ForteBank– банк қана емес
Forte банктің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау талабы туралы жазбасы қоғам арасында қызу талқыланды.
Кейбір компаниялар оның қызметінен бас тартты. Банкті ақтаған жалдамалы жазармандар да табыла кетті. Аталған жағдай мәселені тіпті ушықтыра түсті. Бұл туралы мына жерде жаздық. Енді Forte қандай банк, кімдер иелік етеді, бұл банктен өзге компаниялардың бас тартуы оған қалай әсер етеді деген сұрақтар төңірегінде ізденіп, Forte-ніңқандай бизнестерге қатысы барын да арнайы тексеріп көрдік.
Назарбаевтың «әмияны» иелік ететін ForteBank
Forte Bank – қазақстандық жеке банк. Бас кеңсесі Астанада орналасқан, Қазақстан бойынша 20 филиалы және 34 қала мен елді мекенде 100 бөлімшесі бар. 2023 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Forte Bank активтері бойынша 5-орында тұр. Былтырғы таза пайдасы 92,9 млрд теңге. Бұл банк әу баста «АВС Банк» АҚ деп аталды. 2015 жылдың 10 ақпанында үш банк – ForteBank, «Альянс Банк» және «Темір банк» бірікті. Оған сәйкес жаңа банк Forte барлық мүлік пен құқықты өзіне алды. Осылайша, «Альянс Банк» АҚ «Forte Bank АҚ болып өзгерді. 2016 жылы желтоқсанда «Альянс» пен «Темір банктің» қызметі ресми түрде тоқтады. Содан бері Forte Bank АҚ елімізде қаржы және басқа да салаларда табысты қызмет етіп келеді. Табысты дейтін себебіміз, АҚ құрылған 2015 жылы қаржы айналымы 322 013 752 947 теңге болған. Бұл сома 8 жылдан бері тұрақты түрде артты. Қазіргі уақытта АҚ-ның ақша айналымы 3 есе өскен. Былтыр Fitch Ratings халықаралық рейтингтерді бақылайтын агенттік те Forte Bank АҚ-ның рейтингі ұзақ уақыттан бері тұрақты екенін мәлімдеген.
Көпшілікке белгілі, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің артында ықпалды адамдар тұрады. «Форте» акциясының басым бөлігіне кәсіпкер Болат Өтемұратов иелік етеді. Ал Болат Өтемұратовты БАҚ бейресми «Назарбаевтың әмияны» деп атайды. Сондықтан бұл банктің де кімдерге тиесілі екені айтпаса да түсінікті. Болат Өтемұратов Forte Bank АҚ-дан бөлек бірнеше бизнеске иелік етеді. Оларға әзірге қысқаша шолу жасап өтейік, өйткені келесі зерттеу мақаламызда кеңінен тоқталатын боламыз.
Болат Өтемұратовтың бизнестері
Болат Өтемұратов – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «шекпенінен» шыққан, оның сенімді адамдарының бірі ретінде танылған кәсіпкер. Ол бұрын президент істерін басқарушы және Назарбаевтың кеңесшісі болса, қазір миллиардер және көпсалалы бизнестің иесі. Өтемұратов Назарбаевтың қазір де көмекшісі сияқты. Экс-президент Мәскеуге барса соның қонақ үйінде демалады, арасында оны мақтап қояды. 2015 жылы 16 қазанда Бурабай шипажайында ТМД мемлекет басшыларының кездесуі өткен кезде Болат Өтемұратовтың экс-президентпен суретке түсемін деп күлкіге қалған жайы да бар. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап, «мемға» айналған еді. Видеодан Болат Өтемұратовтың экс-президентпен селфи жасаймын дегенде, Назарбаев оның қолын қағып жіберіп, кетіп қалған сәтін көруге болады.
Ескі Қазақстан дәуірінде байыған Болат Өтемұратов биылғы Forbes әлемдік миллиардерлер тізімінде 1 238-орында тұр. Назарбаевтың «көмекшісінің» бірнеше саладағы ірі компанияларда акциялары бар. Атап айтар болсақ, оған Астана мен Венадағы Ritz-Carlton, Мәскеудегі Ritz-Carlton, Ақмола облысындағы Rixos Borovoe қонақ үйлері, Қазақстандағы Burger King фастфуд желілерінің франшизасы тиесілі. Миллиардер Narxoz University КеАҚ-на да иелік етеді. Олигархтың өз атында (Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» атты бұрынғы қайырымдылық қоры) қоры да бар, осы қор арқылы оның «Haileybury Astana School» КеАҚ мен «Haileybury Almaty» КеАҚ-да үлестері бар.
