АҚШ-та жүк ұшағы апатқа ұшырады: қаза тапқандар саны артып келеді
АҚШ-тың Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында United Parcel Service (UPS) логистика компаниясына тиесілі MD-11 жүк ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Гонолулуға бағыт алған болатын. Алғашқы мәлімет бойынша, жеті адам, соның ішінде экипаждың үш мүшесі қаза тапқан.
Кентукки штатының губернаторы Энди Беширдің айтуынша, апат салдарынан жердегі тағы 11 адам жарақат алған. Бастапқыда ол үш адамның қаза болғанын хабарлаған еді, алайда кейін “бұл сан өсуі мүмкін” деп мәлімдеді.
«Видео кадрлардан бұл апаттың қаншалықты сұмдық болғанын көруге болады», — деді ол баспасөз мәслихатында.
UPS компаниясының дерегінше, MD-11 ұшағында үш экипаж мүшесі болған.
Қанаты отқа оранған ұшақ
WLKY телеарнасы жариялаған бейнежазбада ұшақтың аспанға көтерілу кезінде қанаты жанып, жерге соғылғанда алып от шары пайда болғаны көрінеді. Апат күн батып келе жатқан уақытта орын алып, соның салдарынан әуежайға іргелес өнеркәсіп аймағында бірнеше өрт шыққан.
Reuters агенттігі жазғандай, ұшақ сынықтары екі ұшу-қону жолағына дейін шашылып кеткен. Губернатордың сөзінше, бірнеше адам ауыр жарақат алған.
Федералдық авиация басқармасының (FAA) хабарлауынша, апатқа ұшыраған MD-11 ұшағы 34 жыл бұрын шығарылған. Ол жергілікті уақытпен сағат 17:15 шамасында апатқа ұшыраған. Ұшақ Гонолулуға 8,5 сағаттық сапарға дайындалған және 38 мың галлон (144 мың литр) жанармайы болған.
UPS-тің жаһандық логистикалық орталығы — Worldport хабы дәл осы Луисвилл әуежайында орналасқан, сондықтан апат компанияның негізгі операцияларына әсер етуі мүмкін.
Қала мэрі Крейг Гринберг тұрғындарды қауіпсіздік мақсатында аэропорттан 8 шақырым радиуста оқшаулануға шақырды.
«Жараланғандар көп, өрт өшірілмеді. Жолдардың көбі жабық — өтінемін, оқиға орнынан алысырақ болыңыздар», — деді ол.
Өрт сөндірушілер әлі де жалынды толық сөндіре алмай отыр.
McDonnell Douglas MD-11F — алыс қашықтыққа жүк тасымалдайтын америкалық ұшақ моделі. Оны FedEx Express, Lufthansa Cargo және UPS Airlines сияқты ірі компаниялар қолданады.
MD-11 бағдарламасын кейін Boeing компаниясы иеленіп, өндірісті тоқтатқан. Boeing апаттан зардап шеккендердің отбасына көңіл айтып, тергеуге қатысатынын мәлімдеді.
Flightradar24 дерегіне сәйкес, UPS бұл ұшақты 2006 жылдан бері пайдаланған. Апаттың алдында ол Луисвилл – Балтимор – Луисвилл бағыты бойынша ұшқан. Ұшақ апатқа дейін 175 фут (шамамен 51 метр) биіктікке көтеріліп, 341 км/сағ жылдамдыққа жеткеннен кейін күрт төмендей бастаған.
UPS әзірге құрбандар туралы нақты мәліметті растаған жоқ. Апатты АҚШ Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) тергеп жатыр. Мұндай зерттеу әдетте бір-екі жылға созылады.
Reuters жазуынша, тергеушілер басты назарды қозғалтқыштың ұшақтан бөлініп кету себебіне аударады. Видеода бір қозғалтқыштың апат алдында ажырап кеткені байқалады.
Әуе қауіпсіздігі сарапшысы, ұшқыш Джон Кокс “үш қозғалтқышы бар ұшақтың бір моторы істен шықса да, екеуімен көтерілуге тиіс еді” дейді.
«Бұл өрт қарапайым қозғалтқыш ақауынан әлдеқайда үлкен болған. Енді оның ұшуына нақты не кедергі болғанын анықтау қажет», — дейді ол.
Экологиялық қауіп жоқ
Кентукки губернаторы ұшақта қауіпті немесе улы жүк болмағанын, экологиялық апат қаупі жоқ екенін атап өтті.
Апат салдарынан Луисвилл әуежайы уақытша жабылды. UPS компаниясы Amazon, Walmart және АҚШ пошта қызметі сияқты негізгі серіктестерімен байланыста екенін және жеткізу кестесінде өзгерістер болуы мүмкіндігін ескертті.