Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:15

АҚШ Таяу Шығысқа екінші әуе тасымалдаушы кемесін жібереді

Кеме
Фото: Zuma\TASS

АҚШ Қорғаныс министрлігі Таяу Шығысқа USS Gerald R. Ford әуе тасымалдаушы кемесін және оны сүйемелдейтін әскери кемелер тобын жіберуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы 13 ақпанда The New York Times басылымы төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Аталған әуе тасымалдаушы тобы қазіргі уақытта Кариб теңізінде орналасқан. Кеме тобы сәуір айының соңы немесе мамыр айының басына дейін өз тұрақты базасына оралмайды.

Басылымның жазуынша, USS Gerald R. Ford соққы беру тобы Парсы шығанағында орналасқан USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушы тобына қосылады. Бұл қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қысымды күшейту науқаны аясында жүзеге асырылмақ. Пентагон бұл ақпаратқа әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Осы аптада Дональд Трамп Axios порталына берген сұхбатында аймаққа екінші әуе тасымалдаушыны орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген.

«Не келісімге келеміз, не өткен жолғыдай өте қатаң шараларға жүгінуге тура келеді», – деді Трамп.

Вашингтон мен Тегеран келіссөздерді қайта бастады

6 ақпанда Оманда АҚШ пен Иран арасында жанама келіссөздер басталды. АҚШ делегациясын президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф бастап барды. Америкалық тарап Тегераннан бірнеше бағыт бойынша, соның ішінде ядролық бағдарлама, зымыран арсеналы және Таяу Шығыстағы прокси күштерді қолдау мәселесінде жеңілдіктер талап етті.

Өз кезегінде Иран санкцияларды алып тастау шартымен ядролық келісімді қайта талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Алғашқы кезеңнен кейін тараптар келіссөздерді оң бағалағанымен, арада елеулі келіспеушіліктер сақталып отырғанын атап өтті.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи елдің бейбіт мақсатта уран байытуды жалғастыратынын  мәлімдеді.

Аймақтағы әскери белсенділіктің артуы АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тағдырына тікелей ықпал етуі мүмкін деп бағалануда.