Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақов

Ыбырайым Жайнақов 1886 жылы қыркүйек айының 30 күні бұрынғы Жетісу облысы Верный уезі Үлкен Алматы болыстығына қарасты №2 ауылда дүниеге келген.
Әкесі Ресейдегі патша үкіметі тұсында, ақыл-парасатының арқасында, сөзіне ел тоқтаған шешен, ел-ішіндегі және ру аралық дауларды шешуде әділдігімен, тапқырлығымен танылған Жаныс-Баба руының биі Жайнақ Қараталов – дулаттардың аға сұлтаны, әйгілі Әли Әділұлы Абылайхановтың беделді билерінің бірі болған.
Ыбырайым Жайнақов 1910-1913 жылдары сонау 1870 жылдан бастап, Верный қаласында шығатын «Семиреченские областные ведомости» газетінің мұсылманша шығатын бөлімінің редакторы болып қызмет істейді. Аталмыш газет билік тарапынан қаржыландыратын бірден-бір ақпарат көзі еді. Газет беттерінде Жетісу облысының тыныс-тіршілігі беріліп тұрады. Әсіресе 1911 жылы болған төтенше жағдай – жер сілкінісі туралы мақалалар беріледі. Бұл мақалада Стамбулдағы шейхтардың көмек қолын созғаны туралы да айтылады. Осы басылымда 1913 жылғы 12 қазанға дейін қызмет істейді. Троицк қаласында шығып тұрған «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан Мұхамеджан Сералин бастаған қазақ зиялыларымен де Ыбырайым Жайнақов хат алысып, қазақтардың жер мәселесіне байланысты туындаған дүниелер туралы және Петербургте бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу жөніндегі ойымен бөлісіп тұрады.
1912 жылғы 21 сәуірде М.Сералиннің Ы.Жайнақовқа жолдаған хаты полиция тыңшылары арқылы мәлім болады. Соған орай, полиция департаменті М.Сералинді Жетісу өңіріндегі қазақтарды қандай да бір іс-шара төңірегіне топтастырушы деп топшалайды. Осы себепті полиция департаменті Орынбор губерниялық жандарм басқармасы мен Түркістан аудандық күзет бөліміне Мұхамеджан Сералинмен байланыс жасап тұрған Ыбырайым Жайнақов туралы мәлімет жинауды және оның соңынан қатаң бақылау орнатуды тапсырады (РФММ. 102-қ., 242-т., 74(Ч84)-іс, 12-п). Осы деректер – Ыбырайым Жайнақовтың белсенді іс-әрекеті патша өкіметі тарапынан қатаң бақылауда болғанын аңғартады.
Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығына байланысты наразылық өршіген кезде Жетісу өңіріндегі қазақ зиялыларының бірі – Ыбырайым Жайнақов та бұл – тектен-текке мыңдаған адам өліміне алып келетін қанды көтеріліс боларын түсініп, Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, т.б. қазақ зиялыларнының ұстанымын қолдап, халықтың қарулы көтеріліске шықпауын жақтаған болатын. Сондықтан Ы.Жайнақов 12-шілде күні Ыстықкөл минералды суынан оралысымен 13 шілде күні облыстың әскери губернаторы Фольбаум мырзадан «қазақтарға жоғарғы мәртебелі патша Жарлығының мағынасын халыққа түсіндіремін», деп, Верный қаласына Үлкен Алматы болыстығының басшы адамдарын шақырып, кеңес өткізуге рұқсат алады. Сөйтіп, 1916 жылғы 14-шілдеде Верный қаласындағы өз үйінің ауласында Үлкен Алматы болысына қарасты жергілікті ауыл тұрғындарының атқамінер белсенділерін жиып, мәжіліс ашып, халықтың көтеріліске шығып, жазалаушы жасақтар қолынан босқа қырылмауын, мәселені бейбіт түрде шешу қажеттілігін түсіндіреді. Бірақ жиынға қатысқан қарулы көтерілісті құптаушының бірі – Тоқаш Бокин қарсы өз пікірін айтады. Жиналғандардың біразы Тоқашты жақтап тарасады (ҚРОММ. 51-қ., 1-т., 98-іс).
