Алаш аруларының адалдығы

Репрессия құрбандарының әйелдері арын қалай қорғаған?
Қазақтың қадірлі қаламгері, Шет ауданында тұратын диссидент жазушы Кәмел Жүністегі бізге қоңырау шалды. Көкейінде талай ақиқат бүгіп жатқан шежірелі жан «Жас Алаштың» қалың оқырмандарына арнап тың дүние айтты. Анығын айтқанда, репрессия жылдары «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген азаматтардың әйелдері жайлы зерттеуін мәшhүр етті. Қос әйелдің аңызға бергісіз ерлігі мен адалдығын екі бөлек естелік ретінде беруді жөн көрдік.
Зорлыққа тоқтау салған Тишкен
Сталиндік сұрқия саясат құрбандарының арасында Шет ауданында тұратын Ғаббас деген азамат болған-ды. Қайран ерді Қарқаралыға апарып, мойнына тас байлап, суға тастап, өлтірген екен. Ғаббастың келіншегі Тишкен «Халық жауының» әйелі деген жаламен абақтыға қамалады. Ол кезде түрмедегі әйелдерді күзетшілер жасырын зорлаған. Осындай аяусыз қорлыққа бас имеген, бір беткей келіншекті жендеттер бір күні таудың ішіне апарып, атуды ойлайды. Мылтық кезеген суық қолды нөкерлер келіншекке тырдай жалаңаш шешінуге бұйрық береді. Сырт киімдерін түгел сыпырған Тишкен іш көйлегінен шешуден бас тартып, қасарысып тұрып алады. Әкіреңдеген әмір етушінің бірі: «Андағы көйлегіңді де таста!» – деп зекіреді. Сол мезетте, қайран шешеміз: «Сендердің оқтарыңнан жұқа көйлегім мені сақтай алмайды ғой, ата беріңдерші, тек тірімде арам қолдарыңды денеме тигізбеңдер!» – деп егіліп жылаған екен. Сол сәтте, атушыларға «түрмеден тұтқын қашып кетті» деген жедел хабар түседі. Аптыққан түрме жендеттері жалма-жан Тишкенді тастай салып, тым-тырақай тарап кетеді. Төніп келген ажалдан амал қалған табанды әйел сол сәтте, өзге тағдырластарын теперіштен құтқаруға бекінеді. Ол екі күн тоқтамастан, жол жүріп, Алматыға жетеді. Онда Қасымбек есімді Алашорда мүшесіне жолығып, тар қапастағы әйелдердің көрген жәбірлерін баяндайды. Партия белсендісі суық оқиғаны жан-жаққа таратады. Ақыры, оның сөзі Мәскеудегі құпия мекеме өкілдерінің құлағына жетсе керек. Іле-шала Шет ауданындағы ГПУ-дің бастығы Сычевқа жоғарыдан (оны қазақтар Шишов деп кеткен) «Түрмедегі әйелдерді зорлау мен атуды тоқтатыңдар!» – деген бұйрық келеді. Әлімжеттікке түскен әйелдерді қорлық пен зорлықтан құтқарған Тишкен апа осындай қайсар рухты жан болыпты.
Осыдан кейін, «Аққа құдай жақ», деген сөзге қалай иланбайсың? Жазушы: «Әттең, дүние! Сол кісінің одан арғы өмірі мен жатқан жері маған белгісіз. Жер жастанған мекенін тапсам, басына «әулие Тишкен», деген көктас орнатар едім!», – деген арманын жеткізді. Бәлкім, оқырмандар арасында әулие Тишкен апаның ұрпағын білетіндер табылып қалар...
Аққудай сұлу Гүлзағираның адалдығы
– Шетте тұрған Гүлзағира атты ару анамызды көрдім, – дейді қуғын-сүргіннің қыспағын тартқан қаламгер.
– Ол ғажап, көркем жан еді. Даланың аққуын көр де, Гүлзағираны көр! Сұлу келіншектің жолдасы – Сейілхан Көшімов жалған жаламен 1931-жылы атылып кеткен. Гүлзағирада сүйген серігі Сейілхан әперген жалғыз көйлек болыпты. Ол күйеуінен қалған жалғыз аманатты ғұмырына қанағат тұтып, сөз салған небір жігіттің төрелерімен некеге тұрмай, өмірден жалғыз өткен. Жан жары сыйлаған бір киерін жанынан тастамай, үнемі иіскеп жүрген. Сол Гүлзағираны жасы 70-тен асқан шағында өз көзіммен көрдім. Ғұмырымда талай әйел баласын кезіктірдім. Бірақ Гүлзағираға жететін суретті жолықтырмадым. Гүлзағира – адам баласының сұлуы дер едім, – деп тебіренісін тәмамдады жазушы.
Қарт қаламгердің естелігіндегі абыз аналар «Ер Тарғын» мен «Қобыланды батыр» жырындағы миф кейіпкерлер – Ақжүніс пен Құртқадан бір мысқыл да, кем емес. Ендеше, екі ару анаға арнап, шұрайлы Шеттен неге ескерткіш орнатпасқа? Бұл бастаманы Шет ауданының әкімдігі қалай қабылдар екен...