Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 29 Желтоқсан 2024

«Ала қарға, қонасың жардан-жарға...»

Ала қарға
Фото: ашық дереккөз

Қарғаның ақылдылығы жөнінде аңыз-әпсаналарда жиі айтылады. Қасиетті Құран Кәрімде Адам атаның баласы Қабыл мен Әбілдің оқиғасы айтылады.

Онда Қабыл қызғаныштан Әбілді өлтіреді, кейіннен бұл ісіне өнкініп, не істерін білмей дағдарып отырғанда Алла Тағалла қарғаны жібереді, ол жерді қазып, басқа бір өлген қарғаның бетін топырақпен жасырады. Осылайша, адам өлген адамды жерге көмуді қарғадан үйренеді.

Аңыз әңгімелерден тыс ғалымдар да қарғалардың ақылды екенін түрлі эксперименттер арқылы дәлелдеген. Мысалы, түтікшенің ішіне азық салып, оны қарға қалай алып жейтінін бақылаған. Сөйтсе, түтікшенің қасында жатқан темірден ілгек жасап, сонымен азығын іліп алған. Сондай-ақ қатты жаңғаққа тұмсығы өтпеген қарғаның көліктер жиі жүретін майжолға жаңғақты тастап, көлік өткеннен кейін оны теріп жегеніне де ғалымдар көз жеткізген.

Әдетте маймылды ақылды жануар деп жатады. Алайда ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қарға маймылдан да ақылды екен. Себебі қарғалар мүдірмей, беске дейін сан санай алады. Тіпті қорегіне қол жеткізу үшін қарғалардың түрлі әдіс-тәсіл ойлап табатыны да айтылады. Мәселен, қарғалар ағаш қабығының астындағы құртты жеу үшін алдымен үшкір, кішілеу ағаш тауып, сонымен ағаштың қабығын тесіп, құртты жейді екен.

Ал қазақ ұғымында да қарғаны жамандықтың ырымы көрген сөлекет ештеңе жоқ. Керісінше, қарғамен байланысты сөзіміз көп. Мәселен, «қарға тамырлы қазақ», «қарға да баласын аппағым дер», «қарға адым», «қарға тұмсық» деген секілді.

Тіпті: «Ахау, ала қарға,

Ұшасың жардан-жарға.

Қосылса екі ғашық,

Арман бар ма?», – деп қоңыраулап қайырылатын халық әні де бар. Ал құстар өмірін тереңдеп зерттеген ақын Есенғали Раушанов: «...Оның екінші бір кісі сүйетін қасиеті – жұрт болсын, өрт болсын, астық аласапыран келсін – туған жерін тастап кетпейді. Ми қайнатар ыстықта да, ақ түтек боранда да туған жерінен алыстамайды» дейді. Мұны да қарғаның бір қасиеті деп түйсек қателесе қоймаймыз.

Ала қарға
Фото: ашық дереккөз

Тұңғыш Жапарқұлов, ІлеАлатау МҰТП ғылыми қызметкері: Оңтүстікке қыстауға келген ала қарғалардан әзірге шағым жоқ

Айналаға көз салсаң, табиғи құбылыстардың өзгеруіне көңіл аударуға болады. Өзгеріп отыратын тіршілік иелерінің бірі – құстар көші-қоны. Негізінен көктем мезгілінде құстардың мол шоғырын әрі көптеген түрлерін көреміз. Солардың ішіндегі елді мекен, қала аумағы, тау беткейлерінен ала қарғаны (лат. Corvus cornix) ұдайы көргендей болғанымызбен, жылдың қай мезгілінде кездесетіні әрі еліміздің өңірлерінде байқалатын уақыттарын анықтауға, бір сәт көз салуға назар салайық. Өйткені фаунамыздағы әрбір құстың қаншалықты көбейіп немесе азайып жатқаны, олардың экологиялық маңызы, түр ретінде өзара бірінің екіншісіне жыртқыштылығы, ауыл шаруашылығына зияндылығы немесе пайдасы, антропогендік әсердің болуы сияқты мәселелер әрбір жанға аса қызық тудыруы және алаңдатуы тиіс деп санаймыз. Бірақ аталған қанаттылар мемлекетіміздің оңтүстік және оңтүстік шығыс бөлігінде күз айында, нақтырақ қазан айының екінші жартысынан байқалады. Бақылаушыларға дәл осы тұста табиғи құбылыстарды да сезініп, әрі көзбен өзгерістерді көруге болады. Бір қызығы, жыл сайын байқағанымдай, ала қарға келгенде жерге алғаш қырау тұрады. Қазақ сөздік қорына «Бозқырау» деп айдар тағылған бұл амал тұрғысында талай ақпарат жетерлік.