Одан бөлек, «KaR-Tel» ЖШС (Қазақстандағы Beeline байланыс операторы) 25 пайыз акциясына, RG Gold алтын өндіруші компанияның 65 пайыз акциясына, Қазақстандағы коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы жетекші компаниялардың бірі – «Global Development» акцияларына, «31» арна, Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық интернет-порталы, Video International Kazakhstan медиа-жарнама акцияларына ие.
Бұлардан бөлек, кеше басы дауға қалған Forte Bank АҚ-ның негізгі акционері.
Сонымен «Форте» деген қандай банк, қаржы айналымы қанша, кімдер иелік етеді, мемлекеттен тендерлер ала ма деген сауалдарға ретімен тоқталайық.
Forte Bank акционерлік қоғамы
Астана қаласы бойынша занды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 1999 жылы 13 шілдеде, кейіннен 2015 жылы, 10 ақпанда тіркеуден өткен.
Директоры – Пирматов Бекжан Олжаевич (бұдан кейін компанияға қатысы бар адамдар құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред).
Құрылтайшылар саны екі жүз деп көрсетілген. Бірақ негізгі акционері – Болат Өтемұратов. Бизнесмен акционерлік қоғамның 81,82 пайыз акциясына иелік етеді. Қалған акциялардың 7,5 пайызы оның ұлы Алидар Өтемұратовқа тиесілі.
2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша банктің активтері 3,6 трлн теңгені, меншікті капиталы 459 млрд теңгені құраған. KASE деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айында банк дивидендтер (түскен пайда) түрінде 49,03 млрд теңге акционерлерге төлеген. Оның 40,12 млрд-қа жуығын Болат Өтемұратов алған. Бұл соманы долларға шаққанда шамамен 90 млн болады.
Мекенжайы – Астана қаласы, Есіл ауданы, Достық көшесі 8/1.
Forte Bank дегенде біз тек қана банкті елестетеміз. АҚ банк қызметінен бөлек жылжымайтын мүлік, жер телімдері, көліктерге иелік етеді. Бұдан басқа, бірнеше компанияның жалғыз құрылтай мүшесі саналады. Оларға төменде тоқталып өтеміз.
АҚ-ның 2023 жылғы қаржы айналымы – 962 879 135 157 теңге. Төлеген салығы – 24 529 236 699 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 87 076 699 669 теңге аударған.
АҚ мемлекеттен тендер алып тұрады. Мысалы, 2017 жылдан бастап осы уақытқа дейін 283 келісімшарт алып орындаған. Оның 17-сі тікелей бір көзден алынған. Әр жылы 30-40 келісімшартты 200-300 млн теңге айналасында алып отырған.
Forte Bank акционерлік қоғамы иелік ететін компаниялар
«ОУСА Альянс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2013 жылы, 7 ақпанда тіркеуден өткен.
Директоры – Ахилбаев Ержан Булатбекович. Жалғыз құрылтайшысы – Forte Bank акционерлік қоғамы. Қаржы институттарының ақшалай делдалдық қызметімен айналысады.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесі, 88. Былтырғы ақша айналымы – 24 778 418 473 теңге.
Төлеген салығы – 472 044 326 теңге. Жалпы мемлекетке аударған қаржысы – 1 992 511 806 теңге. Мемлекеттен 9 келісімшарт алып орындаған.
ForteFinance акционерлік қоғамы
Астана қаласында 2020 жылы, 29 шілдеде тіркеуден өткен.
Директоры – Даутбаев Асыл Бахитович. Жалғыз құрылтайшысы – Forte Bank акционерлік қоғамы.
Компания алтын-валюта активтерін, бағалы қағаздармен және тауарлардың операциялары бойынша делдалдық қызметпен айналысады.
Мекенжайы – Астана қаласы, Гейдар Әлиев көшесі, 14.
Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 2 731 535 789 теңге, төлеген салығы – 42 396 346 теңге. Жалпы 179 452 772 теңге салық төлеген. 2021 жылы 10 млн-ға 1 келісімшарт алып орындаған.
«ОУСА-F» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласында алғаш рет 2015 жылы, 19 тамызда тіркеуден өткен.
Директоры – Ниеткалиева Асель Жубаткановна. Жалғыз құрылтайшысы – Forte Bank акционерлік қоғамы.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Қонаев, 32.
Компания жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы 8 812 022 555 теңге, төлеген салығы 180 млн-ға жуық. Осы уақытқа дейін мемлекетке аударған қаржысы – 1 989 616 623 теңге. Мемлекеттен жалпы 14 келісімшарт алып орындаған.
ONE Technologies жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2013 жылы, 8 сәуірде тіркеуден өткен.
Директоры – Жапаров Алмат Сейсенбаевич. Жалғыз құрылтайшысы – Forte Bank акционерлік қоғамы.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Тәжібаева көшесі, 155.
Компания бағдарламалар әзірлеумен айналысады. Былтырғы ақша айналымы – 48 886 192 105 теңге, төлеген салығы – 936 574 315 теңге. Жалпы – 3 879 948 444 теңге мемлекет қазынасына аударған. Келісімшарттары кездеспейді.
«Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы заңды тұлғаларды тіркеу басқармасында алғаш рет 2004 жылы, 2 қыркүйекте тіркеуден өткен.
Директоры – Омаров Руслан Женисович. Құрылтай қатысушылары жетеу. Соның бірі – ForteBank»акционерлік қоғамы.
Мекенжайы – Алматы қаласы Жібек жолы, 135.
Компания коллекторлық агенттіктер мен несиелік бюролардың қызметімен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 63 909 038 157 теңге. Төлеген салығы – 1 810 122 060 теңге. Жалпы салығы – 8 191 796 179 теңге. Мемлекеттен 97 келісімшарт алып орындаған.
«Қазақстанның қаржы ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі
Алғаш рет 1999 жылы, 26 шілдеде тіркелген. Директоры – Бахмутова Елена Леонидовна.
Құрылтай құрамында бес қатысушы бар. Соның бірі – Forte Bank акционерлік қоғамы.
Мекенжайы – Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 280.
Бірлестік қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 3 604 754 000 теңге. Төлеген салығы – 83 466 719 теңге. Жалпы – 767 774 366 теңге мемлекет қазынасына аударған. Мемлекеттен 5 келісімшарт алып орындаған.
Отандық компаниялар бас тартқан жағдайда Forte Bank зиян шеге ме?
ForteBank-тің жазбасынан кейін QAZBILIM GROUP-тың 8 компаниясы оның қызметінен бас тартты. QAZBILIM ұлттық лицейлерінің 8 қаладағы 420-дан астам қызметкері ForteBank-тен ай сайын 250 млн теңге жалақы алып отырған екен. Осы жағдайдан соң «Жас Алаш» тілшісі «жалпы жалақы төлегеннен банк пайда көре ме, бірнеше компания қызметінен бас тартса банк зиян шеге ме?» деген сұрақтарды еліміздегі белгілі қаржы сарапшысы Ілияс Исаевқа қойды. Сарапшының айтуынша, банктерге депозиттік пайыз мөлшерлемесі мен несие пайызының мөлшерлемесі арасындағы айырмашылықтан пайда түседі екен.
«Жалпы, банкте табыс екі түрлі болады, бірі – пайыздық табыс, екіншісі – пайызсыз табыс. Мысалы, мен бір компанияға 18 пайызбен несие беремін де халықтан 16 пайызбен депозит тартамын. Қалған 2 пайыз банктің табысы. Оны «пайыздық табыс» деп атайды. Ал пайызсыз табыс дегеніміз – банктің көрсететін қызметтері. Банктен ақша аударсаң, құжат алсаң ақша төлейсің дегендей кете береді. Сол пайда есебінен банк шығынын жабады. Оны «операциялық шығындар» деп атайды. Оған бірінші кезекте жалақы жатады. «Жалақы шығын болса не үшін компания қызметкерлерінің жалақысын төлейді?» дейсіз ғой. Бірақ кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы төлегені үшін банкке комиссия төлейді. Одан бөлек, банктің шотында үнемі ақша жатуы қажет. Қаржы тілінде мұны «өтімділік» деп атайды. Халық неғұрлым бір банкке барған сайын, одан есеп ашып, ақша аударған сайын оның өтімділігі арта түседі. Жаңа айтып өткенімдей, банк мұндай жағдайда компанияға «мен қызметкерлеріңе шот ашып бердім, менен жалақы алады, қызметімді пайдаланады, маған комиссия төле» дейді. Мұндай жағдайда кәсіпорын банкке ақша төлейді. Енді «бір білім ордасының 420 қызметкері «Фортеден» бас тартқаннан зиян бола ма?» деген сұрағыңа келейік. Әрине, банк бұдан зиян шегеді. Біріншіден, банктің комиссия түрінде түсетін қаржысы қысқарады, екіншіден, өтімділігі төмендейді. Өтімділік төмендеген сайын банк шотында ақша азаяды да, ол Ұлттық банкке тәуелді болады, одан несие алады, ақыр аяғында шығынға ұшырауы мүмкін», – дейді Ілияс Исаев.
P.S. Forte Bank жалдамалы блогерлерге ақылы пост жаздырып, құлап бара жатқан имиджін қайта тұрғызамын деп қанша әрекет жасағанымен, жекелеген адамдар күн сайын әлеуметтік желіде банктегі шоттарын жауып, депозиттерін шешіп алып жатқанын хабарлап жатыр.
Тұрсынбек БАШАР