Алаш қайраткерлерінің мұндай әрекеттеріне қарамастан, шілде айында басталған толқулар көп ұзамай, көтеріліске ұласты. Бұл – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің аяғы қанды қырғынға ұласып, қолға түскен көтеріліс басшылары өлім жазасына кесілді. Жазалаушы жасақтардың қысымына төтеп бере алмаған бірқатар көтерілісшілер өзге өңірлерге көшіп, босқыншылық тауқыметін тартуға мәжбүр болды. 1917 жылғы көктем айында Жетісудағы қазақтар мен қырғыздардың мүддесін қорғау мақсатында – Ыбырайым Жайнақовтың жетекшілік етуімен Верныйда Жетісу облыстық комитеті құрылады. Комитеттің төрағасы болып Ы.Жайнақов, мүшелері қатарына К.Шегіров, Ә.Кәкенов, Н.Нұрмахамедов, К.Абдуллин, К.Ордабаев Қ.Тоқсанбаев сайланады. Сол кезде Ыстық көл мен Нарын өңірінің әкімшілік жағынан Жетісу облысы құрамында болуына байланысты ондағы қырғыз ұлттық элитасының өкілдері қазақ әріптестерімен бірлесе әрекет етуге ұмтылып, Жайнақов жетекшілігімен құрылған Жетісу облыстық Қазақ комитеті қызметінің арнасына тартылады. Соған орай, Жетісу облыстық Қазақ комитеті «Қазақ-қырғыз комитеті» деп аталып, оның құрамына Пржевальск және Пішпек уездік комитеттері кірді.
1917 жылғы 12-14 сәуірде Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы Ыбырайым Жайнақовтың ұйымдастыруымен Верный қаласында Жетісу облыстық қазақ-қырғыздарының бірінші съезі өтті. Бұл съезге Жетісу облысына қарасты Верный, Жаркент, Лепсі, Қапал, Пішпек, Пржевальск уездерінен 81 делегат, соның ішінде, Пржевальск және Пішпек уезінен 17 өкіл қатысады. Алты күнге созылған съезд жұмысының күн тәртібінде: – Уақытша үкіметке, бірінші дүниежүзілік соғысқа көзқарас жайы, болашақ мемлекеттік құрылым, рухани-діни іс, баспасөз, оқу-ағарту, азық-түлік, жер-су мәселесі, мал шаруашылығы, сот, жергілікті халықты басқару, ұлт-аралық қарым-қатынасты реттеу, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстан кейін бас сауғалап, Қытайға ауып кеткен қазақ-қырғыз босқыншыларын елге қайтару секілді 17 шұғыл мәселелер қаралып, нақты шешім қабылданды.
Ыбырайым Жайнақовтың басқаруымен Жетісу облыстық Қазақ комитеті жұмыс барысында 12 сәуірдегі Жетісу облыстық қазақ-қырғыз съезінде жан-жақты талқыланып, қабылданған босқындарды орналастыру, көмек ұйымдастыру туралы шешімін жүзеге асыру үшін, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне босқындардың ауыр жағдайы туралы мәлімдеме жолдайды. Оның мәлімдемесін 1917 жылғы 18 мамырда Түркістан комитеті қарап, қазақ-қырғыздардың қайыршылық жағдайымен танысқан соң, Түркістан комитеті азық-түлік комитетінен 100 мың сом ақша бөлгізіп, ол ақшаны Жетісу облыстық комитетінің төрағасы Жайнақовтың қолына табыс ету жөнінде бұйрық шығарады. Осы қаражатты Жетісу облыстық комитеті Қытайдан оралған қазақ-қырғыздарға жәрдемақы ретінде азық-түлік беруге жұмсауды ұйғарады (ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 14- іс, 1-п.).