Ала қарға (лат. Corvus cornix) – торғайтәрізділер отрядының қарға тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда кең тараған. Дене тұрқы 47-50 см, салмағы 0,6 келідей. Ала қарғаның басы, қанаты, құйрығы қара, ал арқасы мен бауыры сұрғылт, тұмсығы үшкір, тырнақтары өткір. Орман шетіндегі, өзен бойындағы тоғайларға, бақтарда, кейде дара өскен ағаш басына ұя салады. Мекені 4-7 қызыл қоңыр, секпілді көгілдір жұмыртқаны 19 күн басады. Балапандарын кезектесіп, 35 күндей ұяда негізінде жәндіктермен асырайды. Тамызда балапандары ұядан ұшады. Ересегі қорек талғамайды. Зерттеуге алынған дарақ ала қарғаның асқазанынан тамыз айы мен қыркүйек айындағы бақылау бойынша жүгері, бидай, асбұршақ, т.б дәнді-дақылдардың дәндері шыққандығы жайында деректерге жүгінуге болады. Жалпы ала қарға барлық тағам қалдықтарымен қоректене алады. Қазақта «Қарға тамырлы» деген теңеудің орны ерекше. Олай дейтініміз – аталас, туыс, ру, жүз деп жіктеліп, ұлттық дәстүр мен қан тазалығын сақтап қалған ұлт үшін, қысқаша, осы құс түрінің көп түрлілігіне қатысты айтса керекті. Сол сияқты қарғалар тұқымдасына жататындықтан олардың қара қарға, таған, ұзақ, құзғын, шау қарға, қызыл тұмсықты қарға секілді түрлері көп кездеседі. Орнитолог ғалымдар ала қарғаның өзінің елімізде 2 түршесінің және үшінші гибридтік түршені де қосады (Corvus cornix еліміздің батыс аймағында, Каспий атырабында кездеседі, Corvus cornix sharpi көктемнен күзге дейін солтүстік және шығыс өңірде ұялау кезеңін өткізіп, қыстау үшін оңтүстік өңірлерде кездеседі, Corvus cornix x corone Ертіс жазығы, шығыс өңірде қара қарғамен шағылысу барысында пайда болған) барын тапқан. Түршелердің бір-бірінен айырмашылығы, қауырсындағы сұр түстес өңі бойынша біріншісінікі күңгірттеу болса, екіншісі ашықтау. Ал үшіншісінде қарасы басым, селдірлеу сұр түс кіреді. Зерттеулерге сүйенсек, ала қарғалар жекелей немесе топтасып (3-15 дарақ) ұшады. Кейде, таған қарға және ұзақтардың тобына қосылады.

Ұшу белсенділігі негізінен таңертеңгі (7:00-7:30 шамасында) уақытта. Бұл жыртқыштыққа икемдігі айқын көрінетін күшті құс. Ормандағы қарға – барлық ұсақ қанаттыларға төнген қатер, ал көлдерде суда жүзетін құстардың ұяларына үлкен нұқсан келтіреді. Адам үйректің, қасқалдақтың немесе сұқсырдың ұяларына тиіп кетсе-ақ болды ( мысалы, қайықпен қасынан жүзіп өтсе), қарғаны тап сол жерден көруге болатындығы дәлелденген. Сөйтіп бірнеше минуттан соң ұядан тек жұмыртқаның қабығы ғана қалады. Ол балапандарды да дәл солай жәукемдейді. Құс бақылаушыларының дерегінше, қаланың ортасындағы саябақта көк кептердің әлсірегенін ала қарғаның құшырлана шоқып, етін қорек етіп жатқаны бойынша жазбалар мен фото суреттер ақпарат құралдарында кездеседі. Қазақстанда ала қарға республиканың бүкіл солтүстік жартысында – суда жүзетін құстары көп көлдерде, дала және орманды дала зоналарында қоныстанады. Қыста Қазақстанның оңтүстік жартысына жылыстайды. Әдетте қыс кезінде тау етегіндегі далада және қалалар мен ауылдардың көшелерінде жүреді. Ала қарғалар қыс жылы болса, тіпті тауға биіктей көтеріледі. Ала қарғаның саны соңғы онжылдықта Қазақстанның барлық аумағында өсе түсуде. Қазан айында Тянь-Шань тауының етегіне қыстауға ұшып келеді. Ала қарғаларды Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне іргелес елді мекендер мен Алматы қаласының аумағынан қазан айынан бастап, наурыз айының екінші жартысына дейін көруге болады. Ұлттық табиғи паркінде мекендейтін ала қарғалар күннің суытқан уақытында келетіндіктен, құс жұмыртқаларын бүлдіруге және бөгде құстардың жаңа шыққан балапандарына зиян тигізетін мезгіл болмағандықтан мәселе туындамайды. Бұл аймақта олар, керісінше, санитарлық қызмет атқарады. Оларды қалада қоқыс жәшіктері маңайынан, таулы елді мекенмен қоса мал қоралары жанындағы қи-көң жиналған орындардан, мал және жабайы аң өлексесі қасынан кездестіруге болады. Жалпы алғанда оңтүстікке қыстауға келген ала қарғалардан әзірге шағым жоқ. Биоценозға пайдасы көбірек. Табиғат құбылыстарына қызығушылар үшін ала қарға оңтүстік өңірге суықтың түсетінін әрі көктемнің жайма-шуақ кезінің келетінін білдіретін құс түрі ретінде сипаттауға болатын сияқты. Әсіресе оқушылар қауымы мен биология, аң танушылық салада оқитын студенттерге, құстарды бақылаушыларға қызықты дерек ретінде сипаттауға болады.

