергеліп жатқан кезде, болжам бойынша, өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған.
Төрт заң шығарушыдан тұратын «ақиқатты анықтау комиссиясы» ранчо қонақтарының және ондағы жағдайдан хабардар болуы мүмкін мемлекеттік қызметкерлердің кім екенін анықтауды көздейді. Сондай-ақ олар ранчо аумағында немесе гасиенда стиліндегі сарайы мен қонақ үйлерінде жасалған болжамды зорлық-зомбылыққа қатысы бар тұлғаларды анықтамақ.
Еске сала кетейік, АҚШ Әділет министрлігі Эпштейнге қатысты миллиондаған құжаттарды жариялап, ранчодағы әрекеттерге жаңа деректер ашқан болатын.
Нью-Мексико штаты Өкілдер палатасы бірауыздан қабылдаған заң жобасы штаттағы Эпштейнмен байланысы болуы мүмкін саясаткерлерге, сондай-ақ ранчоға барған ғалымдар, инвесторлар мен басқа да ықпалды тұлғаларға қауіп төндіруі мүмкін.
Комитет сейсенбі күні жұмысын бастап, шілде айында алдын ала нәтижелерін, ал жыл соңына дейін қорытынды есебін ұсынбақ.
«Ол бұл штатта ешқандай жауапкершіліксіз қалағанын істеген», – деді бастаманың тең авторы, Нью-Мексико штатының Демократиялық партиядан сайланған заң шығарушысы Андреа Ромеро.
Оның айтуынша, комитетке берілген айғақтар болашақ сот процестерінде пайдаланылуы мүмкін.
Зорро ранчосы бұған дейінгі федералдық тергеулер барысында назардан тыс қалған. Тергеулер негізінен Эпштейннің Кариб теңізіндегі аралы мен Нью-Йорктегі таунхаусына бағытталған еді.
«Көптеген тірі қалған жәбірленушілер Нью-Мексикодағы оқиғаларды бастан кешкен. Біздің анықтауымызша, жергілікті саясаткерлер мен басқа да тұлғалар бұл жағдайдан хабардар болған», – деді адвокат Сигрид Маккоули. Оның заң фирмасы Эпштейннің жүздеген құрбанының мүддесін қорғаған.
Бұған дейін АҚШ-тың бас прокуроры Эпштейн құжаттарынан 300 саясаткер мен танымал тұлғаның есімі жарияланғанын мәлімдеген. Олардың арасында Вирджиния Джуффре де бар. Оның айтуынша, ол ранчода бірнеше рет зорлық-зомбылық көрген.
Бірқатар азаматтық талап-арыздарда Эпштейн Зорро ранчосында кәмелетке толмаған қыздарға жыныстық зорлық жасады деп айыпталған. Алайда бұл эпизодтар бойынша оған ресми айып тағылған жоқ.