1917 жылғы шілде айының 21-28-де Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлауда, Жетісу облысының «Алаш партиясы блогы 57,5 пайыз дауыс алып, Жетісу облысы Алаш партиясы атынан ұсынылған Алаш қайраткерлермен бірге Ы.Жайнақов та депутаттық мандатқа ие болады (ҚРОММ. 41-қ., 1-т., 9-іс, 162-п.).
Съездің күн тәртібіне он төрт мәселе қойылды. Соның ішінде, Жетісу облысының жағдайы туралы мәселе жекеше пунктпен қаралатын болды. Съезде: бірінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан солдаттар мен орыс шаруалары өздерінің жерлерін бергісі келмеген Жетісу қазақтарын тонап, қырғынға ұшыратып жатқаны туралы айтылып, оларды қорғау мәселесі алдыңғы кезекке қойылады. Нәтижесінде, Жетісудағы осы оқиғаларға байланысты олардың іс-әрекеттеріне шек қойып, қарусыздандыруын сұрап, Әскери Ішкі істер министрлігіне жеделхат жолдау, сонымен қатар осы облыстағы «ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қырғыздарға алаштықтардың жәрдем беруін» өтіну туралы шешім қабылданады.
1917 жылғы 28-тамызда Верный қаласында өткен Жетісу облыстық қазақ съезінде орыс шаруаларының жергілікті халыққа көрсеткен жантүршігерлік қорлықтарына бей-жай қарай алмаған съезд төрағасы Ы.Жайнақовтың Министрлер төрағасының кеңесіне, ішкі істер министрлігіне, қазақ-қырғыздар мен орыс шаруаларының арасындағы қақтығыс жайында: «Жетісу облысында әлі күнге дейін орыс шаруаларының қазақ-қырғыздарды қорқытып-үркітіп, дүние мүлкін тартып алып, өлтіріп, зорлық ылаңын салуда. Жергілікті билік органдары жасаған шаралары нәтиже бермей, адам өлтіру, тонау жағдайлары күнделікті болып отыр», делінген жеделхаты съезде талқыланып, жергілікті халықты қарақшылардан қорғауға қол ұшын берулерін сұрайды.
1917 жылғы желтоқсан айының 5-13 күндері Орынборда екінші жалпықазақ съезі шақырылып, оған бүкіл облыстардың 80-ге жуық өкілдерінің қатарында – Жетісу облысынан Мұхаметжан Тынышбаев, Ыбырайым Жайнақов, Иса Тергеусізов, Сатылған Сабатаев, Мәнке Исмайлов, Садық Аманжолов, Базарбай Маметовтар қатысады. Съездің күн тәртібіндегі он мәселенің ішіндегі ең маңыздылары – Алаш автономиясын құру және оның үкіметін сайлау болды. Съезде Алашорда – Алаш автономиясының үкіметі сайланды. Осы екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, жерасты кені – «Алаш» мүлкі болсын, Алаш автономиясының низамын Бүкілресейлік құрылтай жиналысы бекітеді, қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқығы теңгеріледі және қазақ-қырғыз мүддесіне сай оқу ісі, халық соты, азық-түлік, ауылдық басқарма, милиция құру мәселелері жөнінде шешім қабылданады. Съездің 1917 жылғы 12-желтоқсанда қабылданған шешімінің 6-бабына сәйкес: «Алаш облыстарын (съезде жарияланған Алаш автономиясын) қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатында – Уақытша Ұлттық кеңес құрылып, оның аты «Алаш» болып, «Алаштың» уақытша тұратын орны Семей қаласы болып бекітіледі. Съезде көп дауыс алған Әлихан Бөкейхан төрағалыққа сайланады. Сөйтіп, съезде құрылған Алаш автономиясының үкіметі – Уақытша ұлттық кеңес, «Алаш» аталады.
Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезінен қайтысымен Ыбырайым Жайнақовтың жетекшілік етуімен 1918 жылғы 10-31 қаңтар аралығында Верный қаласында Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының екінші съезі өтеді. Осы съезде Жетісу облыстық «Алаш-Орда» қазақ кеңесі құрылды. Бұл Кеңестің төрағасы – Ыбырайым Жайнақов, ал мүшелері Сатылған Сабатаев, Иса Тергеусізов, Нүсібек Жакыпбаев, Садық Аманжолов, Базарбай Маметов, Түленбай Дүйсебаев, Біләл Сүлеев болды. Съезд облыстық Қазақ комитеті бұдан былай Жетісу облысы қазақ-қырғыздарының «Алаш кеңесі» аталсын, деген қаулы шығарады.
1918 жылғы наурыз айының 2-3-не қарай, Верный қаласында жаңа орнаған Кеңес өкіметінің басына келген большевиктер Жетісу облысының Уақытша үкімет мүшелері мен байларын және Алаш қайраткерлерін жазалау әрекетіне кірісе бастайды. Сөйтіп, 1918 жылғы наурыз айының 9-да Ыбырайым Жайнақов, Сатылған Сабатаев, Отыншы Әлжанов Жетісу облысы Уақытша үкіметінің басшысы О.А.Шкапскиймен бірлесіп, «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізген» – деген айып тағылып, қамауға алынып, бір ай шамасында тергеу жүргізіледі. Алаш қайраткерлері: Ы.Жайнақов, С.Сабатаев, О.Әлжановтарды қамаудан босатып алу үшін Төленбай Дүйсебаев бастаған Жетісу облыстық Алаш кеңесінің мүшелері Жетісудың әр түкпіріндегі Алаш азаматтары мен жергілікті халықтан қол жинап, жергілікті билік орындардың кеңсесіне күнбе-күн барып, Жетісу облыстық Алаш кеңес мүшелері мен халқы атынан жоғарғы билік орындарына хат жазып, жеделхаттар жолдайды.
Нәтижесінде, Жетісу облыстық Алаш кеңесі мен Кеңестік билік ымыраға келіп, 1918 жылғы 24-сәуірде Жетісудағы Кеңес үкіметі мен алашордашылар бейбіт келісімге қол қойып, 26 сәуірде тергеу ісі жабылады. (Алматы облысының Мемлекеттік Архиві. 348-қор, 1-т., 35-іс). Сөйтіп, Ы.Жайнақов, С.Сабатаев, О. Әлжановтар абақтыдан босап шығады.
1918 жылғы тамыз айының 10-31 аралығында Лепсі қаласында өткен жиында Жетісу облыстық қазақ комитетінің құрамы қайта сайланып, Жетісу облыстық «Алаш кеңесінің» құрамына М.Тынышпаев енгізіледі. Сөйтіп, Жетісудағы «Алаш» кеңесінің төрағасы Ыбырайым Жайнақов, ал мүшелігіне: Мұқаметжан Тынышбаев, Сатылған Сабатаев, Түленбай Дүйсебаев, Нүсіпбек Жақыпбаев, Базарбай Мамбетов, Біләл Сүлеев, Иса Тергеусізовтер сайланады. Ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты, 1918 жылғы қаңтар, мамыр және тамыз айларында Жетісу облысында Ы.Жайнақовтың төрағалық етуімен өткен Жетісу облыстық «Алаш кеңесі» съездерінде облыста басқару органдарын құру, милиция құру, ұлттық әскер жасақтау, т.б. кезек күттірмес мәселелер талқыланған болатын-ды. Алайда, 1918 жылғы наурыз айында Азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алаш үкіметін таратты.