Ала қарға
Фото: ашық деерккөз

Қарға туралы қызықты деректер

  1. Қарғалар Шығыс және Солтүстік Еуропада тіршілік етеді. Олардың таралу аймағы Италия түбегі мен Эльба өзенінен Оралға дейін жалғасып жатыр.
  2. Қарғалардың түсі олардың жынысына байланысты емес, сондықтан диморфизмді анықтау қиын.
  3. Қарғалар – қорек талғамайтын жануарлар. Олар негізінен ұсақ сүтқоректілерді, құстарды және жәндіктерді азық етеді. Қарғалар кейде өлексе де жейді. Олар сондай-ақ жеміс-жидек, тұқым және қоқыс жәшіктеріндегі қоқыспен қоректенеді.
  4. Қарғалар басқа құстардың, соның ішінде жыртқыштардың олжасын ұрлайды.
  5. Алғашында қарғалар тек өзен аңғарларын, көл жағасын және шалғындар мен сулы жерлерге жақын ормандарды мекендеген. Бүгінгі күні оларды ормандардан, саябақтар мен далада және қаладан кездестіруге болады.
  6. Қарғалар моногамды және өмір бойы жұптасады.
  7. Қарғалар жылына бір рет, әдетте орман шетіндегі биік ағаштың басында көбейеді. Олар 4-тен 6-ға дейін жұмыртқа салады, олар аналық 18-ден 21 күнге дейін инкубацияланады.
  8. Қарғалар балапандарына аса жауапкершілікпен қарайды. Еркегі ұяға азық жеткізуге жауапты. Кішкентай балапандар әдетте жәндіктермен қоректенеді. Балапандар ұядан шамамен 5 аптадан кейін ұшады.
  9. Еуропа мәдениетіндегі қарғаның символикасы өліммен, соғыспен және аурумен байланысты. Бұл пікір осы құстардың ұрыс алаңдарында жем іздеп, арлы-берлі ұшып-қонуымен байланысты туындаған.
  10.  Ежелгі Грецияда қарға күнмен және пайғамбарлықпен байланысты болды. Бұл Аполлон мен Афинаның атрибуты саналды.
  11.  Қытайда үш аяқты қарға империялық билік пен отбасылық махаббаттың символы саналады.
  12.  Қарғалар үлкен топтарға бірікпейді. Әдетте адам көп жерлерден аулақта тіршілік етеді.
  13.  Қарғалар санай алады. Егер оған жем салынған екі ыдыс ұсынсаңыз, ол жем көп салынғанын таңдайды. Мысалы, бір ыдысқа 14 қоңыз, екіншісіне 15 қоңыз салсаңыз, сіз араларындағы айырмашылықты бірден аңғармайсыз. Ал қарғалар оларды санап, қайсысында көп екенін анықтап үлгереді. Қарға туралы деректер:
  14.  Қарғалар үшін рекордты өмір ұзақтығы 50-75 жылды құрайды. Бірақ өмір сүру ұзақтығының мұнан да көп екені жайлы да айтылады.
  15.  Қарғалар естіген дыбыстарын қайталап, басқа құстардың дауысын сала алады. Тіпті үйреткен жағдайда адамның да дауысын салады.
  16.  Қарғалар – өте қайырымды, бауырмал. Егер біреуі жарақаттанып қалса, өзгелері қамқорлық танытып, толық жазылғанша қоректендіреді.
  17.  Қарғалар жұптасып тіршілік етеді. Жұбын бір рет өмір бойына таңдайды.
Тегтер: