Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:47, 05 Желтоқсан 2023

Алма Аронқызы: Назарбаевтың емес, Аронның қызымын деген әлдеқайда абыройлы

Арон Атабек
Фото: из открытых источников

– Алма, әкеңіз Арон Атабекті ақтау үшін петиция жариялағаныңызды білем. Қазір осы бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Былтыр мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және президент әкімшілігіне ашық хат жаздым. Әкемді саяси репрессияның құрбаны екенін мойындаңыздар деп өтініш білдірдім. «Шаңырақ ісін» қайта қарауды талап еттім. «Әкеңіз қамауда отырғанда ешқандайда арыз, шағым жазған жоқ. Шаңырақ ісі қайта қарауға жатпайды» деген жауап келді. Президент әкімшілігі менің талабымды ішкі істер министрлігіне, бас прокуратураға, қылмыстық-атқару жүйесіне қараңдар деп берген ғой. Үшеуінен келген жауап бірдей. Үтір, нүктесіне дейін. Менің жанайқайым президентке жетеме деген үміт болған. Сол үшін әлеуметтік желіде ойымды жария еттім. Ашық хат жаздым. Енді қазір заңгерлермен жұмыс істеп жатырмын. Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендердің құқығын қорғаған білікті маман Ғалым Нұрпейісов маған жәрдемдесіп жүр. Жуырда тағы да талап-арыз береміз. Халық менің бастамамды қолдап жатыр. Арон Атабекті тек қалаларда ғана емес, алыс аудандардағы ауыл халқы да жақсы біледі. «Әкеңіздің ақталуын тілейміз» деп жүздеген хаттар келді.

– Әкеңіздің атына «Арон Күл-Тегін» қорын құрдыңыз. Қандай жұмыстар атқарып жатсыздар?

– Бұл қордың мақсаты – ақын шығармашылығын насихаттау. «Арон Күл-Тегін» қорының жарғысында солай жазылған. Тұрмысы ауыр адамдарға көмек беруді де көздейміз. Бірақ есепшотымызда ақша жоқ. Әзірге заңгерлеріміз тегін кеңестер беруде. Әкем үйсіздер көтерілісі кезінде Шаңырақта қарапайым адамдардың құқығын қорғап шықты ғой. Сондықтан біз диссидент ақынның жолын жалғастырып жатырмыз деп ойлаймыз. Қоғамда заңға шорқақ адамдар өте көп. Бүгінгі күнге дейін заңгерлік көмек сұрап 200-ге тарта адам хабарласты. Былтыр суретшілер мен мүсіншілер байқауын өткіздік. Оған 300-ге жуық жұмыс түсті. Олардың елуін таңдап алып көрмеге қойдық. Қазылар қатарында Дәурен Қастеев, Нұрлан Меңдіқұлов, Қанат Бөкежанов сынды кәсіби мамандар қазылық етті. Қазір мүшәйра ұйымдастырып жатырмыз. Келер жылдың 31 қаңтар күні ақынның туған күнінде қорытындысы шығады.

– Әкеңіздің барлық қолжазбасы қолыңызға тиді ме? Қанша томдық еңбегі бар екен?

– Әкем түрмеден бір сөмке қытай сөмкесімен келді. Қазір жазған-сызғандарын реттеп жатырмын. Менің есебімше, барлық еңбектері жиырма томнан кем болмайды. Бостандықта жүріп бастаған «Махамбет» пьесасын түрмеде жатып аяқтаған екен. Күлтегін жазба ескерткішін аударыпты. Тәржімәні марқұм Мақсат Мұхитдинов екеуі бастаған. Олар сонау 80-жылдардан бастап Күлтегінді аударуды қолға алған екен. Әкем көне түркі тілін білген санаулы мамандардың бірі болыпты. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде білімін жетілдірген. Аспирантурада оқып жүргенде моңғолтану және тюркология кафедрасында тағлымдамадан өткен.

– Арон Атабектің диссиденттік жолдағы қайтпас қайсар мінезі елге аян. Өмірде, отбасында қандай адам болды?

– Үйде өте жұмсақ адам болатын. Мейірімін аямайтын. Маған Отанды сүюді, айналаңа махаббатпен қарауды үйретті. Барлық адамға тең қарау керек дейтін. Әйел адамның өз жұмысымен қатар үйдегі күйбің тіршілігі бітпейді ғой. Анам демалсын деп мені үнемі далаға шығарып ойнататын.

– Анаңызбен қалай танысқанын білесіз бе?

– Ортақ достарының бір сауық кешінде танысқан екен. Әкем жас кезінде романтик болыпты. Анамның жүрегін жаулау үшін өлең жазғаны былай тұрсын, түннің бір уағында терезесінің алдына келіп гитарамен ән салыпты. «Әлия менің ханшайымым» деп еркелететін. Анам банк қызметкері. Мамандығы – экономист. Қазір менің қолымда тұрады.

– Неге ата-анаңыз ажырасты?

– Біздің отбасымыздың тыныштығын саясат бұзды. Әкемді аңду, соңына түсу басталды. «Алаш» партиясын құрып, «Хақ» газетін қолға ала бастаған кезі ғой. Отбасын қатерден сақтау үшін әкем ажырасуға бекінді. Мен ол кезде сегіз жастамын. Кейін әкем Әзербайжанға саяси миграцияға кетті ғой. Қазақстанға келе алмай қалды ғой. Шешем екеуі айырыласқанымен олар достық қарым-қатынастарын сақтап қалды. Әкем үйге кез келген уақытта келе беретін. Ата-анам ажырасқанымен әкесіз өстім деп айта алмаймын. Алысқан, тартысқан, аңдысқан диссиденттік өмір жолында әкем маған уақыт тапты. Әлі есімде мені «Жерұйық» атты ұлтшылар ұйымының жиналысына апаратын.

Арон Атабек
Фото: qazweek.kz

– Диссиденттің қызы болу оңай емес дейсіз ғой.

– Әкем Ресейде, Әзербайжанда қуғында жүргенде әпкем Рәзия екеуміз қазы-қартамызды алып баратынбыз. Сонда бір сағат, қырық минутқа рейсті әдейі кешіктіретін. Негізі әкемнің саяси күресі Желтоқсан көтерілісінде басталды. Інісі Рашид Нутушев, Мақсат Мұхитдинов және композитор-диссидент Хасен Қожа-Ахмет алғашқылардың бірі болып алаңға шыққан. Бірақ олардың ұлттық бағыттағы идеялары қолдаусыз қалды. Қуғындалды. Хасен аға сотталды. Кейін алаңға шыққандар марапатталып жатқанда бұл азаматтар елеусіз қалды. 1986 жылдың қанды желтоқсаны бала болсам да есімде. Біз әкем үшін уайымдап, талай түндерді ұйқысыз өткіздік. Біз ол кезде қазіргі Назарбаев пен Шевченко көшесінің қиылысында тұратынбыз. Алматының қақ ортасы. Атам Қабыш су шаруашылығы министрлігінде бас есепші еді. Атамның уайымдағаны көз алдымда.

Қазір Назарбаевтың кезі емес. Диссидент Арон Атабектің қызымын деген ат Назарбаевтың қызымын дегеннен абыройлы. Бірақ мен әкемнің қарапайым адам сияқты өмір сүргенін қалар ем. Арамызда тірі аман-есен жүргенде ғой. «Әке, Шаңыраққа не үшін бардың? Сіз ол адамдарды танымайтын, білмейтін едіңіз ғой» дегенім бар ашынып. Әкем: Қызым, олай деме. Шаңырақтықтар менің халқым, менің қандастарым деген еді. Қазағын шексіз сүйді.

Мен өз басым ел алдына шыққанды ұната бермеймін. Тіпті әлеуметтік желілерге де жақындығым жоқ. Әкем түрмеден шыққан кезде ғана аштым. Амалсыздан. Әкемнің түрмеден қандай жағдайда шыққанын бәрі біледі. Ол кісі жаза алмайтын. Қолдарын түрмеде сындырған ғой. Сондықтан әкемнің айтқандарын фейсбукке жазып отыруға тура келді. Біз ол кісінің атынан аккаунт аштық. Марқұм фейсбукті үйренгісі келетін. Алма, адамдар мен туралы не жазып жатыр? Оқышы дейтін. Әкем дүниеден өткен соң белсенді болуға тура келді. Қазір дүние тұрлаусыз болып кетті ғой. Адамның қадірін білмейміз. Құндылықтар ауысты. Халық әкемді ұмытып кетпесе екен деймін.

Арон Атабек
Фото: Manas Kaiyrtaiuly / RFE/RL

– Жаңа бір сөзіңізде атам министрлікте қызмет етті дедіңіз. 1986 жылы ұлының алаңға шыққанын атаңыз қалай қабылдапты?