1919 жылдың сәуір айында жаңа өкімет басына келген болшевиктер тарапынан барлық Алаш қайраткерлеріне кешірім (амнистия) жасалды. Алашорда үкіметі Кеңес өкіметімен арадағы келісімдер нәтижесінде, Алашорда үкіметінің мүшелерінің біраз бөлігі большевиктер қатарында кеңестік билік жұмыстарына тартылды, біраз алаштықтар Кеңес өкіметіне жаулық күресін жалғастырып, азаттық-ағартушылық бағытта өміршеңдік танытқан «Алаш қозғалысы» идеясын Шығыс Түркістанда өрістеуіне күш салу үшін шет елге қоныс аударады. Жетісудағы бірқатар Алаш қайраткерлері сияқты 1919 жылы Алаш қайраткерлеріне кешірім (амнистия) жасалғаны уақытша деп түсініп, түбінде жазаға ұшырауымыз мүмкін деген ойда болған Ыбырайым Жайнақов та 1920 жылы Қытай жеріндегі Шәуешек қаласына қоныс аударуды жөн көреді. Өйткені сол кезде Шәуешек – Қытай мен Ресейдің сауда порты емес, ұлт-азаттығын аңсайтын идеялардың ошағына айнала бастаған болатын-ды. Оған түрткі болған себептердің бірі – 1918 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, т.б. Алаш қайраткерлері Шәуешек қаласына барып, сондағы аз өкілдерімен кездесіп, кіші құрылтай өткізіп қайтуы, сол жақтағы қазақ қауымының көкірегіне шырақ жағып, азаттық ұрығын сеуіп кеткендей болды. Сондықтан Ы. Жайнақов 1920 жылы Верныйдан шығып, Бақты арқылы шекарадан өтіп, Шәуешек қаласына келеді. Ал 1921 жылы артынан іздеп келген отбасымен қауышып, бір жылдай Құлжа қаласына барып тұрады.
Ы.Жайнақов шет елде жүрсе де сол жақтан большевиктерге қарулы қарсылық көрсету әрекеттерін қолдайды. Сондықтан артына түсушілерден қорғану үшін 1922 жылы Көктерек қаласына қоныс аударады.
Ы.Жайнақов қазақ жерінде Жетісу облыстық комитетінің төрағалық қызметін атқару барысында 1916 жылы бас сауғалап, Қытайға ауа көшкен қазақ-қырғыздардың елге қайта оралғанда, көтерілістен көрген зардабын жою үшін ыңғайлы, қауіпсіз жерге орналастырып, түрлі көмек ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайын көтеруде зор еңбек атқарған еді. Енді, ол Қытай жерінде де 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі зорлық-зомбылыққа төзе алмай, Қытай жеріне өтіп, қайта елге кете алмай қалған босқындардың жағдайларын жасап, балаларының білім алуына мектептер және медпункт ашып, қиындықтың тауқыметін тартып, аш-жалаңаш жүргендердің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін көмек қолын созды. Сондай-ақ Ыбырайым Жайнақов 1928-1930 жылдары ірі байларды зорлықпен кәмпескелеу кезі мен жаппай ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны кезінде Кеңес өкіметінен қашып, Қытай жеріне өткен қазақтарды жұмысқа орналастырып, тұрмыс жағдайын көтеру үшін аянбай, көмек жасап, қамқорлық көрсетеді. Сол кезде ел арасына тараған «шешек» және т.б. инфекциялық ауруларға қарсы екпе егу жұмыстарын жүргізу үшін Құлжа қаласынан сывортка әкеп беріп, қазақтардың өлімнен аман қалуына септігін тигізеді. Ал туыстарының айтуынша, 1936-37 жылдары Құлжа қаласына қоныс аударады. Қайда болмасын қиындық тауқыметін тартқан босқындарға қамқоршылық көрсетіп, ұлт мүддесін қорғау жолында қажырлы еңбек сіңірген Алаш қайраткері – Ыбырайым Жайнақов қытайдың Монғол-күре ауданында басшылық қызмет атқарып жүрген кезінде 1938 жылғы 28 ақпанда тұтқындалып, Гоминдан үкіметінің түрмесіне жабылады.
