Александр Бублик Гонконгта чемпион атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Гонконгта өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Финалда Бублик әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған италиялық Лоренцо Музеттимен кездесіп, қарсыласын екі сетте жеңді — 7:6, 6:3. Осылайша қазақстандық спортшы турнир чемпионы атанып қана қоймай, ATP рейтингінде тарихи межеден өтті.
Жаңартылған ATP рейтингінде Александр Бублик алғаш рет топ-10 теннисшінің қатарына кіреді. Бұған дейін Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сында ешбір теннисшісі мұндай көрсеткішке жете алмаған.
Айта кетейік, Гонконгтағы турнир барысында Бублик бірнеше мықты қарсыласын жеңді. Атап айтқанда, ол нидерландтық Ботик ван де Зандсхулпты (ATP №75) — 6:3, 6:3, қытайлық Шан Цзюнчэнді (№406) — 6:1, 7:6, сондай-ақ америкалық Маркос Гиронды (№64) — 3:6, 6:4, 6:2 есебімен ұтты.
Бұған дейін Александр Бубликтің 2025 жылды рекордтық жүлде қорымен аяқтағаны хабарланған болатын. Гонконгтағы жеңіс оның кәсіби мансабындағы жаңа белеске айналып отыр.