– Жоқ. Әкемді інісімен Желтоқсанда алаңға шығарған атамыздың тәрбиесі ғой. Балаларын жастайынан патриот етіп өсірген. Әкем Ресейде қалмақтардың ортасында дүниеге келген ғой. Он жасында қасына өз қатарлы балаларды жинап алып Қазақстан туралы айтады екен. Атамыз жұмыс бабымен Алматыға ауысқанда әкем Элист қаласындағы оқуын тастап, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түседі. Әкем біздің әулетте репрессияға түскен үшінші ұрпақ. Әкемнің атасы Нұтфолла аса ауқатты бай адам болған. Руы – Беріш. Қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданында мекен еткен. Совет үкіметі орнағанда барлық дүние-мүлкінен айырылған. Отбасымен Орал қаласына айдаған. Коммунистер Оралдың түрмесінде атып өлтірді. Нұтфолладан Шайқолла, Халиолла, Мәжит, Хабиболла, Разиға деген төрт ұл, бір қыз тараған. Атамның азан шақырып қойған аты Хабиболла. Үйдегілер Қабыш деп атап кеткен. Әжеміз балаларын алып Астраханьға қашқан. Жолда қызы қайтыс болады. Мәжит екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда штрафбат қатарында майданға түсіп, опат болған. Жастайынан көрмегенді көрген атам өмірдің ыстық-суығына шыңдалып өседі. Оқуда алғыр бопты. Ресейде колхоз басқарады. Сол кезде өлгелі тұрған бір малды арам қатпасын деп мұқтаж бір адамға сойғызып береді. Шолақ белсенділер үкіметтің малын талан-таражға салды деп арызданады. Содан он жылға соттап, Якутиядағы алтын шығатын кен орнына жібереді. Сөйтіп сібірде қара жұмысқа шегіледі. Сібірде небір оқымысты адамдар айдауда болды ғой. Небір ғалымдар, қаламгерлер, инженерлер мен мұғалімдер, инженерлер. Қысқасы, оқыған адамдар. Итжеккенде таңғажайып оқиға болады. Атам алтын шығатын кен орнының есепшісі болып кетеді. Түркістан легионында болған даңқты скрипкашы Әйткеш Толғанбаев, атақты барлаушы Арон Қойшыбаев та сол жерге түседі. Сонда атам ол кісілерге жәрдем берген. Аурудан емделуге қолқабыс еткен. Ол кісілермен кейін жақын араласты. 80-90 жылдарға дейін ұрпақтары да келіп атама алғыстарын айтып жүрді. Әкемді Арон деп сол Түркістан легионының барлаушысы Арон Қойшыбаевтың құрметіне қойған.

– Ақынның ақырғы күндері қалай өтті? Соңғы сөзін айтсаңыз.

– Әкемнің соңғы күндері біздің отбасымыз үшін ауыр өтті. Еркіндікте бар-жоғы сегіз апта өмір сүрді. Соның алты аптасында комада жатты. Біз-бірімізді он бес жыл көргеніміз жоқ. Сағынышымыз да басылмады, шер тарқатып сырласа да алмадық. Сап-сау адам қапастан тірі өлік боп шықты. Фашистердің концлагерінен шыққандай. Ол түрмедегі көп жылдарын жалғыз кісілік камерада өткізген. Өмірбақи сотталған адамдарға арналған арнайы мекемелерде отырды. Өз бетінше тамақ іше алмайды. Тістері түскен. Тепкілегеннен кеңірдегіне зақым тиген. Дұрыс сөйлей де алмай қалған еді. Бірде ірімшік бердім. «Қызым, мына ірімшігің неткен дәмді. Жұмақтың дәмі ғой» дейді. Келесі бөлмеге кетіп қалып еңкілдеп жыладым. Он бес жыл бойы тойып тамақ ішпеген, жылы төсекте жатпаған.

Көп адам әкеңнің жаназасын шығарып жерледі деп ренжіді. Арон тәңіршіл еді деген сөздерді көп естідім. Біз ешқашан дін тақырыбында, құдайға деген сенім жайлы сөйлесіп көрмедік. Ол әркімнің жеке шаруасы деген ұстанымда болдық. Әкем бір кезде намаз оқыған. Сосын тюркологиямен айналысып, тәңіршілдік сенім жайлы қызығушылығы пайда болды. Оның мәдениеті жайлы айта бастады. Көшпенділер өмірінің философиясы жайлы өз ойларын қағазға түсірді. Ұлы даладағы табиғатпен ете араласқан бабалардың рухына сүйсінетін. Өлер алдында кәлимәсін айтты. Мұсылман болып көз жұмды. Мен сондықтан ислам шарты бойынша қара жердің қойнына тапсырдым. Адам қанын төккен қылмыскер емес екенін айтты. Өзінің ақталуы керектігін айтты.

Арон Атабек
Фото: из открытых источников

Ақынның ақталуына үміт бар деп ойлайсыз ба?

– Әкемнің көзі тірі кезінде де талай мықты адамдар «Аронға жала жабылды» деп араша түскен болатын. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов араша түскен еді. Мен мәңгібақи Мұрат ағаға алғыс айтып өтемін. Әлеуметтік желіде көптеген адамдардан «Аронды халық ақтады, ең бастысы – сол» деген хаттар келді. Бірақ бұл маған аздық етеді. Бұл менің жеке амбициям емес, әкемнің соңғы сөзі, ақырғы аманаты. Аруағы риза болу үшін қолымнан келгенінің бәрін істеймін. Ешкім менің аузымды жаба алмайды. Заң аясында соңына дейін күресемін. Сол Шаңырақ оқиғасында қаза тапқан полицей Әсет Бейсеновтің де аруағы шын қылмыскер табылғанда тыншиды деп ойлаймын. 2006 жылдан бері қаншама уақыт өтті. Ал шын қылмыскер бостандықта жүр. Оны ұстап, жазасын беру керек. Мен тек әкем ғана ақталсын демеймін. Шаңырақ ісі қайта қаралсын деп отырмын. Құрманғазы Өтегенов, Ерқанат Тараншиев, Рүстем Тұяқовтар да ақталуы тиіс. Олар жас өмірлері жазықсыздан жазықсыз темір тордың арғы жағында өтті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қанат Тілеухан