Осы оқиғадан соң, отбасы қайта Көктерек қаласына қоныс аударуға мәжбүр болады. Оның отбасына ол туралы қандай да, бір мәлімет алу мүмкін болмаған. Ы.Жайнақов басында Құлжа қаласындағы абақтыға жабылып, кейін Үрімжі қаласына ауыстырылады. Сол Үрімжі түрмесінде Ыбырайым Жайнақов, Иса Тергеусізов сияқты, т.б. Алаш қайраткерлері мен қытайдағы қазақ зиялылары бірге отырғандарын айғақтайтын бірден-бірі дерек – азатшыл Таңжарық ақынның «Абақты» атты дастаны деуге болады. Өйткені 1938-39 жылдары Гоминдан үкіметінің Синьцзян (Шыңжаң) ауданының губернаторы Шән Ши Цай Сталиннің әрекетіне сай тазалау саясатын жүргізіп, Алтай, Шәуешек, Үрімжі, Баркөлдегі қазақ зиялыларына «бүлдірушілер» деген айып тағып, шетінен ұстап, абақтыға тоғытқан кезде, 1923-25 жылдары Қазақтанда оқыған кезінде, Алашорда қайраткерлерімен танысып, солардан тәлім алып, бойына идеяларын сіңірген Таңжарық Жолдыұлы да солардың қатарында тұтқындалып, Үрімжі абақтысына жабылады. Сол түрмеде қазақ зиялыларымен бірге отырып, тұтқындарға қалай қорлық көрсетіп, жан-түршігерлік азаппен өлтірілгендерін өз көзімен көрген куәгер – Жолдыбаев Таңжарық ақынның 1945 жылы Үрімжі түрмесінде жатып жазған «Абақты» дастаны арқылы Ыбырайым Жайнақов, Иса Тергеусізов, т.б. қазақ зиялыларының қалай қаза тапқаны жайлы халық арасына тарайды. Оның «түрме тарихы» атты өлеңінде Ы.Жайнақов пен И.Тергеусізовтің өлімі жайында мынандай жолдары бар:
Бұл сөзді айтып күндіз жайлап,
Жүріпті іштерімде сұмдық жайлап.
Тұрдыақын, Иса төре, Жайнақов бар,
Құлжаның қаласынан 50 адам.
Бір түнде әкетіпті бәрін айдап.
«Іледен: Сұлтан төре, Мақсұт, Тастан,
Өлтірген үшеуінде ұрып бастан.
Қожабек, Иса менен Ибыраһим (Ыбырайым),
Бұларды аяғынан дарға асқан...
Сондай-ақ Таңжарық ақын түрмеде оларды жантүршігерліктей етіп, қалай азаптап өлтіргендері туралы «Түрме халі» толғауында:
Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл айналасы.
Ішегін ит сүйрелеп өлген жанның,
Құс шоқып домаланып жатыр басы.
Келсеңдер Үрімжінің қаласына,
Көзің сал, қалтарыс сай саласына.
Ұмытпа өл-өлгенше осыны деп,
Тапсырып кет балаңның баласына… – делінген.
Таңжарықтың бұл өлең шумақтары келер ұрпаққа айтар өсиеті сынды. Кезінде, Ы.Жайнақов сияқты халқының жанына жалау болып, елімізді азаттыққа қол жеткізу мақсатында күресіп, жанын пида еткен азаматтар қаншама? Сол қазақ зиялыларының жат елде азаппен қаза тауып, сүйегінің қай жерде қалғаны белгісіз болып қалуы, тек ұрпақтарына ғана емес, қазақ елі үшін де өкінішті-ақ! (Ү.Бүркітбаева, Ж.Қарабасов. Ыбырайым Жайнақов және «Алаштың» жетісулық қайраткерлері. 148-бет. – Алматы: «Таугүл-Принт» 2020)